Түнекке жағылған шырақ

507

0

Саяси қуғын-сүргін – ХХ ғасырдың басында сан жұртты сарсаңға салып, қасірет шектірген тарихтың ең азалы кезеңі. Зарлы шақтың зобалаңы тарихтың ақтаңдағы ретінде көңілден көшпей, жүректен өшпей келе жатыр.

Осы орайда репрессия құрбандарына қатысты архив деректерінің маңызы зор. Төл тарихтың ақтаңдақ беттерін анықтау, әсіресе, кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау – ұрпақ мойнындағы ұлы міндет. Бұған мемлекеттік деңгейде назар аударылып, ел көлемінде аса ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелерін зерделеу және шешу туралы» Жарлығын жүзеге асыру үшін облыс әкімі жанынан саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссия құрылған болатын. Бүгінде комиссия репрессия құрбандары туралы құжаттарды жан-жақты зерттеп, саяси баға беру бағытында зор жауапкершілікпен еңбек етіп келеді.

Облыстық мемлекеттік архив қоры бойынша құжаттар зерделеніп, өңірлік комиссияның жұмысшы тобының қарауына ұсынылған.

Атап айтқанда 1928-1933 жылдары Қызылорда қаласы Аламесек, Арал, Қазалы, Қармақшы, Қарсақпай, Шиелі, Тереңөзек аудандары бойынша тәркіленген байлар, жартылай феодалдардың (орта шаруалар) тізімі және мал саны, мал-мүлікті шаруашылықтарға бөлу, ұжымдастыру мен науқаннан қашқан байлардың тысқары жерге көшуі, сондай-ақ байларды жер аудару туралы құжаттар табылған.

Деректерде Қарақұм, Қызылқұмдағы бандылардың іс-әрекеті туралы құжаттар, Калмухамедов Шорманның әкесін жазықсыз қамауға алғаны туралы өтініші, 1933 жылғы егін шаруашылығының жағдайы баяндалған.  «Мирзоян» балалар үйіне азық-түлік көмегін бөлу туралы хабарлама, өзге өңірлерден келген көшпенділер мен панасыз балалар және оларды балалар үйіне бөлу, аштықтан қайтыс болған балалар туралы деректер бар. 1937-1944 жылдары жер аударылған халықтарды қабылдау, орналастыру және түрлі ұлт өкілдерінің саны, қуғынға ұшыраған халықтық қаржы комитетінің валюта басқармасының басшысы Георгий Фатиев жайлы, Қызылорда уезі мен қаласы аумағындағы мекемелер мен кәсіпорындардың іс-әрекетіне тексеру жүргізу құқығына рұқсат етілген куәлік те архивтен табылған. Иә, мұның барлығы – тарихты түгендеуде өте маңызды құжаттар.

Сонымен қатар, ішкі істер лагерьлерінде, колонияларында, түрмелерінде отырған және елді мекенде қуғынға түскен адамдарға қатысты істерді қайта қарау жөніндегі отырыстың хаттамалары, республиканың бұрынғы партиялық-кеңес және басқа да жетекші жұмысшыларының 1937-1938 жылы кеңестік ішкі іс-әрекеттері үшін сотталып, ақталған 398 адам мен контрреволюциялық қылмыстар үшін сотталған 238 адамның тізімі бар. Бұл құжаттардың барлығы құпиясыздандырылған және ашық қор болып саналады.

Облыстық сот қорында қуғын-сүргінге ұшыраған, РСФСР Қылмыстық Кодексі 58-бабының бірнеше тармақтары бойынша сотталған азаматтардың жеке істері де сақталыпты.

Қазір облыстық мемлекеттік архивтен 6 қордан 90-ға жуық құжат және Қоғамдық-саяси тарихы бойынша филиалынан 5 қордан 50-ге жуық, барлығы 11 қордан 140-қа жуық құжат іріктелген.

Оған қоса, ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті облыс бойынша басқармасында саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты құжаттарды айқындау жұмысы жүргізілді. Атап айтқанда, 1937-1950 жылдары Кеңес үкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізгені үшін сотталған азаматтардың (неміс, еврей, орыс, өзбек, украин, қазақ) жеке істері нақтыланып, 78 құжат алынған.

Жігер мен шыдамды қажет ететін зерттеу жұмысына республика ғалымдары да күш салған. Өңірлік комиссия мүшелері Алматы, Маңғыстау, Шымкент, Жезқазған облыстарынан, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі республикалық мемлекеттік комиссияның жұмыс тобының мүшелері Қызылорда уездік атқару комитеті (1917-1927 жж), Қызылорда округтік атқару комитеті (1928-1932 жж), Қызылорда аймақтық атқару комитеті (1928-1932 жж), Қызылорда аудандық атқару комитеті (1925-1937 жж), Қызылорда облыстық прокуратура құжаттарын айқындап, зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Облыс архивтерінде саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы материалдар қамтылған жабық қорлар жоқ. Құрбандарды ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік комиссия мүшелерінің құжаттарды қарауына архивтің оқу залында жағдай жасалған.

Ғалымдардың еңбектері мен мақалаларына архив қоры құжаттарынан қажетті ақпараттар берілуде. «Тарихи әділдікті ашып, жазықсыз құрбандарды ақтау – мемлекеттің ғана міндеті емес, бүкіл қоғамның парызы» деген болатын Мемлекет басшысы. Төл шежіредегі қайғылы кезеңдерді ұлттық бірегейлігімізден бөле-жара қарау мүмкін емес.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия жанындағы облыстық жұмысшы тобының мүшелері қатарында тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Сағат Тайман, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Айтжан Оразбақов, профессор, филология ғылымдарының кандидаты Ғабит Тұяқбаев, тарих ғылымдарының кандидаты Уалихан Ибраев, педагогика ғылымдарының магистрі Бақытжан Ахметбек, философия ғылымының докторы Дәулет Омаров, PhD доктор Талғат Жолдасұлы бар. Өз саласының білгір мамандары тағы бір мәрте бас қосып, анықтаған тың деректерін талқыға салды.

Әрбір ұйым мен мекеменің мұрасын айғақтайтын құжаттар – өңірдің тарихи қазынасы. Асыл мұраны, өткен күнді айшықтайтын құжаттарды жинақтау, сақтау және жариялау – әрқашан архив қызметінің маңызды шараларының бірі. Өткенді білуде, оның анық-қанығына көз жеткізуде нақты деректі архив құжаттары ғана дәлме-дәл дәйектейді.

– Сыр өңірінің тарихи құжаттық байлығын сақтаған қайнар көзі – архив мекемесі екені баршаңызға аян. «Архив-2025» жетіжылдық бағдарламасының жүзеге асырылуына атсалысып, отандық және шетелдік ірі архивтермен жүйелі байланыс орнатып, шығармашылық зерттеу жұмыстарын жүргізуге назар аударуымыз қажет. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін тарихымызға қатысты құжаттар жинақталды.

1937-1938 жылдары тұтқындалып, мыңдаған қазақ жазықсыз екенін дәлелдей алмай «халық жауы» деген желеумен атылып кетті. Ардақты азаматтарымызды жалпыұлттық өреде мақтан тұту, ұлттық қадір-қасиетіңді қорлайтын жаттанды жалалардан арылу үшін ұлттық тұтастыққа кепіл болатын, тарихтың қаймағын бұзбай сақтаушы, бүгінгі күннің ең қуатты тетіктерінің бірі – ғалымдардың еңбегі орасан зор, – деді облыстық мемлекеттік архивінің басшысы Ж.Әбзәлиева.

– Кеңес дәуіріндегі Қазақстандағы көші-қон үдерісінің тарихи-демографиялық қыры мәселесі бойынша құжаттардан деректер іздестіріп, былтырдан бері Қызылорда облыстық архивтерінен ашаршылық, босқыншылық тақырыптарында зерттеу жұмысын жүргіздім. Республикалық, халықаралық ғылыми конференциялар ұйымдастырып, архившілермен тығыз қарым-қатынаста болдым. Архив деректерін ғылыми айналымға енгіздім.

«Қазақстандағы XX ғасырдың 20-50 жылдарындағы жаппай қуғын-сүргін және оңалту процесі» мәліметтерінің бірыңғай базасын құру керек. Мен сол бойынша жүйелі жұмыс атқарғым келеді, – деді тарих ғылымдарының докторы, доцент Айжамал Құдайбергенова.

Тәуелсіздік жылдарында облыста орын алған маңызды оқиғаларға үңілу, туған өлке тарихының жаңа беттерін саралап, кейінгі ұрпаққа қалдыру мақсатында дерек көзі – архив қорында сақталған құжаттарға тіл бітірген біршама еңбек жарық көруде.

Архивтерде сақтаулы деректерге сүйенсек, Сыр өңіріне армяндар, күрдттер, немістер, поляктар, шешен-ингуштар көптеп жер аударылып келген. Оларды қабылдау, орналастыру, баспана, азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін штабтар құрылған.

Осы тақырыпты зерделеп жүрген ғалым Айтжан Оразбақов «Сыр өңіріне күштеп қоныс аударылған халықтар тарихы» тақырыбындағы зерттеуі арқылы құнды деректерді ұсынып келеді.

Қызылорда жерінде Алаш қайраткерлерінің, әдебиет, ғылым саласындағы зиялылардың шоғырланып, рухани құндылықтарымызды сақтап қалу жолында күрескені баршаңызға мәлім. Өңірлік комиссия және жұмысшы топ мүшелері облыс көлеміндегі қуғынға ұшыраған азаматтардың жерленген жерін анықтаудағы жұмыстарды Д.Омаров «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия жанындағы облыстық жұмысшы тобының 2022 жылғы аудандарға іс-сапарларының нәтижелері» тақырыбындағы баяндамасында айқын көрсеткен.

Алапат ашаршылық пен жоқшылықтың азабын тартқан миллиондаған адам өзгерістерге дайын болмады. Еріксіз отырықшыландыру, күшпен ұжымдастыру халықтың қарсылығын тудырып, қарулы көтерілістерге әкеп соқтырды. Шын мәнісінде бүгінгі жастар ашаршылық тарихы мен саяси құрбандарды ұмытпауы тиіс. Өткен тарихтың ақиқатын халыққа жеткізу арқылы оның сабақтарын әрқашан есте сақтауы керек. Осыған орай, «1930 жылдардағы Сыр бойындағы көтерілістер» тақырыбында Б.Ахметбек комиссия мүшелеріне тың деректерді таныстырды.

Қазақтың қаймақтарын қырып кеткен зұлмат заманның түнегіне шындықтан шырақ жақса, ғылымның жарығы түссе талай боздақ ақталар еді. Рухы нұрланып, қазақ тарихына жаңа серпіліс сыйлары хақ. Осы мақсаттың орындалуы үшін ғалымдар маңдай терін, көз майын аяп қалмайтындарын жеткізді.

Сөз соңында айта кеткеніміз жөн, 9 маусым – халықаралық архив күні келе жатыр. Мерекенін дәл осы күні белгіленуі бекер емес, себебі 1948 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен Халықаралық архивтер кеңесі құрылған болатын. Ал 2007 жылы қарашада Канаданың Квебек қаласындағы Бас ассамблеяда «9 маусым – Халықаралық архивтер күні» деп ресми түрде бекітілді.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<