Қызылорда. Қоғамдық тәртіпті сақтау және жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу үшін қалада түнгі рейдтік іс-шара ұйымдастырылды.
Рейд барысында ойын-сауық орындары мен көшелер тексеріліп, нәтижесінде түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүрген 15 жасөспірім анықталды. Оларға және ата-аналарына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тиісті шаралар қабылданды.
Экологиялық акция
Арал. Айналаның таза әрі ұқыпты болуы, қоғамдық орындарды қоқыстан арылту мақсатында ауданда апта сайын сенбіліктер ұйымдастырылып келеді.
Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев қала аумағында жүргізіліп жатқан тазалық жұмыстарымен танысып, әр аймақтағы сектор меңгерушілері мен жауапты тұлғаларға қаланың санитарлық жағдайын жақсарту бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Су торабының жұмысын көрді
Қазалы. Ауданға Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов, «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы директорының орынбасары Айдос Асанбаев, сондай-ақ «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы Зейнулла Қазтоғанов жұмыс сапарымен келді.
Арнайы делегация аудан әкімі Алмасбек Есмахановпен бірге Ә.Тыныбаев атындағы «Қазалы» су торабына барып, Сырдария өзеніне келіп жатқан суды тиімді пайдалану, оны реттеу және ауыл шаруашылығы саласына бағыттау мәселелерін талқылады.
Комиссия отырысы өтті
Қармақшы. Аудан әкімінің орынбасары Диас Асылбекұлының төрағалығымен мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның отырысы өтті.
Жиында мемлекеттік мекемелерде рәміздердің қолданылуы барысында анықталған кемшіліктер қаралды. Бекітілген күн тәртібіне сәйкес аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Нұржан Шәпидің есебі тыңдалып, мәселелер жан-жақты талқыланды.
Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі
Жалағаш. «Руханият орталығында» бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті.
Жұмыссыздықты азайту мақсатында өткен жәрмеңкеде 14 жұмыс беруші 100-ден астам бос жұмыс орнын, оның ішінде «Харвест Агро» компаниясы 87 тұрақты және маусымдық жұмыс орнын ұсынды. 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
2100 түп көшет отырғызылды
Сырдария. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында тал егілді.
Игі шараға аудан әкімі Берік Сәрменбаев, мекеме қызметкерлері, ерікті жастар және аудан тұрғындары белсенді қатысты.
Шара барысында аудан аумағында 2100 түп көшет отырғызылды.
Су үнемдеу технологиялары қарқынды дамуда
Шиелі. Ауданда биыл су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары жүйелі жүзеге асырылып, ауыл шаруашылығы саласында оң нәтижелер байқалуда.
Атап айтқанда, «Таң LTD» және «Центр Семеноводства» серіктестіктері 2000 гектар алқапқа жүгері дақылын тамшылатып және жаңбырлатып суару әдісімен егіп отыр. Аталған технологиялар суды тікелей өсімдік тамырына жеткізіп, оның ысырабын азайтады, булануды төмендетеді және өнімділікті айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.
Әскери қызмет – басты міндет
Жаңақорған. Аудан әкімінің орынбасары Бектас Нұридиновтің төрағалығымен көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны бойынша жиналыс өтті.
Онда аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімге, кент, ауылдық округ әкімдеріне және аудандық полиция бөліміне азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстарын талапқа сай ұйымдастыру тапсырылды.
Дайындаған
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»





