Түркі әлеміндегі Сыр мәдениеті

1648

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раевпен кездесті. Жиынға мәдениет саласының қызметкерлері мен «ТҮРКСОЙ» ұйымының өкілдері қатысты.

Жүздесуде облыс әкімі «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының маңызды қызметін айрықша атап өтіп, екіжақты ынтымақтастықтың маңыздылығына тереңірек тоқталды.

– Барша түркі жұртының алтын бесігі болған, алаштың анасы – Сыр еліне қош келдіңіз! Түбі бір түркі халықтарының мәдениетін дамытуда, түркі әлемінің мәдени құндылықтарын тануда, сақтап, зерттеуде, ортақ мәдени кеңістік қалыптастыруда «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының айрықша қызметін атап өткім келеді. «Қорқыт ата» энциклопедиясын дайындауға да түрткі болған осы ұйым. Осындай түркі халықтарына ортақ ұйымға Сіздің  Бас хатшы болып сайлануыңызбен құттықтаймын.

Өзіңізге белгілі, «Сыр елі  – жыр елі» атанған қасиетті өлкеміз талай дарындардың тұғыры болған, талай дауылпаз сүлейлер шыққан өңір. Абыз Қорқыттан бастау алатын жыраулық дәстүрдің мектебін қалыптастырған Шораяқтың Омары, Балқы Базар, Кете Жүсіп, Дүр Оңғар, Тұрмағамбет, Нұртуғандай дүлдүлдер дүниеге келген киелі мекен. Сырдың жыршы-жыраулары әр жылдары Жапония, Америка, Франция, Голландия, Италия, Қытай, Моңғолия, Түркия елдерінде өткен фольклорлық фестивальдар мен симпозиумдарға қатысып келеді.

2018 жылы Маврикий Республикасында өткен ЮНЕСКО-ның 13-сессиясында Қорқыт ата рухани мұралары Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы ЮНЕСКО-ның ғаламдық материалдық емес мұралар тізіміне енгізіліп, өңіріміз үшін де, еліміз үшін де ең маңызды оқиға болды.

Алдағы уақытта «ТҮРКСОЙ» ұйымымен халықаралық деңгейдегі ұлттық тағылымы мол, жаңа танымдық шаралар – тәжірибе алмасу, мамандарды тағылымдамадан өткізу, ғылыми-зерттеу, шығармашылық жобаларды бірлесіп атқару бағытында серіктестік қарым-қатынастардың нығаятынына сенімдімін, – деді облыс әкімі.

«ТҮРКСОЙ» ұйымының Бас хатшысы Сыр елі тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі бай қасиетті жер, түркі елінің рухани шаңырағы екенін айтып, алдағы жоспарлар жайында ой бөлісті.

– Қызылорда өлкесіне келгендегі басты мақсатымыз – түбі бір түркі халықтары арасында мәдени қарым-қатынасты нығайту. Осы бағытта «Қорқыт және Ұлы дала сазы» фестивалін жандандырып, Сыр елінен шыққан жырауларды түркі әлеміне таныту үшін жыраулар фестивалін өткізу жоспарда бар. Қасиетті Қызылорда аймағының бай тарихы мен мәдениетін күллі түркі әлеміне таныту қажет деп есептейміз. Өзіңіз бастаған делегацияны Түркия елінің Бурса қаласында өткізілетін ІV дүниежүзілік көшпенділер ойынына шақырамыз. Бірлескен шығармашылық жобаларды ұйымдастырып, тәжірибе алмасуға дайынбыз, – деді Сұлтан Раев. Сондай-ақ, Бас хатшы белгілі қазақ қаламгерлерінің шығармаларын түркі тілдеріне аударуда және насихаттауда нәтижелі жұмыстар атқарылып жатқанын айтып өтті. Осы келіссөздер арқылы тарихы терең Қызылорда облысы да этномәдени, фольклорлы мәдени байланыста рухани алаңға айналатындығына сенім білдірді.

Басқосуда облыс басшысы Нұрлыбек Нәлібаев пен Бас хатшы Сұлтан Раев Қызылорда облысының әкімдігі және «ТҮРКСОЙ» халықаралық түркі мәдениеті ұйымы арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<