Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі
Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған мінген ұшақ Астана әуежайына қонды, деп хабарлайды Kazinform.
Түркия делегациясының борты Түркияның алқызыл туымен безендірілген. Жақында ғана Түркия Республикасының 100 жылдығы тойланған еді.
Р. Ердоғанды салтанатты түрде қарсы алуға Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов арнайы барды. Түркия көшбасшысына қызыл шоқ гүлдер табыс етілді.
Қазақстан Премьері мен Түркия басшысы әуежайда сөйлесті және арнайы көлікпен Р. Ердоған әуежайдан шықты.
Түркия басшысы 3 қарашада елордада Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) мерейтойлық Х саммитіне қатысады. Мерейтойлық кездесуге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия көшбасшысын 16 наурызда Анкарада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті барысында шақырған болатын.
Бұл жиынға Түркі мемлекеттері ұйымына мүше Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан президенттері, сондай-ақ ТМҰ-дағы бақылаушы мемлекеттер – Мажарстан мен Түрікменстан басшылары қатысады.
Айта кетейік, 2021 жылғы 12 қарашада Ыстанбұлда өткен Түркі тілдес елдердің ынтымақтастық кеңесі саммитінде Түркі кеңесінің атауы Түркі мемлекеттерінің ұйымы болып өзгертілді.
Бұған дейін Әлихан Смайылов Астана әуежайында Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев пен Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровты қарсы алған еді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<