Президент Режеп Тайып Ердоған азаматтарға Түркияда апат аймағында салынған жаңа үйлердің кілтін табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркияның Anadolu агенттігіне сілтеме жасап.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Газиантеп провинциясының Нурдагы ауданының Белпынар ауылында, Кахраманмараш провинциясының Местхююк және Түркоғлы Өзбек ауылдарында жеке үйлердің кілтін тапсыру рәсіміне қатысты.
Президент салтанатты шараға қатысушыларды Рамазан мерекесімен құттықтады.
«6 ақпандағы жойқын жер сілкінісінен 15 күн өткен соң, жаңа үйлердің фундаменті қаланды. Апат аймағында барлығы 507 мың пәтер мен 143 мың жеке үй салынады. Олардың 319 мыңы биыл тапсырылады. 60 мыңға жуық пәтердің фундаменті қаланды. Бұл жұмыстар үздіксіз жалғасуда. Біздің міндетіміз жер сілкінісінен зардап шеккен азаматтарды мүмкіндігінше тезірек жаңа заманауи үйлерге көшіру», – деді президент.
Ол апат аймағындағы барлық қалалар мен ауылдардың инфрақұрылымы жаңартылып жатқанын атап өтті. Бұл бағытта бірнеше мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Олардың бірі фермерлерді пайызсыз несиелермен қамтамасыз етуге бағытталған.
Мемлекет басшысы Газиантепте жоспарланған 50 мың пәтерге қосымша тағы 50 мың пәтер салынатынын айтты.
Президент Ердоған жаңа үй иелеріне кілттерін табыстап, жер сілкінісінен зардап шеккен азаматтарды барлық бағытта қолдау көрсетілетінін айтты.
Айта кетейік, Түркияда әлсін-әлсін жер сілкінісі бүгінгі күнге дейін тіркеліп отыр.
Жойқын екі зілзала 6 ақпанда Түркияның Кахраманмараш провинциясында болды. Магнитудасы 7 балдан асты. Тербеліс елдің 10 провинциясында, сондай-ақ көршілес мемлекеттерде, соның ішінде Сирияда сезілді. Осы табиғи апаттан Түркияға келген шығын 105 млрд доллардан асты.
Түркияда 6 ақпан – 31 наурыз аралығында 22,5 мың жерасты дүмпуі тіркелді.
Соңғы ресми деректерге сәйкес, зілзала 50 096 адамның өмірін қиды. 107 204 адам зардап шекті.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<