Фото: astanatv.kz
Қарағандылық құтқарушы Сергей Тарынин Түркиядағы тұрғын үй қирандысынының астына еңбектеп кіріп, 24 жастағы қыз бен оның анасын аман алып шыққан. Өз міндеттерін абыроймен атқарған құтқарушылар ондағы әрбір сәттің есте қалатынын айтады. Баласын іздеп шарқ ұрған ана, туысын таппай жүрген тұрғын, жақынын жоғалтқан жан көп. Түріктер тіпті мәйітін тапса да құтқарушыларға ризашылық білдірген, деп хабарлады «Астана» телеарнасы.
Түркияның Нурдағы қаласында 6 қабатты тұрғын үй қирандыға айналған. Қарағандылық құтқарушылар зілзаладан кейін 93 сағат өткенде дәл осы жерден 24 жастағы қыз бен оның анасын аман алып шықты. Үйіндінің астынан құтқарылғандардың қуанышты жүзін алғаш көрген Сергей Тарынин ол сәттің ерекше әсерлі болғанын айтады.
«Олардың жүздерінен ерекше қуаныш байқадым. Қашан бізді құтқарады, қашан табады деп күткендері анық. Жалаңаяқ, үйдің ең астында қалған. Бірақ еш жарақаттанбапты. Түрікше «Су, су» деді, қазақ тіліне ұқсас болғандықтан, су сұрап тұрғандарын түсініп, шыққан соң ішесіздер дедім. Сыртқа хабар беріп, аяқ киім алып, аршылған тунельмен еңбектеп жол көрсеттім», – дейді құтқарушы Сергей Тарынин.
Бұдан кейін құтқарушылар тағы бір мүгедек адамды алып шыққан. Мамандар қирандыны қолмен де, инженерлік техникалық аспаптармен де аршыған. Иттер де көмектескен. Өкінішке қарай, 88 адамның мәйітін тапқан. Оның 10-ы – бала.
«Қуанышты тірі адамдар тапқаннан кейін, мәйіттер тапқаннан кейін ол қуанышты емес. Бұл сезімді айта алмаймын. Қорқыныш та бар, жылауға да болатын сезім. Бізден қайтпаса Алладан қайтсын, сіздерге көп- көп рақмет деді, бізге аудармашылар солай жеткізді», – дейді құтқарушы Айдар Шорманов.
«Әсіресе балаларды алып шыққан кезде түрік еліндегілер жылап кеткен кезде қатты көңіліме алдым. Жас балалар зілзаланың ішінде астында қалып қойған», – дейді құтқарушы Досымжан Боқаев.
Жақындарынан айырылған жандарға апаттар медицинасы орталығының мамандары емдік және психологиялық көмек көрсеткен. Төрт баланың анасы дәрігер Алмагүл Алдабекова баласының денесін іздеп шарқ ұрған ана жайлы айтып берді.
«Қиын жағдай болды, олар күтті, үміт болды. Баласы өкінішке қарай тірі болмай шықты. Бірақ анасы оған да риза болды, біздің құтқарушыларға табылғаны үшін алғыс айтты», – дейді облыстық апаттар медицинасы орталығының дәрігері Алмагүл Алдабекова.
Түркиядағы зілзаладан қаза тапқандар саны бүгінде 50 мыңнан асты. Іздеу-құтқару шаралары әлі жүріп жатыр.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<