Түсіндірме бұрышы ашылды

416

0

Мемлекет басшысы мен бизнес қауымдастығының қолдауы арқылы Салық және Кеден кодекстеріне көптеген оң өзгерістер енгізілуде. Ата Заңда көрсетілгендей, «Заңмен белгіленген салық пен алымды төлеу – әркімнің борышы мен міндеті» екенін ескерсек, оны орындаудың экономикаға оң үлесі бары баршаға белгілі.

Бүгінде бизнес пен азаматтарды қолдау жөніндегі бастамалар жетерлік. Салықтық және кедендік әкімшілікті жақсарту, оның ішінде көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылға бағытталған батыл шаралар іске асуда. Жақында ғана аймақтағы мемлекеттік кірістер департаменті мен Қызылорда қаласында орналасқан сауда үйлері, сондай-ақ базар әкімшіліктері арасында ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы меморандум қабылданды. Соның аясында орталық базарлар және ірі сауда нүктелерінде салық пен кеденге қатысты түсіндірме бұрыштары ашылуда.

– Облыс бойынша алғаш рет мемлекеттік кірістер департаменті «Aray City Mall» сауда үйі әкімшілігінің қолдауымен салық пен кеден заңнамасына енгізілген өзгертулерді насихаттау үшін арнайы бұрыш ашып отырмыз. Мұнда кез келген тұрғын қолданысқа енген қазақстандық «e-Salyq Business», «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшаларын пайдалану, онлайн-БКМ тіркеу, «Үш компонентті интеграцияланған» жүйені орнату, салық есептілігін уақытылы тапсыру, жалпыға бірдей декларация мен «Азаматтық бақылау – Түбіртекті талап ет!» акциясына да белсенді қатысуға қажетті мағлұматын ала алады. Бұл осында келетін қала қонақтары мен тұрғындар үшін істеліп отыр. Енді мемлекеттік кірістер органдарына бармай-ақ, салық пен кеденге қатысты сұрақтарға жауапты осы жерден де алуға болады, – дейді облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғалымжан Орынов.

Департамент басшысының айтуынша, осындай түсіндіру жұмыстары арқылы халық сауатын көтеріп, ондағы жауапкершілік пен қоғам мүшесі ретінде ел экономикасына, оның дамуына үлесі бар азамат екендігін ұғындыра аламыз. Басты мақсат – осы.

Айта кету керек, салық пен төлем толық әрі уақытылы жиналса, қазына қоры көбейіп, мемлекеттің өз міндеттерін толық орындауға мүмкіндігі арта түсетіні белгілі. Жиналған қаржының бірінші кезекте мұғалім мен дәрігерлердің, Отан қорғаушылардың және т.б. азаматтардың жалақысына,  бастысы өңір дамуында үлкен үлесі бары айқын.

Е.БЕКМЫРЗАҰЛЫ