Қызылордадағы «Еуразия» спорт кешенінде қоғам қайраткері, Қармақшы ауданының құрметті азаматы Болатбек Сүлейменовті еске алуға арналған дзюдодан XXI халықаралық турнир мәресіне жетті.
Турнирдің ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов сөз сөйледі:
– Бүгінгі таңда облысымызда дзюдо күресімен 4 мыңға жуық спортшы шұғылданса, ұлттық құрама сапында 40 спортшы өнер көрсетеді. Бұл спорт түрі аймағымызда қарқынды дамып, жыл сайын Қазақстан біріншіліктері, турнирлер, облыстық біріншіліктер өткізіліп келеді.
«Жақсының аты өшпейді» демекші, 21 жылдан бері өткізіліп келе жатқан дәстүрлі жарыс Болатбек Сүлейменовті еске алу болса, екінші жағынан бұқаралық спортты дамытудың ерекше тәсілі деп танимыз.
Облыста дзюдо спортының дамуына үлес қосып, жарысқа демеушілік жасап жүрген белгілі тұлғаның ұрпақтарына алғысымды білдіре отырып, туған-туыстарына мықты денсаулық, баянды бақыт, ұзақ ғұмыр тілеймін! – деді.
Мұнан соң дзюдодан Қазақстан Республикасының мемлекеттік жаттықтырушысы Жандос Қонысбаев құттықтау сөз сөйлеп, Б.Сүлейменовтің ұлы, турнирдің бас ұйымдастырушысы Сағатбек Сүлейменовке шапан жауып, облыстағы дзюдо спортының дамуына атсалысқан бірқатар жаттықтырушыларға Алғыс хат табыстады.
Болатбек Сүлейменовтің қарындасы, медицина саласының ардагері Әсия Сүлейменова дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан турнирдің өскелең ұрпақ үшін берері мол екендігін және осы турнирден түлеп ұшып, бүгінгі таңда әлемдік дәрежедегі шыңдарды бағындырған чемпиондар қатары жылдан-жылға артып отырғанын атап өтті.
Екі күнге созылған 17-19 жас аралығындағы балуандар белдесуінде алып та, шалып та жыққан небір епті өрендерді көрдік. Кезінде осы турнирден шыққан – жасөспірімдер арасында олимпиада ойындарының чемпионы, жастар арасында тұңғыш Әлем чемпионы Бауыржан Жауынтаев, Әлем чемпионы Мағжан Шамшадин, Азия чемпиондары Жақсыбек Жеңісбек, Ақерке Мырзабек, Рауан Бегалы, Азия чемпионатының үш дүркін жүлдегері Адия Сайын есімі бүгінде баршаға таныс.
Тунирге Өзбекстан мен Қырғызстаннан және өз еліміздің 17 облысынан 400-ден астам балуан қатысты. Олардың бозкілемдегі белдесуіне халықаралық дәрежедегі төрешілер – Түркістан облысынан Данияр Әйтімбетов, Маңғыстаудан Талғат Есекенов және қызылордалық Қайрат Төленов төрешілік жасады.
Мықтылар әр жерде бар. Бұл белбеулілер бәсекесінде қызылордалық ер балалар жекпе-жекте ерен қарсылас бола алды дей алмаймыз. Нұрдәулет Смедиев, Алтай Акбар секілді бұрын да көрініп жүрген жігіттер өз салмақтары бойынша екінші орынға орнықса, қыздарымыз қайсарлығынан танбай, күш атасын танымасты тағы бір дәлелдеді. 57 келі салмақ тұғырында 1-2-жүлделерді қызылордалық Дина Маханбет пен Самал Мәлікқызы иеленді. Ал, 52 келі салмақта жерлесіміз Құндыз Жылқыбай 1-жүлдені олжалады. 63 және 78 келі салмақ белдесулерінде Ақтоты Зәріп пен Әсем Аманбек екінші тұғырдан көрінді.
Өз салмақ дәрежелері бойынша Аслан Бақытжан (Ақтөбе), Нұрдәулет Бақтыбайұлы (Шымкент қаласы), Мухамедали Мовдилов (Алматы облысы), қыздар арасында Ирина Дубовская (Жетісу облысы), Қанзада Қайратова (Қарағанды облысы), Гүлнұр Баханова (Алматы қаласы) секілді палуандар күрес өнерінде әлі талай белесті бағындырып, көк туды желбіретер күш пен әдіс-тәсіл иесі екендіктерін көрсетті.
Өскелең ұрпақтың ұлттық рухын көтеретін тағылым мен тәрбие шарасына айналған бұл спорт мерекесі сөз жоқ, жастардың ұзақ уақыт есінде сақталып қана қоймай, олардың елшілдік сезімдерін еселей түсетіні анық.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<