Тұғыры биік төл теңге

527

0

Сурет ашық дереккөзден

15 қараша – төл теңгеміздің туған күні. 1993 жылы айналымға енген ұлттық валютамыз өз тарихында үш жыл қатарынан әлемдегі үздік банкнот атанды. 1998 жылдан бері 15 қараша «Ұлттық валюта – теңге күні және Қазақстан Республикасының қаржы жүйесі қызметкерлерінің мерекесі» болып белгіленген.

Осы жылдар аралығында Қазақстанның төл теңгесінің төрт сериясы, алты номиналдағы банкнот пен жеті номиналдағы монета шығарылған екен. Бүгінде елімізде  500, 1000, 2000, 5000, 10000 және 20000 теңгелік банкноттар айналымда жүр. Ал монеталар қатарында 5-10-20-50, 100 және 200 теңгеліктер бар.

Айналымға енген кезде 1 теңгеде әл Фарабидің, 3 теңгеде  Сүйінбайдың, 5 теңгеде Құрманғазының, 10 теңгеде Шоқан Уәлихановтың, 20 теңгеде  Абай Құнанбайұлының, 50 теңгеде Әбілқайыр ханның, 100 теңгеде Абылай ханның портреті бейнеленгенін ел ұмыта қойған жоқ. Алғашқыда пайдаланылған қағаз тиындардың орнына жезден жасалған 2,5,10, 20 және 50 номиналды монеталар шықты.

2006 жылы 15 қараша күні ұлттық валютамыздың жаңа дизайнмен әрленген 200, 500, 1000, 2000, 5000 және 10000 теңгелік банкноттары қолданысқа жіберілген. Дизайн мемлекеттік рәміздерді, еліміздің сәулет нысандары мен табиғи ландшафтарын бейнелей отырып, Қазақстанның осы заманғы бейнесін береді. Қолайлылық үшін номиналдарды сандық және жазбаша белгілеулер ірі қаріптермен басылған. Ал артқы бетінде сәулет ескерткіштері мен Қазақстанның әсем көріністері орналасқан.

2011 жылдан бастап ұлттық валютаның төртінші буыны қазақстандықтардың қолына түсе бастады. «Самұрық» сериясына 500, 1000, 2000, 5000, 10000 және 20000 теңгелік банкноттар кіреді. Олардың алдыңғы жағында «Қазақ елі» монументі және ұшқан көгершіндер бар. Артқы жағында суретшілер елорда, Алматы панорамасын, Ертіс өзені мен Үстіртті орналастырған.

Теңге – әлемдегі қолдан жасаудан ерекше қорғалған валюталардың бірі. Сутаңба, қауіпсіздік жіптері, мөлдір терезе, ультрафиолет қорғанысы, сериялық нөмірлер, сәйкес кескіндер сияқты 17 қорғаныс дәрежесіне ие.

Ұлттық банктің мәліметіне қарағанда, шынайы банкноттарды жалған ақшадан кез келген адам өз бетінше ажырата алады. Барлық банкнотта көру қабілеті нашар адамдарға арналған, қолмен ұстағанда жақсы білінетін шығыңқы жоғары бедерлі элемент түрінде белгілер бар. Оған қоса, түсі анық әрі айқын болуға тиіс және сутаңба мен номиналдың цифрлық бейнесін көру үшін жарыққа ұстап қараған дұрыс. Бетіндегі үзік-үзік түрінде шығатын жазбалары бар жіпке назар аудару қажет. Оны жарыққа тосып қарағанда біртұтас жіп болып анық көрінеді.

Номиналы 1000, 2000, 5000, 10 000 және 20 000 теңгелік банкноттарда түрлі-түсті бояумен салынған сурет түріндегі бейнелер бар. Банкноттың көлбеу бұрышын өзгерткен кезде бейнелердің түсі жасылдан алтын түске дейін өзгереді. Сондай-ақ барлық банкнотта бедер жасайтын арнайы баспа бар. 2022 жылғы үлгідегі номиналы 20 000 теңгеліктен жарты терезедегі голографиялық жолақты көруге болады. Жолақтың түс алмасу және динамикалық әсерлері бар.

Қолданысқа енгелі бері 30 жылдан астам уақытта төл теңгеміз тәуелсіздіктің негізгі символы болып қалыптасты. Алдағы уақытта да қаржылық тұрақтылықтың негізгі ұстыны ретіндегі рөлі айшықтала түспек.

Ақпарат көздерінен

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<