Өткен ғасырда халықтың құрметіне бөленіп, тарих жадында қалған Алаш арыстарының бірі – Сұлтанбек Қожанов. Ол 1894 жылы қасиетті Түркістан өңірінде Ақсүмбе аулында дүниеге келеді. Жастайынан оқуға ынталы, елгезек Сұлтанбек Түркістан қаласындағы орыс-түзем мектебін бітіріп, қалалық үш жылдық училищені үздік аяқтайды. 1913 жылы Ташкенттегі оқытушылар семинариясына түсіп, жастар арасында өзінің талантты ұйымдастырушылығымен ерекше көрініп, әртүрлі үйірмелердің ұйытқысы болады.
Ташкентте 1915-1916 жылдары тұңғыш ұйымдастырылған «Кеңес» деген құпия ұйымға белсене қатысып, көзге көрінген басшыларының бірі болған Сұлтанбек Қожанов «Бірлік туы» газетіне редакторлық етеді.
Түркістан Республикасының жауапты қызметтерін атқарған жылдары Сұлтанбектің халқына деген сүйіспеншілігі әу бастан байқалады. Мұндағы қызметкерлерге таратылған анкетаның ең соңғы бөліміндегі оның жауабынан көп нәрселерді аңғаруға болады. Сол графада. Сіздің қабілетіңіз қай жұмысқа тура келеді деген сұраққа Сұлтанбек: «Қазақ елінің арасында барлық жұмысты атқара аламын» деп жазған…
Сұлтанбек 1917-1918 жылдары Ташкенттегі мұғалімдер институтының студенті бола жүріп, Кеңес өкіметінің бастауыш мектебінің бірқатар жұмыстарын атқарып шыңдалады. Түркістан қаласында халық ағарту бөлімінің инспекторы, Ташкентте қазақ педучилищесінде істеп жүргенде мұғалім кадрларды тәрбиелеуге жан-жақты атсалысады. Жергілікті халықтың білімін көтеруге, оларды аштық қыспағынан аман сақтап қалуға тікелей ықпал етеді.
Әсіресе 1918 жылы Түркістан өлкесінде Тұрар Рысқұлов басқарған аштыққа қарсы күрес комиссиясының құрамында үлкен жұмыстар тындырады..
Ол 1920 жылғы қыркүйекте Түркістан Орталық Атқару Комитеті Президумының мүшелігіне сайланады. Осы өлкенің ішкі істер халық комиссары болып тағайындалады. Ол мемлекет қайраткері ретінде үкімет органдарындағы көкейтесті мәселелерді дер кезінде әділетті әрі жедел шешуге ұмтылатын. Сол кезде ел арасында кең жайыла бастаған «Соғыс Коммунизмі» саясатының белең алуына шек қойғызады.
Түркістан өлкесіндегі жергілікті халықтардың әл-ауқатын жақсарту туралы мәселелерді күн тәртібіне қояды. Ферғана, Шымкент, Әулиеата сияқты қалаларда өткізілген жиындарда кедей шаруалардың «Косшы» ұйымына бірігіп, егіншілік саласындағы жұмыстарды өркендету жолдарын ұсынады, оның нәтижелеріне жан-жақты көңіл бөледі.
С.Қожановтың мемлекет қайраткері ретінде 1920-24 жылдардағы қызметтерінің бірі – елдегі сауатсыздықты жою, мектепке мұғалім дайындау мәселесі болды. Ол өзінің оқу-ағарту саласындағы мол тәжрибесіне сүйене келе, Ташкенттегі халық ағарту институтын ашуға атсалысады. Оқытушы кадрлар құрамын көбейтуге тікелей басшылық етеді. 1920-1921 оқу жылдарында оның табандылығы мен талап етуінің нәтижесінде өлкенің жалпы бюджетінің 20% халық ағарту саласына бөліннеді.
Көп жылдар бойы «Ақ жол» газетінің редакторы, қызметінде жүріп, «Шопан» журналында бірнеше өлеңдері мен мақалалары жарияланады. Оның мектеп оқушыларына арналған «Есептану құралы» оқулық ретінде баспадан шығарады.
1922-1924 жылдары С.Қожанов Түркістан жер шаруашылығы халық комиссары лауазымында жұмыс істейді. Ол кезде Мырзашөлді суландыру, Шыршық, Ангрен, Келес алқаптарындағы су жүйелерін реттеу арқылы ауыл шаруашылық өнімдерін арттыру мәселесіне басшылық жасайды.
С.Қожанов 1920-1924 жылдары Түркістан Республикалық Кеңестері мен Түркістан коммунистік партиясының V-VІІІ съездеріне XIII съезіне делегат болып қатысты. Түркістан Орталық Атқару Комитеті төрағасының орынбасары, соңынан біраз уақыт төрағасы болып қызмет етті. 1924 жылдың соңына дейін Қазақ Өлкелік Комитетінің хатшысы Қазақ Орталық Атқару комитетінің мүшесі болып жұмыс істейді.
Бұрынғы Ақмешітті Қызылорда деп атап, Қазақстанның астанасына айналдырды. Сан ғасырлық қазақ деген өз атын әперіп, Қазақ АКСР-нің іргетасын қалады. Алайда оның туған еліне аянбай жұмыс істеуіне тосқауыл жасауда оның таусылмас талантына бұғау салуда Голощекиннің арам пиғылы мемлекет қайраткерлеріне кері әсер етеді. Орталықтан жіберілген өкіл Қазақстан өлкелік партия ұйымының хатшысы болып келген күннен бастап жергілікті азаматтарды қоғам қайраткерлерін шеттете бастайды. Екеуінің арасындағы әртүрлі сәйкессіздіктер нәтижесінде Сұлтанбекті Мәскеуге шақыртып, Орталық Комитеттің аппаратына жауапты нұсқаушы қызметіне орналастырады.
1928-1929 жылдары С.Қожанов Ташкентке жұмысқа жіберіледі. С.Қожанов бұл жерде Орта Азия бойынша Техникалық оқу орнын ұйымдастырушылардың бірі болады. 1929 жылдың 10 қазан күні Орта Азия экономикалық Кеңесінің №157 қаулысымен Орта Азия мақта, ирригация, политехника институтының ректоры болып тағайындалады.
Жергілікті кадрларды көбейтудің жолдарын қарастырумен бірге, оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға белсенділік танытып, жастардың Ташкент, Алматы, Самарқанд, Душанбе, Бишкек, Ашхабад, Баку қалаларында оқуына жағдай жасайды.
1931-1932 жылдары С.Қожанов Орта Азия мақта шаруашылығының бастығы, 1932-1933 жылдары Мәскеуде Орталық Комитетінде «Союззготохлопок» меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарады.
1933-1934 жылдары Орталық бақылау комиссиясының мақта жөніндегі бақылаушы жұмыстарын атқарады. 1934-1937 жылдары Ташкентте ҚСРО егіншілік халық комиссариятының Орта Азия республикалары бойынша өкілі, Кеңестің Бақылау Комиссиясының Өзбекстан өкілінің орынбасары лауазымдарында қызмет істейді.
С.Қожанов сол жылдары бірқатар ғылыми еңбектер жазып, ел жұрттың құрметіне бөленеді.
С.Қожанов 1937 жылдың 16 шілдесінде «халық жауы» деп ұсталып, 1938 жылдың 8 ақпанында әскери коллегияның үкімімен 44 жасында атылады.
Кейін 1957 жылы 5 шілдеде Сұлтанбек Қожановтың аты, қызметі ақталып, бүкіл еңбегі жарыққа шықты.
Г.ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ,
Ақмешіт музейінің қызметкері.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<