Тұлға тұғыры аласармайды

2537

0

Туған жерінің экономикалық-әлеуметтік дамуына үделі үлес қосқан құрметті азаматтардың бірі, елдің бірлігі мен ынтымағын арттыруға  күш-жігерін арнаған тұлға Болатбек Сүлейменов Қармақшы өңіріне ғана емес, Сыр еліне қадірлі есім. Ол көп жыл туған жерінде шаруашылық басқарып, партия-кеңес қызметтерін атқарды. Қызметіндегі толайым табыстары үшін «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Өткен аптаның 12-13 қазанында Қызылорда қаласындағы «Еуразия» спорт кешенінде дзюдодан 2004-2006 жылы туған жастар арасында қоғам қайраткері, Қармақшы ауданының Құрметті азаматы Болатбек Сүлейменовті еске алуға арналған дәстүрлі халықаралық турнир болып өтті.

Биыл 23-рет жалау көтерген жарысқа Өзбекстаннан және еліміздің он үш аймағынан 230-ға жуық спортшы қатысты.

Жарыстың ашылу салтанатында облыстық денешынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының орынбасары Жігер Айекешов, дзюдо күресінен ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ишанбек Жұмабаев және Дина Исмайлова сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Татами тартысында өзбек палуандары мен алматылықтар алдыға түсті. Олар бірнеше салмақ дәрежесінде озық болды. Ал, жерлестеріміздің жайына келсек, қыздар арасындағы күрес белсенді көрінді. 48 келі салмақта С.Иманәлиева, 63 келіде Ж.Жайсаңбай 2-орын алса, 70, 78 келі салмақтарда А.Аппазқожа мен К.Бақытбек 1-орын иеленді. Сонымен бірге, А.Молдашбек, Ж.Құрманбаева секілді палуан қыздар да үштік ішінде болды.

Жастарды салауатты өмір салтына тәрбиелеуге, денсаулық кепілі спортты дамытуға ден қойып, белсенді атсалысып отырған Болатбек Сүлейменовтің баласы Сағатбек Сүлейменовтің еңбегі ерекше. Перзент бойындағы әке рухына деген құрмет пен ерен елшілдік сезім тұлға тұғырының аласармайтынына дәлел, азаматтың осы игі ісі әрқашан көпшілік алғысына бөленіп келеді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<