Кейбір адамдар салқын тигізіп, қайта-қайта түшкіреді де, оған өздері «тұмаумын» деп диагноз қойып алады. Сөйтіп, мұрны бітіп, көзі жасаурап, жұмысынан қалмай, жан-жағына жұқтырып жүре береді. Оның үстіне қыс айларында суық тиген адам саны да күрт көбейетіні мәлім. Бұл кезде тыныс алу жолдарын қабындыратын жедел респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) көп таралатыны белгілі.
Себебі, ауа арқылы тарайтын инфекция түшкіргенде, жөтелгенде бірінен екіншісіне тез жұғады.
Қазақстанда жыл сайын эпидемиологиялық кезеңде, яғни, қыс айларында 800 мыңнан 1 миллионға дейін адам тұмаумен ауырады. Оған «жеңіл өтетін ауру ғой» деп немқұрайлы қарайтындар да кездеседі, адам ағзасының басқа органдарына әсер етіп, қауіпті асқынуларға ұшырататынын біле бермейді.
Тұмау – ұжымдық ауру, сондықтан ауырған адам айналасындағыларға (үйде, жұмыста, көлікте, қөпшілік орнындарда) жұқтырады. Бұл аурудың қыс айларында кең етек жаюы адамдардың жұмыс орындарда, балалардың мектептерде, балабақшаларда және қоғамдық көлікте тығыз байланыста және өте белсенді болуымен түсіндіріледі.
Тұмау вирусы ауадағы белсенділігін төрт сағатқа дейін сақтайды. Сонымен қатар, оның көбеюіне ыңғайлы температура – бұл адам денесінің температурасы. Сілекей мен қақырық тамшыларында болатын тұмау вирусы төсек-орынға, жұмыс үстеліне және басқа да заттарға сіңгеннен кейін белсенділігін екі аптаға жуық, ал бөлме шаңында бес аптаға дейін сақтайды. Барлық дезинфекциялаушы құралдар тұмау вирусын тез жояды және осы құралдарды қолданып, стандартты ылғалды тазалау – үй-жайларды зарарсыздандырудың тиімді тәсілі. Бөлмелерді жиі желдетіп тұруды да ұмытпаған жөн. Жоғарғы тыныс жолдарына түскен кезде вирус жасушалардың қабықшаларын зақымдап, оның ішіне кіреді де, тез көбейеді. Жұқтырылғаннан кейін алғашқы тәуліктердің аяғына қарай бір вирус ондаған триллионнан аса вирустық бөлшекті түзеді. Көбейген вирустар жоғарғы тыныс алу жолдарынан шыққаннан кейін жасушалар бұзылады.
Тұмаудың негізгі белгілері – мұрынның бітелуі,тамақтың жыбырлауы, әлсіздік, дене қызуының 40 градусқа дейін көтерілуі, қалтырау, көз қарығу, буынның және бұлшық еттің, бастың және тамақтың ауыруы және жөтелу. Жасушалардан шыққаннан кейін кейбір вирустар қанға өтеді және қанмен бірге ары қарай бүкіл организмге таралады. Сол кезде қан тамырларын, ішкі органдарды зақымдайды. Қан тамырларының өте анық байқалатын өзгерістері өкпеде және мида байқалады. Адам ағзасының иммунитетін төмендетеді. Инкубациялық кезең бірнеше сағаттан бастап 2-3 күнге дейін созылады. Тұмаудың жеңіл түрімен ауыру ұзақтығы – бір апта. Асқынуға құлақ, тамақ, мұрын аурулары, жүйке жүйесіне байланысты асқынулар, сондай-ақ созылмалы аурулардың – жүрек-қан-тамыр, өкпе, бронх, қант диабеті және эндокриндік жүйенің басқа да ауруларының өршуі жатады. Екі жасқа дейінгі балаларда, созылмалы аурулары бар және жасы үлкен адамдарда ауыр өтеді.
Егер сізге салқын тиіп, бұлшық етіңіз ауырып, көзіңіз қызарып, мұрныңыздан су ақса, оқшауланып, төсектен тұрмауыңыз керек. Лимон, таңқурай, бал қосылған шай, минералды су, итмұрын тұнбасы секілді сұйықты көп ішіп, үйіңізге дәрігер шақыртыңыз.
Тұмауды елемеуге болмайды. Себебі, ол тыныс алу жолдарын зақымдайтын асқынулармен қауіпті. Оларға бронхиттер, фарингиттер, пневмония жатады. Бұлар, әсіресе, жас сәбилерде, қарт адамдарда және жүкті әйелдерде жиі кездеседі. Аллергияға бейім адамдарға асқынулар зардабын тигізбей қоймайды. Өйткені, қолқа демікпесіне айналып кетуі мүмкін. Бактериялық флора қосылған жағдайда, созылмалы пиелонефрит және басқа созылмалы аурулардың ошақтары асқына түсуі ықтимал. Бұл қауіпті асқынуларға жол бермес үшін уақытында медициналық жәрдем алу өте маңызды. Тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекцияны жүрдім-бардым емдеп жүре беру жас сәбилер мен қарт адамдардың денсаулығына нұқсан келтіруі әбден мүмкін. Сондықтан оған немқұрайлы қарамай, дер кезінде дәрігерге көрініп, тиісті ем қабылдаған жөн.
Тұмаудың алдын алу үшін әрқашан жеке бас гигиенасын сақтап, бөлмені әлсін-әлсін желдетіп, беторамалды жиі ауыстырып, таза ауада көп болу қажет. Ең дұрысы, құнарлы тамақтанып, денені шынықтырып, мықты иммунитетті бала кезден қалыптастырған дұрыс.
Ақкеңіс БЕКБАТЫРОВА,
Қазалы көпбейінді орталық ауруханасының мейіргері
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<