Тұрақты жұмыс орындары ашылады

406

0

Былтыр өңірде өнеркәсіп кәсіпорындары 1023,9 млрд теңгенің өнімін өндірді.  Бұл 2022 жылмен  салыстырғанда 3,6 пайыз артқан. Ал өңдеу өнеркәсібінде 307,8 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 33,5 пайыз артығымен орындалып отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Қамбарбек Мүбараков айтты.

− Өткен жылы облыста әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі макрокөрсеткіштері бойынша өсімнің оң динамикасы қалыптасты. Мәселен резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру 17,9, бейметалл минералдық өнімдерді өндіру 46,6, металлургия өндірісі 68,2, машиналар мен жабдықтарды жөндеу және орнату 24,4 пайызға артты. Есепті кезеңде өңір экономикасына 486,5 млрд теңге инвестиция салынды. Сонымен бірге 183,5 млрд теңгеге құрылыс жұмыстары орындалып, 740,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, − деді басқарма басшысы.

Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында облыста жұмыс орындары құрылатын  жобалар іске асырылған. Сондай-ақ ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 224 млрд  теңгені құрады. Оның ішінде егін шаруашылығының жалпы көлемі 141,7 млрд теңге, мал шаруашылығы 77,7 млрд теңге.

Бұдан басқа өткен жылдың 3- тоқсанында жұмыссыздық деңгейі 4,8% көрсетті. Биыл 33559 жаңа жұмыс орны құрылса, оның 16184-і тұрақты жұмыс орны болмақ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<