Қазақ халқының ұлы перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловқа арналған «Қызыл жебе» атты тарихи сериал түсіріліп бітті, деп жазады Egemen.kz.
Фильмде 20-шы ғасырдың басындағы Патшалық ресейден кеткеннен кейінгі қазақ мемлекетінің қалыптасу кезеңі баяндалады. Фильмнің бас продюсері Ілияс Ысқақов мақсатымыз сол кездегі қазақ зиялыларының ел ертеңі үшін атқарған еңбектерін бүгінгі ұрпаққа жеткізу болды дейді.
«Сол кезде Түркістан республикасын және Алашорда мемлекетін құру деген мәселелер көтерілді. Сол кездегі Тұрар мен алашордалықтар арасындағы келіспеушіліктер де осы фильмде айтылады. Дегенмен негізгі идея Рысқұловты сол кездегі ұлт жанашырларынан бөліп-жару емес, барлығының ойы қазақ елін қалай жеке мемлекет етеміз дегендерін көрсету болды. Алашорда, Түркістан республикасы боламыз дегендердің барлығы қазақтың болашағын, ертеңін ойлады. Жер тұтастығын сақтап қалу болды, міне сол жолдағы қиян-кескі күресін көрсеткіміз келді», дейді ол.
Сонымен қатар ол Тұрар Рысқұлов жайлы бұған дейін айтылмай келген біраз тың дүниелер осы фильмде көрсетілетінін жеткізді. Әсіресе, Түркістан мемлекетін құру жолында Тұрардың Мұхамеджан Тынышбав, Мұстафа Шоқаймен кездескен сәтеттері фильмде көрсетіледі.
Сценарий Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» шығармасы желісімен жазылған.
Фильмде Тұрар Рысқұловтың рөлін – Сырым Қашқабаев, әкесі Рысқұлды – Еркебұлан Дайыров, Шерхан Мұртазаны – Алдабек Шалбаев ойнайды. Жобаның жетекшісі, идея авторы – Нұржан Жалауқызы.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысымен түсірілген аталған фильм қазан айының 11-нен бастап «Almaty» телеарнасынан көрсетіледі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<