Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудегі мәселелер жан-жақты талқыланды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жиында қала аумағындағы тұрғын үй құрылысының қарқыны, кезекте тұрған азаматтардың жағдайы, тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту мәселелері қаралды.
Аймақ басшысы тұрғын үйлерді белгіленген мерзімде әрі сапалы етіп салуды, мердігер мекемелер жұмысын тұрақты бақылауды міндеттеді. Сондай-ақ үй кезегінде тұрған азаматтардың деректерін нақтылап, ашықтықты қамтамасыз ету, әлеуметтік жағынан осал топтарға басымдық беру қажеттігін атап өтті. Инженерлік-коммуникациялық желілерді уақытылы жүргізуді, жаңа тұрғын үйлерді пайдалануға беру мерзімін кешіктірмеуді қатаң тапсырды.
– Құрылыс жұмыстары жоспар бойынша жүруі керек. Барлық жоба белгіленген мерзімде аяқталып, қаражат мақсатты жұмсалуы тиіс, – деді облыс әкімі.
Еске салайық, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 8 мыңға жуық пәтер, кейінгі 3 жылда барлық ауданда алғаш рет жаңадан 1800-ге жуық пәтер табысталды. Өткен жылы 2477 пәтерлік тұрғын үй салуға бюджеттен 36 млрд теңге қаралса, биыл кезекте тұрған азаматтарға 2400 пәтер табыстау үшін 55 млрд 600 млн теңге жоспарланған.
Кейінгі жылдары қаламызда заманауи жаңа дизайнмен жеті, тоғыз және он екі қабатты тұрғын үйлер бой көтеруде.
«СБ» ақпарат





