Тұрғын үйлердің құрылысын көрді

503

0

Баспана қалың көпшіліктің тұрмыстық қажеттіліктерінің ең негізгісі болғандықтан, елімізде тұрғын үйге мұқтаж жандарды қамтамасыз етуге баса мән беріліп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтың басым көпшілігі үшін тұрғын үй – ең өзекті мәселе. Мемлекет шын мұқтаж адамдарға ғана жәрдем береді» деген болатын.

Осы орайда «AMANAT» партиясы өткен жылы облыста партияның сайлауалды бағдарламасы аясында халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 1302 пәтер сатып алуды жоспарлаған болатын. Оның 400-і аудандарға тиесілі. Бүгінгі күнге оның 1301 пәтері сатып алынып, тұрғындарға берілуде.

Кеше Шиелі ауданында жұмыс сапарымен болған ҚР Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов пен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Ергешбаев өткен жылдың аяғында пайдалануға берілген кенттегі әрқайсысы 18 пәтерден тұратын 4 тұрғын үйдің құрылысын көрді.

Шиелі ауданында пайдалануға берілген үй көлемі жыл сайын артуда. Тамыз айында «Көкшоқы» мөлтек ауданынан үш қабатты 18 пәтерлі 4 тұрғын үй беріліп, 70-тен аса отбасы, Шиеліде 50 отбасы баспаналы болды.

Айта кетейік, аймақта тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші жыл өткен сайын артып келеді. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында былтыр 683, 2 мың шаршы метр тұрғын үй берілсе, өткен жылы 692,3 мың шаршы метр баспана табыстау көзделді. Арнайы қабылданған «Сыр жастары» бағдарламасы аясында облыста алғаш рет 100 жас отбасыға тұрғын үй беріледі.

Тұрғыны үй үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желілерінің 72 жобасы жүзеге асырылуда. Өткен жылы 41 жобаның құрылысы аяқталып, 520,3 шақырым  инженерлік желілер жүргізілді. 18 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.