Қазақстанда сайлау учаскесі ашыла салысымен дауыс беру дәстүрі қалыптасқан. Мұндай белсенді азаматтарға естелік сыйлықтар беріледі. Биылғы сайлауда да бұл үрдіс сақталды. Сайлау учаскелерінің жұмысы басталмай жатып-ақ кіреберісте адамдар кезекке тұрды.
Қалыптасқан дәстүр қаладағы Б.Ермекбаев атындағы №271 орта мектепте орналасқан №358 сайлау учаскесінде де орын алды. Таңғы сағат 7:00-де басталған дауыс беру науқанында тұрғындар белсенділік танытты.
– Біздің учаскенің жұмысы басталғаннан кейін тұрғындар ағылып келе бастады. Олар өз таңдауын жасап, учаске жұмысына сәттілік тіледі. Одан бөлек ең үлкен, ең жас сайлаушыларымыз да келіп, таңдау жасады. Қариялар бата берді, – деді сайлау учаскесінің төрағасы Шара Рахменова.
Аталған сайлау учаскесіне алғашқы болып Ғани Әбенов есімді азамат келді. Ол бірінші болып дауыс беріп, арнайы сыйлыққа ие болды.
– Сайлауға келіп дауыс беру – әр адамның азаматтық борышы. Мен үшін сайлау – дамудың тұрақтылығы. Бұл сайлауда әрбір азамат ел ертеңі үшін дауыс беруі керек. Сондықтан барша сайлаушыларды дауыс беру науқанында белсенді болуға шақырамын, – деді ол.
Кезектен тыс сайлауға аталған мектептің ата-аналар комитетінің төрағасы Қуандық Ахметов те келіп, өз таңдауын жасады. Одан соң қала тұрғыны Мұрат Батырбеков отбасымен келіп, дауыс берді. Оның айтуынша дауыс беру науқанына қатысу өз отбасы үшін маңызды.
Ал, қала тұрғыны Нұржан Жүрсінбай – сайлауға алғаш рет қатысқан жас сайлаушы. Сайлауға бірінші рет қатысқаны үшін учаске төрағасы Шара Рахменова оған сыйлық табыстады.
– Кәмелет жасқа толып, сайлауда өз таңдауымды жасадым. Шынымды айтсам ерекше сезім екен. Ел экономикасының дамуы жолында мен де дауыс бергенім үшін қуаныштымын, – деді ол.
Мұнан бөлек аталған сайлау учаскесінде арнайы көрме ұйымдастырылды. Байқаушылар дауыс беру жұмысы сайлау тәртібіне сай орындалып жатқанын жеткізді. Тұрғындарды жылы қарсы алған учаске жұмысы жүйелі жүргізілді.
№358 сайлау учаскесіне 2577 сайлаушы тіркелген. Оның ішінде сайлауға 62,4%-ы қатысқан. Осылайша аталған учаскеде дауыс бергендер саны 1608 адамды құрады.
Аружан ЕРАЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<