Қала әкімі Асылбек Шәменов «Сәулет», «КБИ», «Мерей» шағын аудандарының халқымен кездесіп, қалада атқарылған жұмыстар барысын айтып, алдағы жоспарын бөлісті.
– Барлық көрсеткіштер бойынша біз жақсы нәтижелерге қол жеткізудеміз. Мұның барлығы сіздердің қолдауларыңызбен жүзеге асырылуда. Әрине, әлі шешуді талап ететін мәселелер аз емес», – деді қала әкімі.
Кездесуге келген тұрғындар көкейде жүрген мәселелерін айтып, тезірек шешілу жолдары қарастырылса деген ұсыныстарын жеткізді.
Семсер сөздің зергері
Қалалық №1 кітапхананың ұйымдастыруымен №260 мектепте Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына орай «Мағжанды оқысаң, сөз маржанын тергенің» атты әдеби кеш өтті.
Шарада ақынның өмірі мен шығармашылығы таныстырылып, оқушылар «Мен жастарға сенемін», «Өнер-білім қайтсе табылар», «Толған ай» ,«Қазағым», тағы басқа өлеңдерін оқыды. Шара соңында «Семсер сөздің зергері» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, оған Мағжан еңбектері, өмірбаяны және ол туралы ақын-жазушылардың естеліктері, арнаулары қойылып, библиографиялық шолу жасалды.
Мектеп бітірушілерге аттестат тапсырылды
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейде өткен аттестат тапсыру шарасына қатысып, түлектерді құттықтады.
Мұхтар Әуесұлы білім ордасын үздік бітірген түлектерге «Алтын белгі» мен «Үздік аттестат» табыстады.
Биыл ауданда мектеп бітірген 800 түлектің 57-сі – «Алтын белгі», 76-сы – «Үздік аттестат» иегері. Ал Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейден 13 түлек «Алтын белгі» және 16 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанған.
Жөндеу жұмыстарына бақылау жоғары
Облыстық бақылау жөніндегі басқарма басшысы Ғанижан Піртазаұлы ауданға жұмыс сапарымен келді.
Басқарма басшысы аудан әкімі Жандос Еркінбекпен және бір топ қоғам белсенділері, аудандық мәслихат төрағасы, мәслихат депутаттарымен бірге облыстық маңыздағы «Жосалы-Жалағаш» автомобиль жолының бойындағы су басу салдарынан зақымданған көпір мен су өткеліне жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарын бақылады.
Қазіргі таңда көпірді жөндеуден өткізуге облыстық бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Аудан әкімі ауылдарды аралады
Аудан әкімі Асқарбек Есжановтың ауылдарға сапары «Қаракеткен», М.Шәменов, Бұқарбай батыр, «Таң» ауылдық округтерінде жалғасты.
Ауыл тұрғындары тарапынан, аяқсу, базардағы баға тұрақтылығы, «көгілдір отын» және жайылымдық жерлер турасында мәселе қозғады.
«Қаракеткен» ауылдық округіндегі дәрігерлік емханаға 2023 жылы жедел-жәрдем көлігі берілген. құны 85,5 млн теңгеге елді мекеннің электр желілерін жаңарту жұмыстары басталып, қазіргі уақытта электр бағаналары орнатылуда.
Жылжымалы жәрмеңке
«TULGA BOL» жастарды әлеуметтендіруге бағытталған жылжымалы жәрмеңкесі ауданда өз жұмысын бастайды.
Мұнда жастар аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушевтің жеке қабылдауында болып, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі «Мүмкіндіктер алаңына», «Кітап сыйла» акциясына қатысады. «Дәрігер қабылдауы» жылжымалы медициналық бекеті,
«Өз құқығыңды біл» акциясы ұйымдастырылып, спорттық ойындарда өзін көрсетуге жан-жақты мүмкіндік алады. Сондай-ақ, сала мамандарына сұрақтар беріп, толғандырған мәселелер бойынша кеңес алады.
«Мың алғыс саған, дәрігер!»
Б.Қабылұлы атындағы Шиелі аудандық мәдениет үйінде «Мың алғыс саған, дәрігер!» атты медицина саласының қызметкерлері мен ардагерлері құрметіне арналған салтанатты кеш өтті.
Салтанатты кеште аудан әкімі Нұржан Ахатов сөз алып, медицина қызметкерлерін мерекемен құттықтап, аудан медицинасының дамуына үлес қосып жүрген сала қызметкерлерін марапаттады.
Мұнан соң Нұржан Сәбитұлы талай жыл табысты еңбек етіп, бүгінде бейнеттің зейнетін көріп отырған Болат Күлімбетовке Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» атағын тапсырды. Сондай-ақ, бірқатар азаматтарға алғыс хаттар мен төсбелгілер табыстады.
«Білгеніңді бөліс»
Жаңақорған аудандық қоғамдық даму бөлімі Жастар ресурстық орталығының бастамасымен «Білгеніңді бөліс» жобасы биыл да жалғасады.
Онда бейресми білім беру, кәсіпке баулу бойынша мастер-кластар мен семинар-тренингтер өтетін болады. Бұл жобаға ауданның барша жастары қатыса алады.
Жобаның алғашқы сабағында «Тігін курсы» бойынша мастер-класс өткізіледі.
Дайындаған
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»





