Қызылорда қаласындағы көлік ағымы көп Сұлтан Бейбарыс көшесінің Назарбаев даңғылынан «Қызылорда-Құмкөл» трассасына дейінгі бөлігін қайта жаңғырту, кеңейту, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Тұрғындардың ұсынысына сәйкес көше көркін бұзатын жерүсті жылу құбырлары жер астына салынды.
Айта кетейік, бүгінде облыс көлемінде жақсы жағдайдағы жолдар үлесі 82 пайызды құраса, жыл қорытындысымен бұл көрсеткіш 87,5 пайызға жеткізіледі. Ол үшін республикалық және облыстық бюджеттен 36 млрд. теңге бөлініп, ұзындығы 569 шақырым автомобиль жолы жөндеуден өткізіледі.
Қала жолдарын жақсарту үшін 12 млрд. 473 млн. теңге бөлініп, 320 көшеге қайта жаңғырту, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде көлік көп жүретін Н.Назарбаев пен Астана даңғылы жөнделуде. Сұлтан Бейбарыс көшесінің 4,2 шақырымы 4 жолақты жолға, 1 шақырымы 6 жолақты жолға ауыстырылды. Көлік кептелісін болдырмау, жол қауіпсіздігінің алдын алу үшін көшелер кеңейтілді. Алдағы уақытта Яссауи көшесі 4 жолақты жолға ауыстырылады.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<