Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына ерекше назар аударылған. Ондағы басты мақсат – халықпен тікелей қатынас орнату.
Мемлекет басшысының тұжырымдамасын жүзеге асыру бағытында бейсенбі күні «Amanat» партиясының қалалық филиалында облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов пен құқық қорғау органдарының басшылары қала тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға 30-дан астам азамат келіп, көкейдегі мәселені айтты. Сондай-ақ, тұрғындардың мәселесін тыңдауға қала әкімі Асылбек Шәменов және өзге де сала басшылары қатысты.
Жеке қабылдау барысында тұрғындар баспана мәселесі, жұмыссыздық, жәрдем түрлеріне, денсаулық, білім салаларына қатысты сауалдарын қойып түйінді проблемаларын жеткізді.
Қабылдауға жазылған барлық тұрғынның шағымдары толығымен тыңдалды. Көпшілігінің мәселелері ортақ, яғни, үй кезегінің баяу жылжуына қатысты болды. Бұл мәселені назарға алған қала әкімі 2005 жылы кезекке тұрғандардың үйі енді беріліп жатқанын және жұмысты жеделдету бағытында шаралар қабылданып отырғанын айтты.
Әр азаматты мұқият тыңдаған облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов тұрғындар өтінішінің кейбірін сол мезетте түйінін тарқатып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырма берді. Ал кей талап-тілектеріне заң талаптарына сай зерделеп, жауап беретіндігін жеткізді. Алдағы уақытта келіп түскен шағымдарды өз қадағалауына алатынын айтты.
Ақтілек Бітімбай,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<