Тұрғындардың санитариялық-эпидемиологиялық жағдайы тұрақты бақылауда

1006

0

Фото: Обл СЭС

Бүгінгі күні облыста қызылша ауруының жұқтыру көрсеткіші айтарлықтай төмендеген. Қызылшаға қарсы вакцинациялау жұмыстарының нәтижесінде, өңірімізде аурушаңдық деңгейі біршама азайды. Аймақта эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру үшін әлі де бірқатар жұмыстар атқарылу тиіс. Осы жөнінде толығырақ білу үшін облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергеновамен аз-кем сұхбаттасқан едік.

Динара Олжабайқызы, алдымен облыстағы эпидемиологиялық ахуалға тоқталсаңыз?

Ағымдағы жылы облысымызда инфекциялық, паразиттік, карантиндік және аса қауіпті инфекциялар бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты деп бағаланады.Бүгінгі таңда облыс тұрғындары арасында жалпы тіркеуге алынатын 99 инфекциясы түрінің 65-і   тіркелмеген, 26 нозологиясы бойынша аурушандық көрсеткіштерінің  төмендеу тенденциясы орын алды. Дегенмен, жыл басында облыс тұрғындары арасында бірқатар жұқпалы аурулар бойынша көрсеткіштер мамандардың алаңдаушылығын туғызды. Соның бірі қызылша ауруын атап өтсек болады. Бұл тек біздің өңірде емес, тек республика емес, тіпті бүкіл әлемде қызылшаның жағдайы күрделенген болатын. Оған басты себеп иммундалуға тиісті контингенттің уақытылы вакцина алмауы, сәйкесінше ұжымдық иммунитет әлсіреп, ауруға шалдығу жағдайлары жиілеген болатын. Ауру жұқтырғандардың 80% астамы екпе алмаған. Сондықтан жаппай қосымша иммундау шарасы іске қосылды. Бүгінгі күні 72690 адам қосымша иммундау аясында екпе алып, қызылша ауруының эпидемиологиялық ахуалы тұрақтанып келеді. Дегенмен эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандырып, вирус айналымын әлсірету үшін әлі де тиісті контингент екпемен қамтылып, қорғаныш қабілетін нығайтуы керек. Қазір аймағымыздағы барлық емханаларда қызылшаға қарсы қосымша иммундау жалғасып жатыр. Екпе қоры жеткілікті, вакцинадан кейінгі асқыну жағдайлары орын алған жоқ. Екпе алу мәселесіне салғырт қарап, уақытылы вакцина қабылдамаудың салдары көкжөтел ауруының да жиі тіркелуіне алып келді. І тоқсандағы көрсеткіш 9 жағдайды құрады. Барлығы 14 жасқа дейінгі балалар, науқастардың 89,5%-ы екпе алмаған, ал қалған 10,5%-ы вакцинацияның толық курсынан өтпеген.Мақсатты топтағы балаларды профилактикалық екпелермен талап етілетін деңгейде қамтуға қол жеткізу мәселесі  Департаменттің  және облыстық денсаулық сақтау  басқармасының  тұрақты бақылауында.

Елімізде қандай ауруларға қарсы вакцинация жүрізіледі? Халықты иммундау барысы қалай жүргізілуде?

Елімізде профилактикалық екпелердің ұлттық күнтізбесіне сәйкес бала туылғаннан бастап 56 жасқа дейін 21 инфекциялық ауруға қарсы иммундау жүргізіледі. Ағымдағы жылдың І тоқсан қорытындысы бойынша жалпы облыс көлемінде инфекциялық ауруларға қарсы жоспарлы прфилактикалық егулермен қамту көрсеткіші тиісті деңгейден төмен болып отыр. Бұл өз кезегінде ұжымдық иммунитеттің қалыптасуына кері әсерін тигізеді. Ал ұжымдық иммунитет қалыптаспайтын болса, вакцинамен басқарылатын жұқпалы аурулардың тіркелуіне тосқауыл қою қиынға соғады. Профилактикалық екпелер арнайы дайындықтан өткен мейіргерлермен мамандандырылған егу кабинеттерінде жүргізіледі. Бүгінгі таңда Қызылорда облысында 216 екпе кабинеті жұмылдырылған. Алыс орналасқан елді мекендерде егу жұмыстары 43 жылжымалы егу бригадасымен жүзеге асырылады. Екпеден кейінгі асқыну жағдайлары орын алған жоқ.

Вакцина алудан бас тартушылар туралы айтып өтсеңіз, көбінесе қандай себептерді айтады?

Айтылатын уәждер әртүрлі, діни көзқарастарға байланысты, әлеуметтік желілердегі ғылыми негізі жоқ ақпараттарды да айтады. Дегенмен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі мен дәрігерлермен бірге ата-аналармен жұмыс тұрақты жүргізіледі. Нәтижесі де жоқ емес, түсіндріме жұмыстарына қатысқаннан кейін, өз сауалдарына жауап алғаннан кейін өз көзқарастарын өзгертіп, екпе алып жатқандар да жоқ емес. Жергілікті санитариялық эпидемиологиялық бақылау басқармаларының мамандары Дін басқармасы және ішкі саясат бақарма мамандарымен  бірлесіп  халықпен  кездесу, жас ата-ана мектептерінде болашақ аналарға түсіндірме жүргізіу,  әлеуметік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да санитариялық ағарту жұмыстарын жүйелі жүргізуде.

Күн жылысымен адамдарға қауіп төндіретін тағы бір ауру түрі бар – Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы. Кенеден келетін осы бір кеселдің алдын алуда қандай шаралар атқарылып жатыр?

Қызылорда облысы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағы болып табылады. Аймағымызда биыл 2024 жылы 115 елді мекен қолайсыз деп танылды. Аралда-11, Қазалы мен Қармақшыда – 16-дан, Жалағаш пен Сырдария – 11-ден, Жаңақорғанда-18, Шиеліде-20, Қызылорда – 12 елді мекен есепке алынды.Бүгінгі күні эпидемиологиялық маусымның басталуына орай облыс әкімінің Қаулысына сәйкес барлық аумақтарда аурудың таралуын болдырмау бағытындағы профилактикалық іс-шаралар күшейтілген тәртіппен жүргізілуде. Жыл сайын барлық қолайсыз елді мекендерде санитариялық-қорғаныш аймақтарын құру үшін кенеге қарсы өңдеу шаралары жүзеге асырылады. Биыл залалсыздандыру жұмыстары сәуір айының 9-нан басталды. Аталған шаралардың тиімділігін арттыру үшін қала, аудан әкімдіктеріне тиісті аумақтарда механикалық тазалау жұмыстарын жүргізуге тапсырмалар берілді. Сондай-ақ кенеге қарсы жұмыстардың сапасы мен тиімділігін бақылайтын арнайы жұмыс топтары құрылды.Бұдан бөлек, а.ж. наурыз айынан бастап зоопаразитологиялық топпен кене жинау, зерттеу жұмыстары жүрізілуде. Бүгінге дейін 17579 дана кене жиналды, 2083 кене зерттеумен қамтылып, 34 кенеден оң нәтиже анықталды.Ағымдағы 2024 жыл басынан бері 357 адам кене шағу жағдайымен медициналық көмекке жүгінген, барлығы 14 күн медициналық бақылауға алынды. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына 5 күдікті жағдай тіркеліп, оның екеуі лабораториялық жолмен нақтыланды (Жаңақорған-1, Қызылорда-1).

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруынан сақтану шараларын тұрғындарға тағы бір айтып өтсеңіз…

Көктем келіп, күн жылына басталысымен кенелердің табиғатқа шығуы белсенді бола бастайды. Тұрғындар арасында, әсіресе, далалық аймақта жұмыс жасайтын, мал шаруашылығы, егін шаруашылығымен айналысатын адамдар үшін кене шағып, ауру жұқтырып алу қаупі арта түседі. Бұл ретте сақтық шараларының қатаң орындалуы аса маңызды.Облыс тұрғындарын мал шаруашылығымен, ауыл шаруашылығымен айналысқанда арнайы жұмыс киімдерімен, қолғаптармен жұмыс жасауды, табиғат аясына демалысқа шыққанда кенелерден қорғайтын арнайы репеллентерді пайдалануға, мейлінше дененің барлық жерін жакып тұратын, ақ түсті киім киіп, кенелердің болмауына жиі тексеріп тұруды, сақтық шараларын жауапкершілікпен орындауды сұраймыз. Сондай-ақ ауру белгілері анықталған бойда жедел медициналық көмекке жүгінуге кеңес береміз. Себебі дер кезінде ем-шара қабылдаған кезде аса қауіпті аурудан толық сауығып шығуға болатындығын еске саламыз.

Халыққа беріліп отырған ауыз судың сапасы бойынша қандай мәлімет бере аласыз? Мониторинг нәтижелері не дейді?

Қызылорда облысы тұрғындарының 98,2% – орталықтандырылған ауыз су жүйесімен, 1,7% – орталықтандырылмаған сумен және тасымалды ауыз сумен 0,1%  қамтамасыз етілген. Орталықтандырылған сумен жабдықтаудың жұмыс істейтін көздерінің саны артты. Қызылорда облысының халқы негізінен жер асты су көздерімен қамтамасыз етілген.Бүгінгі таңда Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бақылауында 205 сумен жабдықтау объектісі бар, оның ішінде: 182 орталықтандырылған жүйелердің су құбырлары және 23  орталықтандырылмаған сумен жабдықтау объектілері. 2024 жылдың 1-ші тоқсанында орталықтандырылған сумен жабдықтау объектілеріненмикробиологиялық көрсеткіштеріне 660 су сынамасы алынып, оның 1-еуі талаптарға сәйкес келмеді, сай келмейтін сынамалардың үлес салмағы 0,15 пайызды құрады (талаптарға сай келмейтін су сынамалары Қызылорда қаласында анықталды).  Ауыз судың санитарлық-химиялық көрсеткіштерінее 660 сынама алынып, оның 13-нде сәйкессіздік анықталды, сай келмейтін сынамалардың үлес салмағы 1,97 пайызды құрады  (талаптарға сай келмейтін су сынамалары Жалағаш ауданданында және Қызылорда қаласында анықталды). Санитарлық-химиялық көрсеткіштер бойынша сәйкессіздік көбіне: сульфаттар, құрғақ қалдық, хлоридтер, кермектілік бойынша  нормадан жоғары анықталды. Ауыз су сапасын монииорингтеу жұмыстары тұрақты жүргізіледі.Соңғы 2 жылда бактериологиялық көрсеткіштерге сәйкес келмейтін ауыз су сынамаларының үлесі 8,8%-дан 0,7%-ға дейін төмендеген. Санитарлық-химиялық көрсеткіштерге сәйкес келмейтін ауыз су сынамаларының үлесі 8,2%-дан 2,8%-ға дейін төмендеген. Зертханалық зерттеулердің нәтижелерін талдау барысында судың бактериологиялық және санитарлық-химиялық көрсеткіштері бойынша сапасы тұрақтанғанын және жалпы алғанда жақсару тенденциясына ие екенін көрсетеді.

Балалар жазғы каникулға шықты. Кейбірі демалысын сауықтыру лагерлерінде өткізуді қалайды? Жалпы облыста қанша тынығу лагерлері бар? Оларға қандай санитариялық-талаптар қойылады?

Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аумақтық басқармалар бақылауында 8 қала сыртындағы лагерь бар. Қызылорда облысының білім басқармасының мәліметіне сәйкес биыл облыс аумағында орналасқан 8 лагерьде 7 ауысымда 7035 бала демалыспен қамтылады деп күтілуде. Одан бөлек, 290 мектеп жанынан тамақпен және тамақсыз күндізгі тынығу лагерьлерінің жұмысы ұйымдастырылады. Онда  98 мыңға жуық оқушы қамтылады деп күтілуде, сонымен қатар 5646 баланы облыстан тыс орналасқан лагерьлерде демалдыру  жоспарлануда. Барлық балаларды сауықтыру ұйымдары ҚР ДСМ 2022 жылғы 10 тамыздағы «Балаларды сауықтыру және санаторий объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары талаптарына сәйкес келуі тиіс. Сауықтыру ұйымдары үшін осы талаптарды сақтау міндетті болып табылады. Маусым басталар алдында барлық лагерь халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды  алуға міндетті.

Лагерь әкімшілігімен лагерь ашылу алдында:

– ауыз су, жабық бассейндер мен су айдындарының су сынамаларына зертханалық зерттеу жүргізіледі, топырақ пен құм тексеріледі;

– жөндеу-қалпына келтіру, профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылады,

 барлық үй-жайларға  ағымды жөндеу жұмыстары жүргізіледі;

 – инженерлік желілердің, желдету, ауа баптау,технологиялық-тоңазытқыш жабдықтардың жұмыс істеу тиімділігін тексеру, ахауларын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі;

      –   сумен жабдықтау құрылыстары мен желілерін профилактикалық жуу және дезинфекциялау;

– санитариялық қағидаларға сәйкес лагерьдің аумағы қоршалуы тиіс;

 – объектілер үздіксіз ауыз сумен, ыстық сумен, кәрізбен, жарықпен, желдеткішпен қамтамасыз етіледі. Барлық үй-жайлар таза болуы тиіс;

– Қазақстан Республикасында рұқсат етілген жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып, күнделікті тазалау жүргізілуі қажет.

– объектілердің жиһазы мен жабдығы балалардың жас ерекшелігіне сәйкес келуі аса маңызды. Лагерь ас блогы технологиялық-тоңазытқыш жабдықтары, ыдыс-аяқ пен  мүкәммалдың жеткілікті мөлшерімен жарақтандырылады.

Сонымен қатар сауықтыру лагерлерінде күніне бес рет тамақтану ұйымдастырылады және медициналық қызмет көрсетіледі.

Ал лагерьлерге баратын балалардың денсаулығына қандай да бір талаптар бар ма? Ұжымдасқан ұйым болғандықтан қандай да бір екпе алуға қатысты қажеттіліктер бола ма?

Демалатын балалардың арасында инфекциялық ауруларды болдырмау мақсатында лагерьге баратын балалар денсаулық жағдайы туралы 071/е нысаны бойынша «Сауықтыру лагеріне баратын оқушыға арналған медициналық анықтамасы» мен  инфекциялық аурулармен байланысы жоқ «эпид.окруж» және профилактикалық егу жұмыстары жүргізілгені туралы медициналық анықтамасы болған жағдайда қабылданады. Лагерьге баратын балаларға қандайда бір арнайы екпе алу көзделмеген

Тұрғындардан көп түсетін сұрақ – сауда орындарынан сатып алған азық-түлік сапасыз болып, жарамдылық мерзімі өтіп кеткен не денсаулыққа қандай да бір зиян келген болса, сіздерге шағымдануға болады ма?

ҚР Кәсіпкерлік Кодексіне сәйкес сенімді негіздер және растайтын дәлелдемелер болған кезде ҚР заңнамаларын бұзушылықтар бойынша жеке және заңды тұлғалардың жолданымдары бақылау мен қадағалау субъектілерін (объектілерірн) жоспардан тыс тексеруге негіз болып табылады. Сондықтан санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің аумақтық басқармасына барып,  дәлелдемелеріңізді ұсынып, арыз-шағыммен жүгінсеңіз, жоспардан тыс тексеру жүргізу арқылы мән-жайды анықтауға болатындығын түсіндіремін.

Сұхбатыңызға рахмет!

Аружан Мырзалықызы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<