Тұрғындардың жеке мәселелерін қарады

454

0

Жуырда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Президент Жарлығы аясында аймақтың 6 ауданына жұмыс сапарымен барып, құқық қорғау органдары басшыларымен бірге 400-ден аса тұрғынның мәселесін тыңдаса, сейсенбіде кезектілік тәртібімен жеке қабылдауға жазылған қала тұрғындарымен кездесті.

Жеке қабылдауға 12 азамат келді. Тағы бір облыс тұрғыны онлайн байланыс арқылы өтінішін жеткізді. Мәселелердің басым бөлігі тұрғын үй алу, жұмысқа орналасу және бала денсаулығына қатысты емдеу шараларына көмектесу бағытында өрбіді.

Мәселен, 59 жастағы ІІІ топ мүгедектігі бар Тереңөзек кентінің тұрғыны апатты жағдайдағы үйінің орнына баспана беруді сұрады. Оған 2017 жылы мемлекеттік тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйі жекешелендіріліп берілген. Алайда, қазір үйі тозып, құлайын деп тұр. Тұрғын үй кезегі жақындаған азаматқа келесі жылы беріледі.

60 жастағы жұмыссыз әйел денсаулығы нашар болғандықтан, техникалық қызметші санатындағы жеңіл жұмыс жасауға ынталы екенін жеткізді. Қазір қалалық жұмыспен қамту орталығының мамандары ұсынған жұмыс орындарынан денсаулығына байланысты бас тартуға мәжбүр. Аймақ басшысы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысына науқас әйелге жұмыс орнын қарастыруды тапсырды.

Сонымен қатар, қабылдауға жазылған бірнеше көпбалалы жалғызбасты ана тұрғын үй алу көмегін сұрады. Тұрғын үй табыстау заң аясында кезектілік тәртібімен жүреді. Дегенмен отбасылық жағдайы аса мұқтаж аналарға уақытша баспана алу жолдары ұсынылды. Бұл ретте аймақ басшысы қала әкіміне мәселелерге шынайы талдау жасау, уақытша баспана беру мәселелерін ретіне қарай қарастыруды жүктеді. Ал ауыр диагноз қойылған науқасы бар балаларға қайырымдылық қорлары арқылы тиісті көмек жасау қажеттігі айтылды.

Айта кетейік, осы уақытқа дейін облыс әкімі 26 жеке қабылдау өткізіп, 500-ге жуық тұрғынның өзекті мәселесіне ден қойды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<