Туристік тартымдылығы жоғары нысан

437

0

Туристік тартымдылығы жоғары нысан Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» саласы бойынша берілген тапсырмасына сай «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасы аясында киелі жерлердің картасы жасалды. Бұған қоса, жалпыұлттық маңызы бар тарихи нысандарға арналған екі жинақ құрастырылды. Аталған картаға Қызылорда облысынан енген киелі жердің бірі – Қорқыт ата мемориалды ескерткіш кешені.
Қорқыт ата мемориалдық кешені Қармақшы ауданының орталығы Жосалы станциясынан 18 шақырым, болат жолдың бойындағы Қорқыт бекетінен 3 шақырым жерде орналасқан.
1980 жылы Корқыт темір жол бекеті тұсынан биік жерге архитекторлар Бек Ибраев, А.С.Қарпықов және физик Совет Исатаевтың ат салысуымен мемориалдық кешен орнатылды. Ескерткіш тұрғызудың бастамашысы саясаткер әрі қоғам қайраткері Елеу Көшербаев болды.
1980 жылы тұрғызылған Қорқыт ата ескерткіші темір бетоннан жасалған. Биіктігі – 8 метр болатын тік стелладан тұрады. (Темір бетоннан жасалған төрт вертикалды стеладан құралған). Әрбір стела дүниенің төрт жағына бағытталған. Стеллалар әр тарапқа қаратылып тұрғызылған құлпытастарға ұқсайды.
Жоғары жағы кеңейе келіп, шөміш пішінде түйісіп қобыз бейнесін меңзейді. Түйісер түбіндегі орталық тесігінде металдан жасалған қырық түтік бар. Яғни, кең қоныш қосылатын бөлігінде 40 металдық кернейден құралған орган орналасқан. Олар жел соққанда қобыз сарынымен үндес дыбыс шығарады.
Аталған кешеннің халықаралық «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» атожолының бойында орналасуы саяхатшылар мен жергілікті тұрғындар үшін оны тартымды етеді. Бұған қоса, ескерткіш кешен Сырдария өзені жағасына жақын жерде орын тепкен.
2015 жылы Қорқыт ата мемориалды ескерткіш кешені қайта жаңғырудан өтті. Қазір оның биіктігі 12,5 метр, тас тұғырымен 14,5 метрді құрайды. Бұрынғы темір бетон материалын енді Қордайдың қызыл граниті ауыстырды. Түркітілдес халықтардың өнер фестивалі әр 4 жыл сайын осы мемориалды кешен жанында ұйымдастырылады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<