Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Мәжіліс және мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлауда №263 сайлау учаскесінде дауыс беріп, өз таңдауын жасады деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау – еліміздегі саяси реформалардың жалғасы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Былтырғы референдумда халқымыз бұл реформаға қолдау білдірді. Соның нәтижесінде еліміз өкілді билікті жаңа, әділ әрі ашық бәсекеге жол ашатын қағида бойынша жасақтауға көшті» деп атап өткен болатын.
Бүгінде жан-жақты саяси жаңғыру процесі жүйелі түрде жүруде. Президенттің былтыр наурыз айындағы Жолдауында оның бағыт-бағдары айқындалды. Еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басып, ауқымды реформалар жүзеге асты.
Халқымыз референдумда Ата Заңға өзгерістер енгізуді қолдап, дауыс берді. Ұлттық құрылтайда маңызды мәселелер талқыланып, ел бірлігін нығайтатын тұжырымдар ұсынылды. Парламент пен мәслихаттарды жасақтау тәртібі өзгеріп, Конституциялық Сот құрылды. Президент және Сенат сайлауы өтті.
– Бүгін – Тәуелсіз еліміздің тарихындағы айтулы күн. Сайлауда әрбір азаматтың дауысы маңызды. Бұған дейінгі саяси науқандарда ел келешегі жолында бірлік танытқан жерлестеріміз осы жолы да өз таңдауын жасайтынына сенімдімін, – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, аймақта 373 сайлау учаскесі және 486 002 сайлаушы бар.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<