Тұтынушы құқы қалай қорғалады?

536

0

Дүкеннен мерзімі өтіп кеткен тауар алсаңыз, оны қайтарып беруге болатынын және сатушының ауыстыруға міндетті екенін біле жүргеніңіз абзал. Егер  дүкен иесі апарған затыңызды ауыстырып бермесе, облыстық тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментіне шағым айта аласыз.

Кейінгі кезде жұртшылықтың құқықтық сауаты артып, соның нәтижесінде департаментке арызданушылар алдыңғы жылмен салыстырғанда былтыр екі жарым есеге артқан. Биылғы жылдың үш айында 66 өтініш түссе, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11 өтінішке немесе 29,4 процентке артық.

Департамент басшысы Ерқасым Сүлейменов өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистермен өткен баспасөз мәслихатында жыл басынан бері түскен өтініштің 31-і заңға сәйкес қанағаттандырылғанын атады. Өтініштерді талдау барысында оның 45,4 проценті сапасыз тауарды айырбастаудан, қайтарудан бас тартуға қатысты болған. Тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің дұрыс жүргізілмеуіне арызданғандар 17 болса, тұтынушыларды алдау, сапасыз тауар ұсыну 6, қаржы қызметіне байланысты 2, қоғамдық тамақтану орындарына қатысты 2 дерек тіркелген. Көрсетілген деректер негізінде тұтынушыларға 293 мың теңгеден астам қаржы қайтарылыпты.

Аталған департаменттің өз алдына бөлек мекеме болып жұмыс істегеніне биыл үшінші жыл. Осы уақыт аралығында оның жұмысы жанданып, тұтынушылар құқығын қорғауда тынбай келеді. Штат саны екі адам болғанына қарамастан, жүргізілген іс-шаралар аясында жұртшылықтың құқықтық сауаты артып, тұтынушы ретінде қай жерге шағымдануға болатынын білетіндей жағдайға жетті. Соның аясында Ашық есік күні, сауалнама, ақпараттық акцияларға 150-ден астам адам қатысқан.

– Тұтынушы құқығының жиі бұзылуы сатушы мен сатып алушының заң талаптарын білмеуінен болады. Екеуара сотқа дейін мәселені шешуге де мүмкіндік бар. Көп жағдайда дау осы екі адамның арасында өрбиді. Заңда тұтынушының құқығы мен сатушының міндеті анық көрсетілген, – деді Е.Сүлейменов. 

Департамент кез келген дүкенге барып тексеру жүргізе алмайды. Тек тұтынушылар тарапынан түскен арыздың негізінде жұмыс істейді. Сондықтан тауарды алып, оны 14 күн ішінде қайтаруға болатынын біле жүріңіз. Алайда есте ұстар тағы бір жайттар бар. Егер сатып алған тауарды пайдаланып қойсаңыз, оны кері өткізе алмайсыз. Сондай-ақ, ұялы телефон, іш киім, жануарлар мен дәрілік заттар кері қайтарылмайтынын есте сақтаңыз.