Биылғы 7 айда тұтынушылар құқықтарының бұзылуы бойынша 199 өтініш түскен. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,6 пайызға артық. Жүргізілген талдау нәтижесінде арыз-шағымның басым бөлігі бөлшек сауда саласы бойынша келетіні анықталған. Аталған өтініштерді заңға сәйкес қарау қорытындысымен тұтынушыларға барлығы 3,1 млн теңгенің қаражаты қайтарылды.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс бойынша сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Ерқасым Сүлейменов айтты.
– Экономиканың барлық салаларында тұтынушылар мен бизнес субъектілерінің құқықтары, міндеттері туралы ақпараттандыру мақсатында «дөңгелек үстелдер», дәрістер, семинарлар өткізіліп отырады. Алдағы уақытта да аталған жұмыстар жалғасын табады. Сонымен қатар, тұтынушылар құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы әзірленіп, Мәжіліс қарауына жолданды. Аталған заң жобасына сәйкес тұтынушылар құқықтарын қорғау жөніндегі Омбудсмен институтын енгізу ұсынылады. Омбудсмен мәртебесі Қазақстан тұтынушыларының құқықтарын қорғау саласындағы жүйелі проблемаларды мемлекеттік биліктің жоғары деңгейіне шығаруға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта тұтынушылар шағымдарын қарау мен шешудің үш сатылы жүйесі енгізілді. Осыған сәйкес соттар мемлекеттік органдарға жүгіну кезеңін сақтауды талап етеді. Сондықтан азаматтың сот арқылы қорғалуына конституциялық құқықтарының сақталуын ескере отырып, іс-шаралар реттілігінің тетігін қайта қарап, екі сатылы жүйеге көшу көзделуде. Атап айтқанда, тұтынушылық дауларды сотқа дейін реттеу субъектілеріне медиация және төрелік институттары, тұтынушылардың құқықтарын қорғау бірлестіктері, өзін-өзі реттейтін ұйымдар жатқызылған. Департамент өз құзыретінде әрбір тұтынушы мәселесін заң аясында шешілуге ықпал етпек, – деді департамент басшысы.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<