Тұжырымдама талаптары талқыланды

309

0

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес 2021 жылдың 25 шілдесінде өңірімізде алғашқы рет 40 ауыл, кент әкімі тікелей халықтың дауыс беруі арқылы сайланды.

Қазір аудандық маңызы бар қалалар мен кенттердің, ауылдық округтердің жалпы саны – 146. Оның ішінде, 2-сі аудандық маңызы бар қалалардың, 12-сі кенттердің әкімі болса, қалған 132-сі ауылдық округтердің әкімі. Осы әкімдердің ішінде әйелдердің саны – 3, орташа жасы 47-ні құраса, оның ішінде 35 жасқа дейінгі жас әкімдер саны – 8. Барлық әкімдердің мемлекеттік қызметтегі орташа еңбек өтілі – 12,2 жыл, атқаратын лауазымдағы орташа еңбек өтілі – 3,9 жыл.

Мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында «Мемлекет пен қоғам қатынасының «төрешіл» моделінен басқарудың проактивті, сервистік және азаматтардың сұраныстарына ден қойғыш нысанына көшу мемлекеттік органдар үшін негізгі мақсат болуға тиіс» делінген.

Сол арқылы халық өз үніне құлақ астырып, өзі үшін маңызды шешімдерді таңдауға мүмкіндік алады. Бұл өз кезегінде, мемлекетке деген сенім деңгейін арттырады және адамға бағдарланған мемлекетті қалыптастырады деп көрсетілген.

Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің қағидаттарына сәйкес, клиентке бағдарлану дегеніміз бұл – мемлекеттік қызметтерді тұтынушы ретінде халықтың сұраныстарын толықтай бағдарлай отырып, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және жолданымдарды қарау кезiнде төрешiлдiк көрiнiстерiне және әуре-сарсаңға салуға жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау.

Аумақтық департамент жүргізген талдауларды алып қарайтын болсақ, клиентке бағдарлану қағидатын ұстануда ауыл әкімдері тарапынан біраз мәселе бар екені аңғарылады. Мысалы, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасына мониторинг жүргізу барысында 14 ауыл әкімінің әкімшілік жазаға тартылғаны анықталып отыр. Барлығы жер қатынастары саласына қатысты мерзім бұзушылықтарға жатады.

Мекеме басшылары тарапынан қабылданатын шешімдер электрондық цифрлық қолтаңба арқылы жүзеге асырылады. Тәжірибеде осы ЭЦҚ-ны пайдалану кезінде де кемшіліктер бар. Ескеру қажет, егер электрондық қолтаңбаны пайдалану тәртібі бұзылған жағдайда ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 640-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Мемлекеттік қызмет саласын бақылау бағытында ауыл әкімдеріне қатысты қозғалған тәртіптік істер соңғы екі жылда да жалғасып келеді. Өткен жылы 1 кент және 4 ауыл әкіміне қатысты іс қозғалған болса, биыл 1 ауыл әкімінің тәртіптік ісі Әдеп жөніндегі кеңесте қаралды. Негізгі анықталған кемшіліктер мемлекеттік сатып алу заңнамасына байланысты.

Орын алған кемшіліктерді алдағы уақытта қайта болдырмау үшін Әдеп жөніндегі кеңес нақты ұсыныстар енгізіп отырады.

Сонымен бірге, академия филиалымен бірлесіп оқыту курстары, соның ішінде «Ең алдымен адамдар» бағдарламасы бойынша барлық аудандарда көшпелі оқыту семинарлары ұйымдастырылды.

Осы жылдың 17 шілдесінде «ҚР Мемлекеттік қызметін дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» Президент Жарлығы шықты. Тұжырымдамада көрсетілгеніндей, жүргізілген реформалардың серпіні, сондай-ақ елдің қоғамдық-саяси, әлеуметтік экономикалық өмірін жаңғыртуға, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған түбегейлі қайта құрулардың ауқымы мемлекеттік қызметті одан әрі дамыту қажеттілігін негіздейді. Мемлекеттік қызметтің сервистік және клиентке бағдарлану қағидаттарына негізделген моделін құруға бағыт алынды.

Мемлекеттік қызметтің гибридті моделіне көшу бойынша жұмыс басталды (бірегей кәсіби тәжірибесі мен әлеуетін ескере отырып, мамандарды тікелей іздеу). Бұл мансаптық және позициялық модельдердің ең жақсы ерекшеліктерін біріктіреді.

Бұған дейін енгізілген жаңашылдықтарға тоқталсақ, кадрларды іріктеудің жаңа автоматтандырылған жүйесі енгізілді, жаңа біліктілік талаптары бекітілді, қызметшілерді бағалаудың жаңа жүйесі, келісім-шарттық қызметшілер институты енгізілді, өңірлік кадр резерві қалыптасты.

Кадр комиссиясының шешімімен 25 үміткер (226 адамның ішінен) Өңірлік кадр резервіне алынды.

Бүгінде осы 25 үміткердің 4-і конкурстық іріктеусіз бос тұрған лауазымдарға, оның ішінде 3-і басшы лауазымдарға, бір резервші жақында ҚР Президенті Әкімшілігіне тағайындалды. Алдағы екі жыл ішінде кадр резервіне қабылданған әрбір үміткер жергілікті атқарушы органдардың «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурс өткізілместен орналасу мүмкіндігіне ие болды.

Сонымен бірге, 2023 жылдан бері мемлекеттік грантпен оқуын жақсы бітірген түлектер де конкурстық іріктеусіз төмен тұрған бос лауазымдарға тағайындала бастады. Мысалы, осы кезеңге дейін 9 жас маман қызметке орналасты.

Бұдан кейінгі шаралар мемлекеттік қызметтің дарынды адамдар үшін тартымды болуына, патриотизмнің жоғары стандарттары мен ұлттың (қоғамның) мүддесіне адал қызмет ететін кадрларды ұстап қалуды және кәсібилендіруді қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс.

Мемлекеттік қызмет қоғамның сенімі болған жағдайда ғана жұмыс істей алады. Жаңа миссиясы ел азаматтарының қажеттіліктеріне назар аудара отырып, мемлекеттік қызметшінің келбетіне қойылатын талаптарды қалыптастырады. Бұл – өз Отанына деген адалдық, ел мүддесі үшін құрбандық пен батылдыққа дайын болу.

Жоғарыда айтылып өткен тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңына мемлекеттік қызметшілерді ынталандыру жүйесі, әлеуметтік пакет және олардың құқықтық қорғалуы мәселелеріне қатысты көптеген өзгерістер енгізілетін болады. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшілердің ар-намысы мен қадір-қасиетін олардың кәсіби қызметіне байланысты қол сұғушылықтардан қорғауды қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылданады.

Бұдан басқа, әлеуметтік кепілдіктер жүйесі барлық қызметшілердің санаттары үшін кезең-кезеңімен кеңейтіліп, әлеуметтік медициналық сақтандыруды, спорттық-сауықтыру кешендеріне қолжетімділікті, психологиялық қолдауды қоса алғанда, олардың отбасылары үшін корпоративтік әл-ауқат бағдарламаларын енгізу бойынша ұсыныстар әзірлеу жоспарлануда.

Е.МЕНДАЛИЕВ,

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы,

Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<