Туған тілім – тірлігімнің айғағы

473

0

Қазақстан халқы тілдері күні 2018 жылға дейін 22 қыркүйекте аталып өтетін. ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы «Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» қаулысына сәйкес қазақ әліпбиінің негізін салған ұлт ұстазы, Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдерінің күні болып белгіленді.

Осыған орай бекітілген облыстық іс-шаралар жоспарына сәйкес 3-10 қыркүйек аралығында Қазақстан халқы тілдері күні мерекесін атап өтудің апталығы жарияланды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Қаюпов және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Алдажар Әбілов БАҚ өкілдеріне мәлімдеді.

– Апталықтың алғашқы шарасы қазақ тіл білімінің ғалымдары Ә.Қайдар, Р.Сыздықтың туғанына 100 жыл және Ш.Шаяхметовке 85 жыл толуына орай қазақ тілі пәнінің мұғалімдері, оқытушылары, сала мамандарының арасында «Ғылымдағы ғұмырлар»  тақырыбында облыстық, республикалық деңгейдегі ғалымдардың дәріс сағаттарынан басталады.

Ал 5 қыркүйек күні «Достық үйінде» Тілі бірдің – тілегі бір атты салтанатты жиын өткізілсе, А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде «Тіл – тірегім, Қызылорда – жүрегім» атты облыстық жас ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылады. Тіл мерекесіне арнайы өткізілетін шаралар Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Тілім менің – тірлігімнің айғағы» тақырыбында дөңгелек үстелмен жалғаспақ. Сондай-ақ «Анаға тағзым» орталығында  ана тілі тақырыбын арқау еткен пікірсайыс турнирі ұйымдастырылуда.

Мереке аясында мектептер мен колледждерде «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» тақырыбында пікірсайыс өткізу жоспарланған. Одан бөлек, «Достық үйі» ғимаратында этнос өкілдерінің қатысуымен «Қазақшаңыз қалай?» байқауы және «Менің тілім – қазақ тілі» атты мәнерлеп оқу сайысы, сондай-ақ, Жастар ресурстық орталығында «Этно Quiz» интеллектуалды сайысы өткізіледі, – деді басқарма басшысы.

Айталық, апталық іс-шара 6 қыркүйек күні «Достық үйі» ғимаратында «Мәңгілік елдің мәңгілік тілі» атты дөңгелек үстел,  балабақшаларда «Тілді сүю – талбесіктен» атты акциясы, 7 қыркүйек күні балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында «Арбат» бойында аквагрим шарасымен жалғасып, 10 қыркүйек күні А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде «Рухани болмысты  жаңғырту – ұрпақ ұлағаты» атты облыстық ділмар-шешендер байқауымен қорытындыланады.

Жалпы жоспар аясында меншік нысанына қарамастан, барлық мекеме мен ұйымдарда тілдер күніне арналған жиындар, дөңгелек үстелдер, тіл жанашырларын марапаттау шаралары ұйымдастырылады.

Облыстағы жоғары және арнаулы орта оқу орындары мен жалпы орта білім беретін барлық мектепте, мектепке дейінгі мекемелерде ашық сабақтар, мәнерлеп оқу байқаулары, пікірсайыстар ұйымдастырылса, облыс кітапханаларында тақырыпқа сай кітап көрмелері өткізіледі. Апталық аясында ғалымдардың тіл білімі саласындағы зерттеулерімен таныстыру мақсатында Тіл орталығында «Тіл – ғұмыр» тақырыбында ақпараттық-танымдық айдары әлеуметтік желілерде жариялануда.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті Алдажар Әбілов тіл мәселесінің ар жағында ұлттық мүдде, тарихи таным, салт-дәстүр сынды халықтық құндылықтар жатқанын атап өтті.

– Осынау ұлан-ғайыр жерімізді кешегі батыр бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалды деп айтамыз. Бірақ соның ішінде дербес мемлекеттігіміздің қалыптасуында ана тілімізді, ата дәстүрімізді саф қалпында сақтап келгеніміздің ықпалы ерекше. Еліміздің сонау Шығысынан  Батысына дейінгі аймақ бір тілде сөйлейді, диалект жоқ. Сол сияқты Халық жазушысы С.Мұқановтың бір естелігінде қазақ тілі әлем тілдерінің ішіндегі ең қуатты, көркем, музыкалық тіл екені айтылады.

Рас, біздің өңірде тілге байланысты аса күрделі мәселе жоқ. Дегенмен, зерттеп-зерделеп қарасақ, қала, мейрамханаларындағы ас мәзірлерінің барлығы орысша екен. Осы орайда арнайы комиссия құрып, мәселені түбегейлі шешуді қолға алдық. Соның нәтижесінде облыс әкімінің қолдауымен халқымыздың ас мәзірі, ұлттық тағамдарымыздың дайындалу әдісі, тағы басқа қажетті деректерді қамтыған монографиялық сөздік шығарып, қаладағы қонақүй, мейрамхана сияқты қызмет көрсету орындарына таратылды. Бұл жұмыстар республика көлемінде алғаш болып біздің аймақта бастау алды. Тағы бір мысал айтайын, республика бойынша терминология комитеті жылына 1000 сөз бекітеді екен, бір облысқа 300 сөз, соның ішінде біз ұсынған 271 термин сөз енгізілді, – деді А.Әбілов.

Айта кетейік, мерекеге орай аудандарда да тіл тақырыбын қамтыған әдеби-танымдық кештер, жазба ақындар мүшәйрасы, интеллектуалды сайыс, көркемсөз байқауы, салтанатты жиындар өткізіледі.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<