Туған жердің аласармас тұлғасы

936

0

Жақында «Сырдың Аятолласы» аталатын кітап қолыма тиді. Кітапқа Сыр елінің саңлақ перзенті, Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы Амангелді Мүбәракұлы Абдуллаевтың өнегелі өмір жолы мен артында қалдырған өшпес істері жайлы көркем туындылар топталып, естеліктер, мақалалар мен эсселер жинақталған. 

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары барлық шаруашылықтар шатқаяқтап, мекеме, өндіріс орындарының тұралап қалғанын білеміз. Кезінде Одаққа аты белгілі болған «Жаңақорған шипажайы» да нарық қамытын киіп, тарап кетудің аз-ақ алдында тұрды.

«Әбекең сол іске бел шеше кірісті. Шипажайдың қазіргі жағдайға жетуі – ағамыздың арқасы. Он жылға жетпей-ақ шипажай  даңқы  қайта  көтеріліп, гүлденіп, дүрілдеп жұмыс істеп кетті. Сондай қиын уақытта тұралаған шаруашылықты аяғынан тұрғызып, күндіз-түні тынымсыз еңбек еткен ағамыздың ісі – ерлікпен пара-пар», – деп жазады кітапта 1995-1999 жылдары Қызылорда облысын басқарған мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Машбекұлы Сапарбаев.

Кітапқа Д.Әпжаппарұлының «Мұзбалақ» атты повесі,  поэмасы мен драмалық шығармасы енген. Түгел бір ауылды қақпаны мен қара мылтығы асыраған Мүбәрак ақсақалдың тәлімін алған, жасынан қисса-дастан тыңдап өскен бала Амангелдінің дана Амангелдіге айналуы аралығын қамтыған шығармада бір өңірдің тарихы бар.

Повесте Октябрь революциясы тұсындағы қазақ ауылының тағдыры, ұлт тілінінің құнарлығы, тұрмыс, салт-дәстүр сабақтастығы айқын көрінеді.

Сондай-ақ, кітаптағы ардагер ұстаз Зинабдин Шермұхамедұлының жазбалары Амангелді Мүбәракұлының тұлға есебіндегі ерекше бейнесін суреттеп, болмысын аша түскен. «Мысалы, қай жылы шипажай ауласынан барлық жағдайы жасалған «Тоқтамыс» шипажайын салып пайдалануға берсе, биыл үйінің қасынан ерекше архитектурамен салынған 75 балаға арналған сәулетті «Жұбаныш» балабақшасы бүлдіршіндерге есігін айқара ашты. Осы ғимараттардың бас сәулетшісі де, құрылысшылар бригадирі де – Әбекеңнің өзі», – деп жазады ол. Сонымен бірге ол кісінің көпбалалы, аз қамтылған отбасы балалары мен жетім балалар оқитын интернаттың  жөндеу жұмыстарына қаржы салып, ондаған оқушыға қысқы, жазғы киімдер алып бергенін ризашылықпен атап өтеді. «Алты ата» мешітін күрделі жөндеуге көп көмек беріп, «Көкен батыр» ескерткішін салуда ағайынға бас болғанын айтады.

Біз өнегені алыстан емес, айналамыздан іздесек  те, мол қазынаға кенелер едік. Амангелді ағаның биік адами қасиеттері мен жомарттығы, жан шуағы бір ұрпақты тәрбиелейтін мектеп десек те болады.

Бұл кездері «Жаңақорған шипажайына» келіп, ем алушылар мен демалушылардың қарасы қалың. Бұл қатарда өзіміз де бармыз. Әр барғанда бір жасарып, көңіліміз өсіп қайтады.

«Жаңақорған шипажайы» қасиетінің қайнары «Теріскен» көлінің мөлдіреген көзі мен Қаратаудан ағындаған жібек самалы маңдайдан сүйгендей әсер етеді.

Ал біздің осындай рахат  күй, шипалы шақтарды сезінуімізге, сіңіруімізге туған жердің аласармас тұлғасы Амангелді ағаның ерен еңбегі сіңгенін біле жүргеніміз абзал.  

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<