Туған жердің текті тұлғасы

439

0

«Әлемнің әміршісі – еңбек» деген қағида бар. Осы ұстанымды өмірлік мұрат еткен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың 70 жылдығына арналған «Туған жердің текті тұлғасы» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция өтті. Жаңақорған кентіндегі  М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған алқалы іс-шараға жиылған қауым алдымен қайраткердің еңбек жолына арналған тақырыптық көрмені тамашалады. Мұнан соң өмір жолынан сыр шертетін бейнекөрініске куә болды.

Бердібек Сапарбаев – «Отан», І дәрежелі «Барыс», «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері. Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының құрметті азаматы. Осы аталған өңірлермен қатар Жамбыл облысын, яғни, Қазақстанның бес облысын басқарған бірегей тұлға. Тәуелсіз елдің еңсе тіктеп, буын бекітуіне аянбай үлес қосқан қайраткер.

– Түркі жұртының алтын бесігі – Сыр өңірінің облыс болып құрылғанына 85 жыл. Тарихқа толы шежіреде, толағай болмысты тұлғалы азаматтардың есімі халық жадында сақтаулы. Айдынды Арал мен қарт Қаратаудың арасын ен жайлаған ел, аты ұмытылмайтын, өнегесі ескірмейтін жандарды жадынан шығармаған. Солардың бірі, бүгінде 70 жылдығы аталып отырған Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың есімі де туған халқына қалтқысыз қызмет еткендер қатарында өз биігінен аласармай, уақыт өткен сайын асқақтай түсуде, – деді конференцияны жүргізген облыстық мәслихат төрағасы Н.Байқадамов кіріспе сөзінде.

Сонымен қатар қайраткердің ел басқарудағы үлгісін көріп, әділеттікке, адалдыққа бай тәжірибесін бойына сіңіргендердің үнемі мақтаныш ететіні айтылды. Кеше ғана халқының ортасында жүрген көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің өмірден озғанына 6 айдың жүзі болды. Наурызбай Сейітқалиұлы атап өткендей, суық хабар жетісімен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Бердібек Машбекұлының еңбегіне  айрықша баға беріп, арнайы комиссия құрып, ел перзентінің жерлеу рәсіміне ерекше көңіл бөлді. Арнайы комиссияны Үкімет басшысы Әлихан Асханұлы басқарды. Асыл азаматты мемлекеттік деңгейдегі тұлғалар, қазақтың игі-жақсылары аяғынан тік тұрып, ақтық сапарға шығарып салды. 

Бердібек Сапарбаев – қарапайым жұмысшыдан Үкімет басшысының орынбасарына дейінгі жолдан өткен мемлекеттік тұлға. 11 Премьер-министрмен қызметтес болды. Бүгінде жеті аймақты біріктірген бес облыстың әкімі қызметін атқарды. Соның ішінде алғашқы басқарған Қызылорда облысын қиын-қыстау кезеңде аяқтан тұрғызуда арнайы экономикалық аймақ құрып, Арал проблемасын шешуде табандылық танытты.

Мемлекеттік деңгейдегі «Парыз», «Нұрлы жол» сынды жобалардың авторы атанды. Пандемия кезінде ұлт денсаулығын жақсартуға зор ықпал еткен еңбегі ұмытылмайды.

– Ең бастысы – елдің өткен жолынан өшпейтін өнеге табу, бүгінгімен ұласып жатқан жақсылықты тану, келешекке құлшынатын намысшылдықты қалыптастыру. Бүгінгі конференция да осынысымен өзекті. Сырдың аяулы перзентін ұлықтауға арналған іс-шаралар жалғаса береді.Келер жылдың ақпан айында Астанада республикалық конференция өткізіледі. Бүгінде кітап жазылып, деректі фильм дайындалу үстінде, – деді Наурызбай Байқадамов.

Конференцияда мұнан кейін ақын, журналист, «Қызылорда қоғамдық телекомпаниясының» құрылтайшысы Шәкизада Әбдікәрімов қазақ көшін өрге сүйреген қайраткер туралы өзінің жыр жолдарын оқып, құнды естеліктермен бөлісті. Сондай-ақ «Құрмет» орденінің иегері, Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы Бақыт Нұртазаев үзеңгілес әріптесі ретінде тебірене сөйледі. «Жаңақорған тынысы» газетінің бас редакторы Баян Үсейінова тұлғаның балалық шағынан бастап азамат болып атқа мінген кезі, қоғам қайраткері ретінде елдің өркендеуіне қосқан айрықша қолтаңбасы жөнінде жан-жақты әңгімеледі. Сонымен қатар ҚР Білім беру ісінің үздігі, руханият жанашыры, «Қорасан Ата» қоғамдық қорының төрағасы Асыл Айтжанов баяндама жасады.Қызылора облысының Құрметті азаматы», «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Алмагүл Божанова айтқан естелік те конференция қатысушыларына үлкен әсер қалдырды.

Конференциядан кейін көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевтың рухына бағышталып ас берілді.

Қ.Әбіш

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<