Туған жерге оралу

2388

0

Қазақ халқының қазыналы қайнар қазанындай болған Сыр елінің қасиетті топырағында, әлемдік тарих бетінен орын алған, небір тұлғалар дүниеге келген. Осындай сыр перзенттерінің ішінен еліміздің бейнелеу өнерінің дамуына өз үлесін қосқан, алыс жақын шетелге танымал болған, қылқалам шеберлеріде аз болмаған.

Біз бүгін, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының профессоры, Әбілқасым Сәрсенбаев туралы сөз қозғамақпыз. Ә.Сәрсенбаев 1955 жылы 22 наурызда Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Жаңатұрмыс ауылындағы «Аққұмшықта» дүниеге келген. 1986 жылы Т.Жүргенов атындағы мемлекеттік театр және көркемсурет институтының дизайн факультетін бітірген ол, сонда қалып оқытушы болып, білім ордасының профессоры атанады. Өнер жолын өміріне арқау еткен талай қазақ баласын бейнелеу өнерінің сиқырлы әлеміне жетелеген ол өзінің де шығармашылық қылқаламын шыңдай берді. Әбілқасым Сәрсенбаевтың шығармашылық тақырыптары сан алуан. Соның ішінде оның айшықты бояуларын өнер сыншылары, өнерсүйер қауымға, жалпы көпшілікке танымал еткен туған жеріне арнаған шығармалары. Арасында демалыс алғанда Алматыдан бала-шағасын ертіп елге келгенде, ағайын-туысты аралай жүріп, туған жерінің табиғатын қағаз бетіне түсіруден тынбайтын. Оның картиналарында туған жердің табиғат тылсымдарына тіл бітіп, қазақтың байтақ даласының дүбірі, ауылдың қайнаған еңбек-тіршілігі, көрнекті мемлекет қайраткерлері мен қарапайым колхозшылары халықтық қанық бояумен беріліп жататын. Оның ұлттық бояуға бай шығармаларын шетелдердегі өнер сүйер қауымның жеке қорына сатып алуы, сондай-ақ ҚР Мәдениет министрлігінің көркем көрмелер дирекциясы қорында сақталуы да дарынды талантының жемісі еді.

Өкініштісі сол, 2021 жылдың 14 сәуір күні жерлесіміз Әбілқасым Сәрсенбаев 66 жасында дүниеден озды.

2022 жылдың маусым айында С.Айт­баев атындағы көр­кем­сурет галереясына Ал­маты қаласынан суретшінің 200 картинасы мен графи­калық суреттері, туған інісі Исабек Сәрсенбаев және облыстық тарихи-өлкетану музейі мекемесінің  басшысы Сапар Әлиасқарұлының тікелей  қатысуымен әкелініп, музей қоры қайталанбас туын­ды­лармен толықты. 2022 жылдың қыркүйек айында С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Мәдениет саласының үздігі Әбілқасым Сәрсенбаевты еске алуға арналған «Өнерім өзіңе, туған жер!» атты шығармашылық көрмесінің ашылуы өтті. Көр­меге 100-ден астам туындылары қойылды.

Туған жерге оралу

Көрмедегі туындыларды саралай келе, сіз оның бүкіл шығармашылық жолын қадағалай аласыз. Оның жарқын, бояулы, көп дауысты шығармалары әртүрлі жанрда жазылған. Бірінде туған жерінің табиғаты, ауылдастары бейнеленсе, келесі бірі суретшінің өткінші өмір туралы терең ойларына арналған.  Көп қырлы туындыларының ішінде ерекше назар аударуға тұрарлық  «Дала дүбірі» деп аталатын картинасында қарапайым табиғат көрінісіндегі сұлулықты көре біліп, асқан шеберлікпен кенеп бетіне салған. Кескіндеменің бірнеше техникасын қолданумен қатар, ауа перспективасы арқылы шынайы кеңістік тереңдігі берілген. Картинада Қаратау бөктерінде орналасқан шағын ауыл бейнеленген. Мүлгіген тыныштықты бұзып ауыл шаңын аспанға көтеріп, шапқан бір топ жылқыларда өмір туралы терең мағыналы ойлары жатыр.

Пейзаж жанрында салынған «Жалғыз үй» картинасында төбе басына орналасқан ауылдағы есігінің алдында ағашы бар бір жалғыз үй бейнеленген. Шығарма кейіпкері итімен ойнап тұрған жас келіншек. Картина импрессионизм бағытында, яғни түстік әсерге басымдылық мәнерде салынған. Суретші картинадағы бейнелер арқылы өзінің сезімін, шығармасында өмірдің бір сәттілік бейнесін әсерлі де көркем бере алған.

«Тіршілік тынысы» атты картина да ауылдық пейзаж жанрында салынған.  Суретшінің зор сүйіспеншілікпен орындаған жұмысында есік алдында бірнеше ұсақ малға жем беріп тұрған бір кемпір бейнеленген. Табиғат сұлулығын, адам мен қоршаған орта арасындағы үйлесімділік байқалады. Қараңғы негіздеме бетіне батыл әрі жалпақ тегіс жағу арқылы түстерге нәзіктік пен балғындық сонымен қатар тұтастық бере алған.

Туған жерге оралу

Әбілқасым Сәрсенбаев туған ауылының қайнаған еңбек-тіршілігі мен күнделікті қарапайым сәттерін сүйіспеншілікпен бейнелеумен қатар, нағыз суретшіге тән өмірде өзін толғандырған ойларын кенеп бетіне түсірген. Осы бағытта салынған картиналарының бірі «Ана» атты шығармасы. Шығарма кейіпкері  қарапайым егде тартқан қазақ әйелі. Суретші анасының өмірінің жазы кетіп күзі қалғанын, композиция бетін түгел жапқан сарғайған жапырақтармен бейнелеген. Картинада көрерменге қарап, ауыр бейнеттен  қолы мен бетін әжім басқан шаршаңқы қалыпта отырған қартаң әйел көрінеді. Кейіпкердің нұрлы көзі терең ойлы әрі аналық мейірімге толы.       

Көркем кескіндеме мәнерінде салынған «Бабалар таңбасы» тақырыбындағы картинасы тарихи-мифологиялық жанрда салынған. Шығарма композициясында елінің жүріп өткен тарихи жолына куә таңбалы тастардағы петроглифтер мен балбал тастар бейнеленген. Колоритіне қазақ кескідемесіне тән қанық түстер қолданылған.  Суретші шығармасына терең ойлы философиялық мағына берген.

Суретші Әбілқасым Сәрсенбаевтің шығармашылығында тек қазақ халқы үшін емес, күллі Орталық Азия халықтарының саяси тәуелсіздігі үшін көзі жұмылғанша күресіп өткен Мұстафа Шоқайдың бейнесі ерекше орын алады. С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясына табысталған туындыларының 50-ден астамы Мұстафа Шоқайдың образына арналған. Суретшінің қазақтан шыққан ұлы перзентінің күрделі образын терең зерттеуге тырысқанын аңғарамыз.  Әр суретте Мұстафа Шоқай тұлғасы әр қырынан, түрлі әдіс-тәсілдермен, жаңаша көзқараспен бейнеленген. Өзі де сол Сыр өңірінің түлегі, Шиелінің тумасы болғандықтан, елінің, жерінің, ауылының табиғаты өзінен-өзі Шоқай бейнесімен бірігіп, тұтасып кеткендей.

Туған жерге оралу

Жалпы әр суретшінің даралығының көрінісі әрбір шығармасын өзіне тән жеке қолтаңбасымен  жазатындығында. Кескіндемешінің жеке қолтаңбасы деп оның шығарманы орындау техникасын, әдетті колориті мен дүниетанымының қосындысын айтады.  Әбілқасым Сәрсенбаевтің қолтаңбасы импрессионизм бағытына негізделген ұлттық кескіндеменің ашық бояуларымен қаныққан. Кескіндеменің, ол үшін терең рухани мәні болды. Ол физикалық шекаралардан асып түсетін абстрактілі пішіндер мен түстердің әмбебап көрнекі тілі арқылы адамның терең руханилығы мен эмоциясының тереңдігін беруге ұмтылды. Демек, оның мұрасы сурет бетіндегі бейнелермен ғана шектеліп қалмай, адам болмысының маңызды қырларын да қамтиды. Ендеше, оның соңында мұраға қалған еңбектері, өнерден рухани ләззат іздеген қарапайым көрермен жүрегін әлі де талай нұрландыратыны сөзсіз.

Т.Омаров,

Облыстық тарихи-өлкетану музейі

филиалының С.Айтбаев атындағы көркемсурет

галереясының өнертанушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<