Туристік-ақпараттық сайт іске қосылады

816

0

Қызылордада жыл соңына дейін «Visit Orda» туристік-ақпараттық сайты іске қосылады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Тасқараев айтты.

– Сайтта өңірдегі туристік нысандар мен қызмет түр­лері, экскурсия қызметі, мар­шруттары мен арнайы ша­ралар туралы ақпарат топ­тастырылады. Бұл мейман­дардың облыстың туристік әлеуетімен танысуына мүм­кіндік береді, – деді ол.

Басқарма өкілінің айтуын­ша, коронавирус панде­миясы аталған саланы да айналып өткен жоқ. Биыл алғашқы тоқсанда Сыр өңіріне 11 мыңнан астам адам келген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 44,7 процентке аз.

– Карантиндік шектеулер­дің екінші жағы, ішкі туризмді дамытуға басымдық беріліп отыр. Осы орайда ең әуелгі қажеттілік – инфрақұрылым. Бүгінде туристік нысандар бағытында жаңа маршруттар құру, туристерді қолжетімсіз жерлерге жеткізу, туристік нысандарда анықталған мәсе­лелерді кезең-кезеңімен шешу мүмкіндіктері қарастырылып жатыр, – деді М.Тасқараев.

Шипалы балшығымен та­нымал Жаңақорған шипа­жайларының қатары тағы біреуі­мен толықпақ. 88 орын­ды нысан құрылысы  аяқ­талып, абаттандыру жұ­мысы жүргізілуде. Әзірге ауданда «Жаңақорған шипа­жайы», «Шипажай Жаңа­қор­ған» және «Ақ-Шуақ» сана­торийлері жұмыс жасап тұр.

– Карантиндік режимге байланысты бұлар да жұмысын тоқтатқан болатын. Алайда, 8 маусымнан бастап қайтадан іске қосылды, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<