Қала әкімі Нұржан Ахатовтың төрағалығымен туристік аймақтарға келушілерге қолайлы жағдай жасау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша арнайы мәжіліс өтті.
Шаһар басшысы қала аумағынан өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автомобиль дәлізі бойындағы сервистік кешендердің қызмет көрсету сапасын арттыруды тапсырды. Сондай-ақ күрежолдағы қоғамдық орындардың күтімі, тазалық тәртібі күнделікті бақылауда болуын міндеттеді.
Жиында тарихи ескерткіштер аумағының тазалығы, жазғы уақытта қоғамдық тамақтану мен суға шомылу орындарындағы санитарлық талап, қауіпсіздік мәселелері де назардан тыс қалмады.
Қауіпсіздікке қатысты рейд
Өткен аптада ауданға қарасты Қамбаш көлінің «Аққұмшық» жағажайында суға шомылу маусымындағы қауіпсіздікке қатысты рейдтік шара өткізілді.
Онда судағы қауіпсіздік шаралары, демалыс аймағында ішімдік сатпау және санитариялық талаптардың сақталуы туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Рейд барысында қауіпсіздік сақтамаған 2 азаматқа айыппұл салынды.
Газдандыру жұмыстары қарқынды
Қазалы ауданында елді мекендерді газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді.
Аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет елді мекендерді аралау барысында Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Ү.Түктібаев ауылдарына магистральды газ құбырын тарту жұмыстарын көрді.
Төрт ауылға тартылатын газ құбырының ұзындығы 56,8 шақырым. Бүгінде оның 41 шақырымына газ желілері жүргізілді. Бұл жұмыстармен мердігер мекеме «Отау – Строй» ЖШС айналысуда.
Айта кетейік, аталған жұмыс толығымен аяқталғаннан кейін аудандағы елді мекендерді газбен қамту көрсеткіші 73 пайыз болады.
Жеке мәселелері бойынша қабылдады
Аудан әкімі Жандос Еркінбек тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, ұсыныстарын тыңдады.
Азаматтар тұрғын үй, жер және тұрақты жұмысқа орналасу мәселелерін көтерді. Қабылдауға онлайн қосылып, өзінің ұсынысын жеткізген тұрғындар да болды. Аудан әкімі әрбір тұрғынның мәселесіне жеке тоқталып, заңдылыққа сәйкес түсіндіріп өтті.
Қабылдауға келген азаматтардың арыз-шағымдары мен ұсыныстары бойынша жауапты басшыларға мүмкіндіктерді қарастыра отырып, заң аясында шешуді тапсырды.
ТАЗАЛЫҚ АКЦИЯСЫ ЖАЛҒАСУДА
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында сенбілік ұйымдастырылды.
Сенбілік барысында кент көшелері мен қоғамдық орындар тазартылды. Жиналған қоқыстар арнайы техникамен белгіленген орындарға шығарылды.
Аудан әкімі Ардақ Ибраимов сала басшылары мен кент әкіміне санитарлық талаптарды тұрақты бақылауда ұстап, жасыл желекті күтіп-баптау және аяқсуды уақытылы жеткізу бойынша нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, сенбілікке белсенді қатысқан тұрғындарға алғысын білдірді.
Сапалы өнім – табысты кәсіптің тірегі
Сырдариялық Азамат Ысқақов жетекшілік ететін «Искаков» жеке кәсіпкерлігі бүгінде тұрақты тұтынушыларын қалыптастырып үлгерген.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында пескоблок өндіру ісін бастаған кәсіпкер 6 миллион теңге жеңілдетілген несиеге қажетті құрал-жабдықтар алған. Үш адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жаңадан жолға қойылған бұл кәсіптің өнімдері қазірдің өзінде Қызылорда қаласы, жақын аудандар мен ауылдық елді мекендерге кеңінен саудалануда.
Қазақ күресінен облыстық турнир
Шиелі ауданында тыл ардагері, құрметті теміржолшы Нұрғали Қауғанбайұлын еске алуға арналған қазақ күресінен облыстық турнир ұйымдастырылды.
Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов пен «Шиелісушар» өндірістік учаскесінің басшысы Дихан Әубәкіров қатысушыларға сәттілік тіледі.
Додалы бәсекеге Қызылорда қаласы мен аудан орталықтарынан келген 2012-2013 жылы туған 100-ден астам жас балуан қатысып, 9 салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтады.
Алқаптарды аралады
Аудан әкімі Мәжит Самитов су тапшылығы мәселесіне байланысты күріш егістіктерін аралады.
Аралау барысында су кезектілігінің үшінші ауысымы жүріп жатқан «Аққорған», «Келінтөбе», «Қаратөбе» ауылдық округтеріндегі ішкі шаруашылық каналдарын тазалау жұмыстарын бақылады.
Шаруашылық құрылымдарының жетекшілері кезектесіп суару нәтижесі туралы айтып, биік танаптарға егілген күріш егістіктері қашыртқы каналдарға қойылған насостар арқылы суландырылғанын жеткізді.
Аудан әкімі сала басшылары мен ауыл әкімдеріне ішкі шаруашылық каналдарының бойындағы олқылықтарды қысқа мерзімде орнына келтіруді тапсырды.
Дайындаған:
Шынар БЕКБАН,
«Сыр бойы»





