Туризмге инвестиция тартуда серпін бар

361

0

Сейсенбідегі Үкімет отырысының күн тәртібінде туризмді дамыту мәселесі қаралды.

Үкімет отырысынан кейінгі арнайы мәжілісте облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мәселенің маңыздылығын баса айтып, жауапты басшыларға бірқатар тапсырма берді.

– Елімізде туризмді дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бұл арқылы біз өңірдің экономикалық жағдайының жақсара түсуіне, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне қол жеткіземіз. «Туристік қызмет туралы» Заң аясында мемлекеттік қолдаудың нақты тетіктері айқындалды.

Өткен жылы Үкімет «ҚР Туристік саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын» бекітті. Осындай бастамалар мен реформалар туризмнің дамуына тың серпін берді. Өткен жылдың қорытындысымен туризм саласындағы нысаналы индикаторлардың орындалу көрсеткішінде оң динамика қалыптасты. ҚР Туризм және спорт министрлігі бекіткен жоспар аясында салаға салынған инвестиция көлемі 20,7 млрд теңгені құрап, жоспар 201 пайызға орындалды, – деді аймақ басшысы.

Дегенмен, кейбір аудандарда Қызылорда облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес белгіленген меженің орындалу барысы төмен. Нұрлыбек Машбекұлы аудан әкімдеріне қажетті шара қабылдап, жұмыс қарқынын жылдамдатуды тапсырды.

Айта кетейік, биыл өңірдің туристік әлеуетін арттыру бағытында нақты шаралар қабылданды. Сәуір айында Еуроодақ елшілері Сыр өңіріне арнайы келіп, инвестициялық мүмкіндіктермен танысты. Аймақтың туристік тартымдылығын арттыру бағытында жаңа автовокзал пайдалануға берілді. «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы құрылысы аяқталды. Сондай-ақ туристер тасымалына қолайлы жағдай жасау үшін 100 экотакси сатып алу жоспарлануда.

Өткен жылдың қорытындысына қарағанда,  ішкі туристер саны 113 мың, сыртқы туристер саны 3980 адамға жеткен. Облыста 4195 орынға лайықталған 150 орналастыру жайы бар. 2022 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда, бұл көрсеткіш 112,8 пайызға артты.

Былтырғы жазғы демалыс маусымында облыстағы 13 шағын және 2 ірі демалыс орнына 110 мың демалушы келді, 70 мыңға жуық адамды «Қамыстыбас» және «Ханқожа көлі» демалыс аймақтары қабылдады. Олардың иелеріне алдағы демалыс маусымында қауіпсіздік шараларын күшейту және санитарлық тазалық талаптарын қатаң сақтау жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.

Қазіргі уақытта облыста 806 орынға есептелген 5 шипажай жұмыс істейді. Шипажайларға биылғы қаңтар-сәуір айларында 2587 адам келген.

Жол инфрақұрылымы да қарқынды дамып келеді. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізінің Қызылорда облысындағы бөлігінде 53 жол бойы қызмет көрсету кешені жұмыс жасайды. Былтыр туристерге тартымды орындарда 17 санитарлық-гигиеналық торап талаптарға сәйкестендіріліп, күтіп ұстау шығындары мемлекет есебінен субсидияланды. Биыл 21 нысанға мемлекеттік қолдау шараларын көрсету үшін 21 млн теңге бөлініп, 14 кәсіпкердің субсидиялау туралы өтінішіне комиссия оң қорытынды берді.

ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІНЕ ҚЫРАҒЫЛЫҚ ҚАЖЕТ

Мәжілісте сондай-ақ өртке қауіпті кезеңге дайындық барысы талқыланды.

Аймақ басшысы аталған мәселе бойынша жауапты басшыларға бірқатар тапсырма берді.

– Өздеріңізге белгілі, Қостанай, Абай облыстарында болған орман өрттеріне байланысты Мемлекет басшысы өзекті мәселелерді айқындап, бірінші кезекте орман шаруашылығы мекемелерін материалдық-техникалық жарақтандыруды тапсырды. Облыс аумағында өрттің алдын алуға және болдырмауға мүмкіндік жеткілікті. Синоптиктер болжамына қарасақ, мамыр айында Қармақшы ауданында атмосфералық құрғақшылық, Шиелі ауданында қалыпты құрғақшылық күтілуде. Жауын-шашын тапшылығы болуы, ауа температурасының жоғарылауы мүмкін. Сондықтан ауа райы болжамына үнемі бақылау жасап, сақтық шараларын қабылдауды тапсырамын, – деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, облыстағы орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 2022 жылдан бері 1 млрд 544 млн теңге бөлініп, 2021-2023 жылдары 6 өрт сөндіру автокөлігі сатып алынды. Биыл 77,1 млн теңгеге 28 мотоцикл, 5 ағаш отырғызу агрегаты, 15 навигатор, 4 мотопомпа, 26 байланыс құралы алынбақ.

Өртке қауіпті кезеңде шалғай елді мекендердегі өрт сөндіру бекеттері жұмысын үйлестірудің маңызы зор. Себебі аудан орталығынан өрт сөндіру қызметі жеткенше, қолдағы бейімделген құралдармен әрекет етуге мүмкіндік бар. Нұрлыбек Машбекұлы өртке қарсы қызметі жоқ елді мекендердегі бекеттер мен ерікті құрылымдардың нақты жұмыс жасауын қадағалауды тапсырды.

Жиын қорытындысымен қала, аудан әкімдеріне елді мекендерде құрылған өрт сөндіру бекеттерін бейімделген ғимаратпен, құрал-жабдықтармен  жарақтандыру міндеті жүктелді. Қызылорда қаласы мен Сырдария, Жалағаш, Қармақшы аудандары әкімдері пирс (өрт болған жағдайда су алу орны) құрылысына жергілікті бюджет есебінен қаражат бөлуді пысықтауы тиіс.

Мұнан бөлек, «2021-2025 жылдары мемлекеттік өртке қарсы қызметі жоқ елді мекендерде кезең-кезеңмен өрт бекеттерін құру» жоспарына сәйкес, Сырдария ауданының «Шіркейлі» және «Ақжарма» ауылдық округтерінде бекет ұйымдастыру қажет. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына орман қоры жерлеріне жаңа минералдық жолақтар жүргізу, ескі минералдық жолақтарды қайта қалпына келтіру жөнінде тапсырма берілді. Орманда және алқаптарда өрт қауіпсіздігін сақтау, алдын алу үшін  арнайы мобильді топтар құрылатын болады.

Еске салсақ, Қызылорда облысы аумағында мемлекеттік орман қоры жерлерінің жалпы көлемі 7 млн гектар, оның 3,8 млн гектары – орманды алқаптар.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<