Тығыз ықпалдастық табысқа жеткізеді

402

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қос Киенің сақшысы – Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбделазиз Әл Саудтың шақыруымен Джидда қаласына ресми сапармен барды.

Қазақстан Президентін әуежайда Корольдің кеңесшісі әрі Мекке провинциясының губернаторы Фейсал Халид бен Әбделазиз, сондай-ақ  Сауд Арабиясы Корольдігінің Қоршаған ортаны қорғау, су ресурстары және ауыл шаруашылығы министрі Абдурахман Әл-Фадли қарсы алды.

Корольдің «Қаср Ас-Салам» сарайында Құрмет қарауылының бастығы екі ел басшыларына рапорт берді. Қазақстан мен Сауд Арабиясының әнұрандары шырқалып, ресми делегациялардың мүшелері таныстырылғаннан кейін Мемлекет басшысы мен Тақ мұрагері келіссөз жүргізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Саудқа ілтипат білдіріп, шақырғаны және қонақжайлық көрсеткені үшін Сауд Арабиясының Королі мен Тақ мұрагеріне алғыс айтты. Қазақстан Президентінің айтуынша, Мемлекет басшысы ретінде Сауд Арабиясына алғаш рет келгендіктен, бұл сапардың маңызы зор.

Келіссөз барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Сауд елдеріміз арасындағы қатынастар деңгейі жақсы екенін атап өтіп, оны әрі қарай нығайтып, дамыту үшін мүмкіндіктер мол екенін айтты. Сондай-ақ бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру қажет екеніне тоқталды. Оның айтуынша, бұл ретте Қазақстан мен Сауд Арабиясының бизнесмендерін біріктіретін Іскерлік кеңестің рөлі зор болмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тақ мұрагерін Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Мұхаммед бен Салман бұл шақыруды қуана қабылдайтынын айтып, қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырудың нақты нәтижелерін талқылау үшін Қазақстанға сапармен келуге дайын екенін жеткізді.

Мемлекет басшысының Сауд Арабиясына ресми сапарының екінші күні елдің іскер топтар өкілдерімен өткен инвестициялық дөңгелек үстелге қатысудан басталды. Екі елдің инвестиция, экономика, сауда және қаржы салаларындағы ықпалдастығын нығайту кездесудің негізгі тақырыбы болды.

Мемлекет басшысы ынтымақтастықты кеңейтудің мейлінше перспективті салаларын белгілеп берді. Ең алдымен, бұл екіжақты сауда-саттыққа қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай, Қазақстан, Әзербайжан, Грузия және Түркия арасын жалғастыратын көлік-транзит  және логистикалық  мүмкіндіктерді, соның ішінде Транскаспий бағдарын әртараптандыруды және кеңейтуді екінші маңызды бағыт ретінде атап өтті.

Оның пікірінше, ынтымақтастықтың мол әлеуетін экономиканың нақты секторында да пайдалануға болады. Қазақстан мен Сауд Арабиясының мұнай химиясы, атом энергетикасы, жасыл сутегі өндірісі салаларын дамыту, ғарышты зерттеу жөнінде және басқа да бағыттар бойынша жоспары бар.

Президент отандық агросектордың әлеуетіне де тоқталды.

– Қазақстан егістік көлемі бойынша жан басына шаққанда әлемде екінші, жайылымдық жерлер жөнінен бесінші орын (180 миллион гектар) алады. Еліміз бидай өсіретін және ұн өндіретін 10 ірі мемлекеттің қатарына кіреді. Біз Корольдікке жоғары сапалы бидай, ұн және майлы дақылдарды тұрақты әрі ұзақ мерзімді жеткізуші елдердің бірі болуға дайынбыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

– Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстанның Сауд Арабиясымен арадағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға және кеңейтуге бейілді екенін растағым келеді. Бүгін осында бүкіл әлемде айтарлықтай табыстарға қол жеткізген Сауд Арабиясының ірі компанияларының басшылары қатысып отыр. Мен бәріңізді өзара тиімді негізде Қазақстанда бірлесе жұмыс істеуге шақырамын, – деді Қазақстан Президенті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының Мемлекеттік инвестициялық қорын (PIF) басқарушы Ясир Әл-Румайянмен кездесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның әртүрлі салалар бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты жүзеге асыруға ниетті екенін атап өтіп, өзара ортақ мүддені көздейтін жобаларды жүзеге асыру үшін инвестициялық қор мен «Самұрық-Қазына» АҚ және «ҰБХ «Бәйтерек» компаниялары арасындағы тығыз ықпалдастықты жолға қоюды ұсынды.

Мемлекет басшысы Сауд Арабиясының бірқатар кәсіпкерлерімен жеке кездесу өткізді. Атап айтқанда, Президент Ajlan & Bros Holding Group холдингтік топ басқармасының басшысы Аджлан бен Әбделазиз Әл-Аджланмен және Acwa Power компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Мұхаммед Әбунаянмен әңгімелесті.

Президент Қасым-Жомарт  Тоқаев Ислам даму банкінің басшысы Мұхаммед Сулейман Әл-Джассермен экономиканың түрлі салаларындағы бірқатар бірлескен жобалардың жүзеге асырылу барысын талқылады.

Мемлекет басшысы Ислам ынтымақтастығы ұйымының Бас хатшысы Хиссейн Брахим Тахамен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан Президенті мен ИЫҰ-ның Бас хатшысы аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер туралы, сондай-ақ Қазақстан мен Ислам ынтымақтастығы ұйымы арасындағы ықпалдастықты одан әрі тереңдетудің перспективалары жөнінде пікір алмасты. Кездесу соңында Президент Қасым-Жомарт  Тоқаев Хиссейн Брахим Таханы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысуға шақырды.

Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы достық пен серіктестікті нығайтуға қосқан зор үлесі үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Король Салман бен Әбделазиз Әл Саудты еліміздің ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапаттады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Джидда қаласына ресми сапары аясында Сауд Арабиясы тарапына орденді салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<