Ұтымды ұсыныстар алаңы

579

0

«Достық үйінде» «Қазақстан халқы Ассамблеясы: мемлекеттік саясатты іске асырудың миссиясы, міндеттері мен тетіктері» тақырыбында республикалық семинар-тренинг басталды. Маңызды шараның ашылуына облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов қатысып, семинардың орамды ой мен ұтымды ұсыныс айтылатын алаңға айналарына сенім білдірді. Бір мақсат, бір мүдде жолында бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Семинардың негізгі аудиториясы  Жамбыл, Алматы, Түркістан облыстарынан келген мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау органдарының қыз­меткерлері, өңірлердегі ҚХА хатшылығының мамандары мен этномәдени бірлестік өкілдері болды. Жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағ­дар­ламалық мақалаларының шең­­берінде айқындалған жал­­пы­­ұлттық бірлік пен біре­­гейлікті қалыптастыру мін­­­дет­тері талқыланды. Спикер­лер полиэтникалық қоғамда инклю­зивті әдістерді қолдану қа­жеттігін де ортаға салды. ҚР Президенті жанындағы Мем­лекеттік басқару академия­сы Орталық Азия өңі­рін­дегі этносаралық және кон­фес­сия­аралық қатынастарды зерт­теу орталығы жетекшісінің орын­басары, ҚХА ҒСК мүшесі, сая­си ғылымдарының кандидаты Дастан Көшербаев бұл мә­­селеге айрықша қолдау ке­рек­тігін, инклюзивті қоғамды да­мыту әлі де ауқымды жұмыс­тар­ды талап ететінін алға тартты.
– Елімізде инклюзияны, ең алдымен, мүмкіндігі шектеулі адамдармен жұмыс істеу тұрғысынан қарастыру дәстүрге айналған. Алайда, инклюзияның барлық салада салмағы бар. Инклюзивті мәдениет қалып­тас­тыру ашық  позиция ұстануға, өз пікірін білдіріп ғана қоймай, өзгенің ойымен  санасуға, мәдени айырмашылық пен түрлі позицияларға қарамастан, диалог жүргізуге дайын болуға мүмкіндік береді, – деді Д.Көшербаев.
Бұдан бөлек, басқосуда аза­маттық құқықты қор­ғау, «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ла­масының сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы мәдениетті қалып­тастырудағы ролі айтылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, семинар әлі екі күнге созылады.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<