Тың бастама және тыңғылықты жұмыс нәтижесі

304

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Үкіметтің пәрменді қолдауы Сыр елінде айқын сезіледі. Бұл ретте облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың батыл бастамаларымен жүзеге асып жатқан жұмыс, әсіресе кейінгі жылдары ерекше сипат алды. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жаңа сатыға көтеріліп, көрсеткіштер бойынша Республикада алдыңғы қатарға шықты. Қаржы, инвестиция тарту, ұлттық жобаларды іске асыру, білім, денсаулық, ауыл шаруашылығы сынды басты-басты салаларда қыруар еңбек жасалып жатыр. Құрылыс саласында да Қызылорда облысының қарқыны күшті. Бүгінгі шығарылымда аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы негізгі көрсеткіштер баян етіледі.

ҚАРЖЫ ТАЙҚАЗАНЫ ТОЛЫҚТЫ

Өңірдің экономикалық даму деңгейін сипаттайтын негізгі көрсеткіш – «Жалпы өңірлік өнім» көлемі соңғы екі жыл ішінде (2021-2023 жж.) 1,9 трлн теңгеден 2,6 трлн теңгеге немесе номиналды мәнде 34,4 пайызға артқан, яғни өңір экономикасы тұрақты дамуда.

Экономика дамуының айқын тірегі саналатын облыс бюджетінің көлемі жыл сайын артуда.

2022 жылы облыс бюджеті 364 млрд теңге көлемінде бекітіліп, жыл ішінде нақтылау нәтижесімен 441,2 млрд теңгені құраса, биыл, яғни 2024 жылы 622,1 млрд теңге болып бекітілді. Жыл ішінде нақтылау жұмыстары арқылы облыс бюджеті 750 млрд теңгеге жетіп, өсім 386 млрд теңгені немесе 206 пайызды құрады.

2022 жылы Қызылорда облысының даму бюджеті 50 млрд теңге болса, 2023 жылы 126,9 млрд теңгені құрады. Осы жылы 180,6 млрд теңгеге жетіп, 2022 жылмен салыстырғанда 130,6 млрд теңгеге немесе 3,6 есе өсті.

Сонымен қатар, 2022 жылы республикалық бюджеттен бөлінген трансферттер мен субвенция көлемі 344,9 млрд теңге болса, 2024 жылы 548,7 млрд теңгеге жетіп, өсім 203,8 млрд теңге немесе 59 пайызды құрайды.

Оның ішінде: 2022 жылы субвенция 184,3 млрд теңге, ал 2024 жылы 433 млрд теңге болып, өсім 248,7 млрд теңгеге (2 есе) ұлғайды. Сондай-ақ 2022 жылы даму трансферттері 25,2 млрд теңгені құраса, биыл  80,8 млрд теңге болып, өсім 55,6 млрд теңгеге (3,2 есеге) жетті.

2022 жылы бюджеттік кредиттер 6 млрд теңге болса, 2024 жылы 18,1 млрд, яғни өсім 12,1 млрд теңгеге артты.

Мұнан бұрынғы жылдардағыдай бюджетті жоспарлаудың бірінші басымдығы әлеуметтік бағытын сақтады. 2022 жылы әлеуметтік салаға 275,3 млрд теңге бағытталса, 2024 жылы 415,2 млрд теңгеге жетті. Мұнда (139,9 млрд теңге) 50,8 пайыз өсім бар. Бұл жалпы бюджет көлемінің 55,4 пайызын құрайды. Оның ішінде, білім беру саласына 296,1 млрд, денсаулық сақтау саласына 21,3 млрд, әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыруға 46,2 млрд, мәдениет, спорт салаларына 51,6 млрд теңге қаралды.

Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында бүгінде оң тенденция сақталуда.

Макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша өсім қалыптасты. Өңіріміз биылғы жыл бойы республика аймақтары арасында көшбасшы позициясын сақтап келеді.

2024 жылдың 11 ай қорытындысымен өңдеу өнеркәсібі – 20,6 (328,4 млрд теңге), ауыл шаруашылығы – 2,5 (199,6 млрд теңге), тұрғын үй – 15,3 (810,5 мың ш.м.), көлік – 3,3 (268,0 млрд теңге), сауда – 6,5 (734,9 млрд теңге), құрылыс жұмыстарының көлемі – 62 пайызға (224,5 млрд теңге), негізгі капиталға тартылған инвестициялар – 20,5 пайызға (559,4 млрд теңге) артты.

Өңдеу өнеркәсібі бойынша өңір 2022 жылы республикада 11-орында болса, 2023 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін 1-орыннан көрінді.

Шикізаттық емес секторды дамыту мақсатында соңғы 3 жылда облыста құны 30,3 млрд теңгені құрайтын 35 инвестициялық жоба жүзеге асып, іске қосылды. Алдағы бесжылдықта (2025-2029 жж.) өңдеу өнеркәсібінде құны 1,0 трлн теңгені құрайтын 55 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.

Кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға соңғы 2 жылда (2022-2023 жж.) әртүрлі көздерден 12,4 мың жобаға 127,5 млрд теңге тартылды. Оның 25,1 млрд теңгесі – мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау тапты.

Биыл барлық қаржы көздерінен 70,5 млрд теңгеге жеке кәсіпкерліктің 4025 жобасы қаржыландырылды. Нәтижесінде кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі осы жылы 21%-ға жететін болады (2022 ж. – 19,1%, 2023 ж. – 19,9%).

Қолдау шаралары нәтижесінде шағын және орта кәсіпкерлікте өндірілген өнім көлемі 33,6 пайызға (432,9 млрд тг.) артты.

Ауыл шаруашылығы саласына 2024 жылдың 11 айында 12,4 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Биыл 189 мың 449 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, мерзімінде толық жиналды. Су үнемдеу технологияларын пайдалану көлемі 4,4 мың гектарға жеткізілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 есеге артық (2023 жылы 872 гектар). Су шығынын азайтуда егістік жерлерді лазерлік тегістеудің маңызы зор.

Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасы аясында өткен жылы 3 млрд теңгеге 406 жоба жүзеге асты. 713 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл осы мақсатта 4,6 млрд теңгеге 575 жоба жүзеге асырылуда. Жобалар аясында агробизнес өкілдері тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Құрылыс жұмыстары көлемінің өсімі бойынша аймағымыз республика өңірлері арасында көш басында. Жыл басынан бері 224,5 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары орындалып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 162 пайызды құрады.

Өңір экономикасына 559,4 млрд теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 20,5 пайызға артық. Оның ішінде, жеке инвестициялар көлемі 402,1 млрд теңгені құрап, өсім 17,8 пайыз болды.

«Қорқыт Ата» әуежайының» жаңа терминалы 2024 жылдың қараша айында салтанатты түрде ашылды. Жобаны іске асыруға Болат Өтемұратов қоры 16,6 млрд теңге инвестиция салды. Жергілікті бюджеттен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға 4,3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Мемлекеттің теңгеріміндегі жаңа терминал Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) жоғары стандарттарына сәйкес келеді. Қазіргі таңда қосымша әуе бағыттарын, оның ішінде халықаралық рейстер ашу бойынша жұмыстар жасалуда.

Түрік инвесторларымен құны 215 млрд теңгені құрайтын қуаттылығы 240 мегаваттық жаңа жылу-электрорталығының құрылысы жүргізілуде. Жыл қорытындысымен өңірге тартылған инвестициялар көлемі 569,5 млрд теңгеге жеткізілетін болады.

Осылайша, 2024 жылдың 11 ай қорытындысымен аймағымыздың экономикалық өсімі 7,4 пайызды құрады (республика бойынша –105,6%).

ЖОЛ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ: ОЗЫҚ ІСТІҢ ОРАЙЫ

Биыл жергілікті жол инфрақұрылымын дамытуға бюджеттен 44,7 млрд теңге (РБ-17,6 млрд тг., ОБ-27,0 млрд тг) бөлініп, ұзындығы 300 км аса автомобиль жолдарын, көпір өткелдерін және көшелерді жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Осы жылы Қызылорда қаласында «Әуежайға кіреберіс» автомобиль жолы, Жаппасбай батыр көшесі мен Яссауи көшелеріне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, 4 жолақты болып кеңейтілуде. Сонымен қатар, Қызылорда қаласындағы Н.Назарбаев даңғылынан «Тәуелсіздікке-25 жыл» даңғылына дейінгі аралық жолдың құрылысы, Е.Көшербаев көшесі мен аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент-Қызылорда» 8,4 шақырымдық автомобиль жолының қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды.

Жанқожа батыр көшесінен теміржол асты көпірінің құрылысы, «Тәуелсіздікке-25 жыл» даңғылының бойында «Қызылжарма» каналы арқылы өтетін автожол көпірінің құрылысы, «Тәуелсіздікке-25 жыл» даңғылын қайта жаңғырту жұмыстары бастау алды.

Осылайша, 2024 жылдың қорытындысымен жақсы деңгейдегі жолдардың үлесі 92 пайызға жететін болады.

КӘСІПКЕРЛІККЕ КЕҢ ӨРІС

2022-2024 жылдары облыста шағын және орта кәсіпкерлік қарқынды дамыды. Соңғы 3 жылда бұл санатта жұмыспен қамтылған адамдар саны 11,4%-ға (104,8 мыңнан 116,8 мыңға) артса, шығарылған өнім көлемі 1,8 есеге (456 млрд теңгеден 823,5 млрд теңгеге), салықтық түсім 2,5 есеге (29,1 млрд теңгеден 73,7 млрд теңгеге) ұлғайып, кәсіпкерліктің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 20,4%-ға жетті.

Нәтижеге қол жеткізу үшін, мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта бизнеске 198 млрд теңге сомасында қаржылай қолдау көрсетілді. Оның ішінде, Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында шағын және орта бизнестің жалпы несие портфелі 92 млрд теңгені құрайтын 3,5 мың жоба субсидияланып, 2,6 мыңнан аса жоба кепілдендірілді.

Қаржы ұйымдары арқылы шағын бизнестің 2,2 мың жобасы 38,7 млрд теңгеге қаржыландырылды. Жастар мен ауыл тұрғындарының табысын арттыру жөніндегі «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 1047 жоба 6,3 млрд теңгеге несиелендірілді. Бюджетке шағын және орта кәсіпкерлікпен 63,7 млрд теңге салықтық түсім жасалды. Шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 20,4 пайызға жетсе, жыл қорытындысымен 21 пайызға иек артпақ.

Бүгінгі күні шағын және орта кәсіпкерлікте 66 мыңға жуық субъекті жұмыс жасайды.

ИНВЕСТИЦИЯ ИГІЛІКТІ АРТТЫРДЫ

Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауынан туындайтын негізгі міндеттердің бірі – отандық және шетелдік инвестиция тарту.

Соңғы 3 жыл ішінде өңірге 1,4 трлн теңге инвестиция тартылды (2022 ж. – 413,3 млрд теңге, 2023 ж. – 513,7 млрд теңге, 2024 ж. 11 ай – 559,3 млрд теңге).

Атап өту қажет, өңірге бекітілген индикатор соңғы екі жыл қатарынан артығымен орындалуда. 2022 жылы 373,5 млрд теңге индикатор белгіленген еді, атқарылған жұмыстар нәтижесінде жоспар 10,6%-ға артығымен орындалып, 413,3 млрд теңге болды. Ал 2023 жылы 424,2 млрд теңге индикатор бекітіліп, жоспар 21%-ға өсті, яғни 513,7 млрд теңге инвестиция тартылды. Сөйтіп көрсеткіштің өсу қарқыны, жоспарлы көрсеткіштің орындалуы бойынша өңірлер арасында І орынға шықтық.

Биыл жоспарланған 517,5 млрд теңге инвестиция индикаторы 11 айда 127,7 млрд теңгеге немесе 8%-ға артық орындалды. Нәтижесінде 11 айда 559,3 млрд теңге инвестиция тартылды. Оның 71,8%-ы жеке инвестициялар.

Жалпы облыста инвестиция тарту бойынша оң көрсеткіштерге қол жеткізу үшін қолайлы климат қалыптасты деп айтуға толық негіз бар.

2022-2024 жылдары өңірде жалпы сомасы 99,1 млрд теңгеге 46 инвестициялық жоба пайдалануға берілді (2022 ж. – 46,9 млрд теңгеге 8 жоба; 2023 ж. – 15,2 млрд теңгеге 17 жоба, 2024 ж. – 37 млрд теңгеге 21 жоба).

Биылғы ірі жоба – «Orda Glass» серіктестігіне қарасты шыны зауытының ішінен құны 6,7 млрд тенгені құрайтын энергия үнемдейтін шыны өндірісінің жаңа желісі іске қосылды. 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Қуаттылығы – жылына 5 млн шаршы метр. Энергия үнемдейтін шынының ерекшелігі – суық мезгілде жылуды сақтайды, жазда күн радиациясынан қорғайды және жылуды 20%-дан астам үнемдеуге қол жеткізуге болады.

Сонымен қатар, минералды ұнтақ, асфальтбетон, газоблок, металл өңдеу цехы, 5 күріш өңдеу цехы, құрт өндірісі және балық өңдеу цехтары іске қосылды.

Биыл құрылыс саласында 2 ірі инвестициялық жобаның құрылысы басталды: шыны кластерін құру бағытында қуаттылығы жылына 720 мың шаршы метр айна шығару өндірісі және қуаттылығы жылына 90 млн дана заманауи кірпіш зауыты.

Отандық және шетелдік инвесторлармен бірлесіп жасалған жұмыстар нәтижесінде биыл құрылыс, жаңартылған энергия көздері, экология, денсаулық сақтау, машина жасау, жиһаз өнеркәсіптері салаларында жалпы құны 242,8 млрд теңгені құрайтын 25 жаңа жобаның бастамасы қолға алынды.

2023 жылы мамыр айында облыс әкімінің Кореяға іссапары нәтижесінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жанынан Сеул Ұлттық ғылым және технологиялар университетінің Қазақстандағы алғашқы Жасанды интеллект институты ашылды. Қазіргі таңда 100 студент білім алуда.

2024 жылдың 1 қарашасы күні Қазақстан Республикасының Үкіметі түркиялық «Orhun Medical» компаниясымен құны 95 млн АҚШ долларын құрайтын 8 медициналық жобаны іске қосу бойынша инвестициялық келісімге қол қойды. Оның ішінде, Қызылорда қаласында ПЭТ/КТ кешенді позитронды-эмиссионды томография орталығын ашу жоспарланған. Жоба аясында өңірге 7 млн АҚШ доллар инвестиция тартылып, 50 жаңа жұмыс орны ашылатын болады.

Биыл 12 маусымда Мемлекет басшысы «KIGAM» корейлік зерттеу институтының президенті Ли Пёнг-Кумен келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде, тамыз және қазан айларында институт ғалымдары Арал ауданына іссапарымен келіп, литий қорын зерттеу жұмыстарын бастады.

Одан бөлек, Республика күні қарсаңында шетелдік инвесторлар қатысуымен 2 «жасыл» энергия жобасының құрылысы басталды. Құны 11,5 млрд теңге болатын «Тесис» компаниясының 40 МВт-тық күн электр станциясы жергілікті тұрғындар үшін 20 жұмыс орнын ашатын болады. Сонымен қатар, «Uranus Wind» ЖШС компаниясының құны 16,5 млрд теңгені құрайтын жел электр станциясының таныстыру рәсімі өтті. Қуаттылығы – 50 МВт-тық бұл станцияның құрылысы бойынша 10-нан аса жұмыс орны ашылады.

Биыл 2-7 желтоқсан күндері облыс әкімі Н.Нәлібаев бастаған құрамында бизнес өкілдері бар делегация Италия мен Испанияға іссапармен барды. Сапар мақсаты – заманауи өндіріс салаларымен танысу және аймақтың экономикалық дамуына үлес қосатын серіктестер табу. Делегация құрамында ауылшаруашылық және құрылыс салаларының басшылары, өңірлік кәсіпорын өкілдері болды. Делегация мүшелері Италиядағы тері өңдеу өнеркәсібі, медициналық құрылғылар мен энергия салаларында келіссөздер жүргізді. Сонымен қатар, Испанияда бетон қоспалары мен керамикалық бұйымдар өндірісі, курьерлік қызмет саласында ынтымақтастық орнату мәселелерін талқылады. Нәтижесінде испаниялық «Roca» компаниясымен өңірде керамикалық санитарлық-техникалық бұйымдар өндірісін құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Орнатылған байланыстарды дамыту үшін барлық компанияларға ресми хаттар жолданып, кездесулер ұйымдастырылуда.

ӨРЛЕЙ ТҮСКЕН ӨНЕРКӘСІП

2022 жылы өңдеу өнеркәсібінің көлемі 104,5%-ға ұлғайып, 250,7 млрд теңгені құраса, 2023 жылы 328,7 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 34,1% құрады. Биылғы жылдың қаңтар-қараша айларында өңдеу өнеркәсібі саласында 328,3 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 20,6% болды. Көрсеткіштің өсу қарқыны бойынша облыс республикада бірінші орынды иеленді.

Салалық құрылым бойынша, өсім металлургия өнеркәсібінде 37,6%, жеңіл өнеркәсіп саласында 65,4%, тамақ өнімдерін өндіру 1,2%, химия өнеркәсібі 14,5%, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру 8,6%, құрылыс индустриясы 7,7%-ға қалыптасты.

Облыста өңдеу өнеркәсібі саласында 380-нен астам кәсіпорын жұмыс істейді, жұмыспен қамтылғандар саны – 13 мыңға жуық адам.

Жергілікті өнімдердің ұлттық брэндін қалыптастыруда өңір көш басында

Жалпы географиялық нұсқама ұзақ тарихы бар, шыққан жерімен, табиғатымен және мәдениетімен тығыз байланысқан ауылшаруашылық, азық-түлік өнімдеріне, қолөнер бұйымдарына және өнеркәсіптік өнімдерге қатысты қолданылады.

Сол нұсқамаларды тіркеу Қазақстанның әртүрлі өңірлерінде өндірілетін тауарлардың ұлттық брендін дамытуға, сондай-ақ олардың әлемдік нарықта танылуын, инвестициялық тартымдылығын арттыруға және туристік саланы дамытуға ықпал етеді.

Әр өңірде өндірілетін өнімдердің ұлттық брендін қалыптастыру және оны одан әрі дамыту бағытында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біздің өңірімізде едәуір жұмыстар жүргізілді.  Өңірде алғашқы болып географиялық нұсқаманы пайдалану құқығы Арал ауданынан «А.Кушжанова» жеке кәсіпкерлігінің түйе сүтінен жасалған сабыны тіркелсе, бүгінгі күні «Qazpatent» ұлттық зияткерлік меншік институтында тіркелген өнімнің саны 9-ға жетіп, республика бойынша аймағымыз көш бастап келеді.

Атап айтқанда, Сырдың күріші,  тұзы, Жаңақорғанның жүгері сусыны, Жайылманың қарбызы, Қазалы конфеті, Арал теңізінің көксерке сүбесі, Аралдың жантақ өсімдігі қосылған емдік сабыны, Қазалы сабыны. Сонымен қатар, 3 өнімге (Шиелінің құрты, Шиеліде түйе сүтінен жасалған балмұздақ және Жаңақорғанның бал арасы) географиялық нұсқама құқығын алу үшін тіркеуге өтінім берілді.

Географиялық нұсқама ретінде тіркелуге мүмкіндігі мол және халықтың ауқымды сұранысына ие әрі нарықта танылған Қызылорда облысында өндірілетін тауарлар легі жеткілікті.Солардың бірі құрамында глютені жоқ және ақуыз дәрумендері мен минералдарға бай, жоғары сапалы тары өніміне географиялық нұсқама алу жұмыстары қолға алынды.

ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНЫ ҺӘМ ДЕМЕУШІЛЕР ҚОЛДАУЫ

Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауының арқасында 2022 жылдан бастап облыста құрылыс саласы өрлеудің жаңа кезеңіне көшті.

Биыл 2022 жылмен салыстырғанда қаржы көлемі 5 есеге өсіп, бұған дейін құрылыс саласына бөлінбеген 128 млрд 500 млн теңгеге жетті.

Айталық, 2021 жылы 18 млрд, 2022 жылы 24,2 млрд теңге бөлінген.

Биылғы жылдың 11 айында құрылыс жұмыстарына 224 млрд 483 млн теңге құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 162% орындалып, республика бойынша өңіріміз бірінші орынға тұрақтады.

Биыл жоғарыда атап өткен 128 млрд 500 млн теңгеге 197 нысанның құрылысы қарқынды жүргізілді.

Білім саласы бойынша облыста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде ұлттық қордан 21 млрд 300 млн теңгеге 10 мектеп салу жоспарланған. Республикада алғашқылардың бірі болып облыс орталығынан 900 оқушыға арналған «Жайлы мектеп» пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 4 мектептің құрылыс жұмыстары аяқталады, қалған 5 мектеп келесі жылға өтпелі. Барлығы инфрақұрылыммен қамтылды. Абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, 4 мектеп және 5 мектепке қосымша құрылыстар салынды.

Облыс орталығында 8 млрд 400 млн теңгені құрайтын дарынды балаларға арналған 400 орындық физика-математика бағытындағы мектеп-интернаттың құрылысы қарқынды жүруде. Сондай-ақ балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында құны 2 млрд 500 млн теңгеге салынған оқушылар сарайы ел игілігіне табысталса, құны 11 млрд теңгеге «Шығармашылық академиясының», 4 млрд 200 млн теңгені құрайтын Музыкалық коллеждың құрылыстары қарқынды жүруде.

Денсаулық саласында 12 млрд теңгеге 22 құрылыс нысаны жүргізіліп, 15-і пайдалануға берілді. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Республикада алғашқы болып 9 амбулатория мен 2 фельдшерлік-акушерлік бекет ел игілігіне табысталмақ. Сондай-ақ Қызылорда қаласында 36,4 млрд теңгеге бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жүргізілуде. Бұған дейін, қаламыздағы Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан «Қан орталығы» ел игілігіне табысталды (құны 2,9 млрд).

Аймақ басшысының бастамасымен биыл Сыр өңірінде «Руханият жылы» деп жарияланып, барлық ауданда құны 11 млрд 500 млн теңгені құрайтын 7 «Руханият» орталықтары салынып, 5-і ел игілігіне табысталды.

2 млрд 300 млн теңгені құрайтын облыстық тарихи-өлкетану музейі салынып жатса, құны 3,7 млрд теңгеге «Өнер орталығы» салынып, Сыр мәдениеті мен руханиятының айшықты ордасына айналды.

Спорт саласында облыс орталығында халықаралық стандарттарға сәйкес 11 мың орындық Орталық стадион (20,9 млрд теңге), жабық бассейні бар көпсалалы денешынықтыру-сауықтыру кешені (6,8 млрд теңге) салынуда. Жақын арада Қызылорда қаласында «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешенінің құрылысы басталады. «Самұрық қазына траст» қорымен бірге құны 3 млрд 400 млн теңге болатын «Үстел теннисі» орталығы салынып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Аудандарда 11 спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде.

Тұрғын үй бойынша 2022-2023 жылдары 4 мыңға жуық пәтер табысталып, 17 мың тұрғынның баспана мәселесі шешімін тапты. Биыл бюджеттен тұрғын үй құрылысына және жеке салушылардан дайын пәтер сатып алуға 39 млрд 100 млн теңге қаралып, 2 мың 500-ден астам пәтер сатып алынды (кредиттік – 504, әлеуметтік осал топтарға – 1944, апатты деп танылған азаматтарға – 135).

Атап өтетін жайт, облысымыз халықтың әлеуметтік осал топтарына тұрғын үй сатып алу бойынша Республикада 2-ші орында.

Экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес тұрғын үй құрылысының көлемі 863,9 мың шаршы метрге межеленіп, бүгінгі күнге жоспар артығымен орындалуда. 2024 жылдың қаңтар-қараша айларында 810,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңіне 115,3% құрады.

2024 жылы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желілерінің 88 жобасы жүргізілсе, оның 21-і ел игілігіне табысталып, нәтижесінде 260,2 шақырым инженерлік желілер және 15270 шаршы метр жер аумағына абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

РЕСПУБЛИКАДА СЕРПІНДІ КӨРСЕТКІШ

2022-2024 жылдары 1198 шақырым автомобиль жолдары мен қала, кент және елді мекендер көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ осы жылдар ішінде облыс аумағында 14 көпірге жөндеу жасалып, пайдалануға берілді.

2022-2024 жылдары ұзындығы 149 шақырым болатын 146 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сырдария және Жалағаш аудандарын облыс орталығымен байланыстыратын 91 шақырымдық (құны 3,1 млрд теңге) «Қызылорда-Жалағаш» автомобиль жолы толық жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілді.

2023 жылы Қызылорда қаласы Сырдария өзенінің сол жағалауындағы басты көшені «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автотрассасымен байланыстыратын жол айрығы мен «Бәйтерек» тұрғын ауданына «Қызылжарма» каналы арқылы өтетін көпірлер пайдалануға берілді. Қызылорда қаласындағы Тараз көшесі Бейбарыс Сұлтан көшесінен Б.Баймаханов көшесіне дейін 4 жолақты болып кеңейтілді.

Сондай-ақ Бейбарыс Сұлтан көшесі Н.Назарбаев даңғылынан бастап «Қызылорда-Құмкөл» трассасына дейін (4,2 км) қайта жаңғыртылып, 4 жолақты жол санатына енді. Н.Назарбаев даңғылынан «Тәуелсіздікке 25 жыл» даңғылына дейін 6 жолақтыға кеңейтіліп пайдалануға берілді.

Осыдан үш жыл бұрын республикалық маңыздағы «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстары (108,5 млрд теңге) басталды. Облыс аумағындағы 216 шақырым жолдың 151 шақырымына реконструкциялау жұмыстары жүргізілді. Жобаны 2026 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, «Қызылорда-Ақтөбе» автомобиль жолын 1-санатқа ауыстыру мәселесі бойынша «ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамымен жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленуде.

Бұдан бөлек, «Қызылорда-Ақтөбе» автомобиль жолын 1-санатқа ауыстыру мәселесі бойынша жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленуде.

Қызылорда қаласының сол жағалауында орналасқан заманауи үлгідегі 200 орындық автовокзал ғимараты пайдалануға берілді. Жаңа автовокзал облысымыздың барлық бағыттағы маршруттарға, сондай-ақ транзиттік бағыттағы облысаралық, қалааралық, ауданаралық автобус маршруттарына қызмет көрсетеді.

Қызылорда қаласының қоғамдық көлік мәселесін дамыту бағытында 2022-2024 жылдары «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы 7 пайыз лизингпен табиғи газ отынымен (метан) қозғалатын 300 дана автобус алынып, халыққа қызмет көрсетуде. Бүгінгі таңда, «Қызылорда автобус паркі» ЖШС барлық 25 қалаішілік және 7 қала маңы, барлығы 32 қоғамдық көлік маршруттарын 100 пайыз қамтып отыр.

Сонымен бірге, облыс орталығында жолаушылар тасымалы қызметін одан әрі жетілдіру және жаңа жеңіл автокөліктермен (такси) халыққа сапалы қызмет көрсету мақсатында, экологиялық таза, қоршаған ортаға зияны жоқ электромобильдер сатып алу туралы шешім қабылданды.

Биылғы мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысы бойынша «АМЭКС» ЖШС (Ақтөбе) жеңімпаз болып танылып, «Қызылорда автобус паркі» ЖШС-мен келісім-шарт жасалынды. Бүгінгі күнде, 100 электромобиль «Қызылорда автобус паркі» ЖШС базасына толық жеткізіліп, қала аумағында өз қызметін көрсетуде.

«Қорқыт Ата» әуежайы» арқылы аптасына барлығы 26 тұрақты әуе рейсі орындалуда, оның ішінде: Астана қаласына – 16, Алматыға – 10. Бұл рейстер «AirAstana», «Fly Arystan» және «Qazaq Air» әуе компанияларымен орындалады.

2024 жылы 12 қараша Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Премьер-министр Олжас Бектеновтың қатысуымен Қызылорда қаласындағы «Қорқыт Ата» әуежайының» жаңа жолаушылар терминалы салтанатты түрде ашылды.

Аталған жаңа жолаушылар терминалы, «Болат Өтемұратов қоры» жеке қорының демеушілігімен салынды.

Атап айтқанда, «Болат Өтемұратов қоры» «Қызылорда қаласының» «Қорқыт Ата» әуежайының» жаңа жолаушылар терминалының құрылысы» жобасын іске асыруға 16,6 млрд теңге (33 млн АҚШ долл.) бөлді. Осы ретте, облыстық бюджеттен 4,3 млрд теңге қаржы қаралып, Қызылорда қаласы әкімдігімен жаңа жолаушылар терминалына сыртқы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарын жеткізу (су, кәріз, электр және интернет желілерін тарту, бу қазандығы мен КНС, автотұрақ, автомобиль жолын салу) жұмыстары жүргізілді.

Жаңа жолаушылар терминалы алдағы уақытта әуе көлігі көрсеткіштерін шамамен 7 есеге арттыруға мүмкіндік береді. Жолаушылар тасымалы 2022 жылғы – 300 мың жолаушыдан жыл сайын 2 млн жолаушыға дейін ұлғайып, жүк тасымалдау көлемі жылына 150 тоннадан 240 тоннаға дейін артады деп жоспарлануда. Жаңартылған «Қорқыт Ата» терминалы халықаралық Әуе көлігі қауымдастығының (IАTA) және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) жоғары стандарттарына сәйкес келеді.

Қызылорда облысынан өтетін магистральдық теміржол желісінің жалпы ұзындығы 1051,7 шақырым. 8 теміржол вокзалы, 2 қызмет көрсету пункті бар. Облыс аумағынан барлығы 14 жұп жолаушы пойызы өтеді, оның ішінде облыс орталығынан Петропавловск, Павлодар, Көкшетау, Семей және Түркістан қалаларына 5 жұп жолаушы пойызы ұйымдастырылған.

Қызылорда қаласының теміржол вокзалы мен оның іргелес аумағына «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясы және жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігі есебінен 600 млн теңгеден астам қаржыға күрделі жөндеу жұмыстары жасалды.

ГАЗДАНДЫРУ: 78 ПАЙЫЗҒА ЖЕТТІ

2023 жылдың қорытындысы бойынша Қызылорда облысының газдандыру деңгейі 75 пайызды құрады. Оның 4-уі қала (Қызылорда, Байқоңыр, Арал, Қазалы), 35-і ауылдық елді мекен.

2024 жылы 24 жобаға республикалық және облыстық бюджеттен 6,5 млрд теңге және «Самұрық-Қазына» АҚ тарапынан 24 млрд теңге қаржы бөлінді. Биылғы жылы 11 ауылдық елді мекен табиғи газға қосылып, халықты газдандыру деңгейі 78 пайызға жетті.

2025 жылы 9 ауылдық елді мекенді газдандыру жоспарланған.

АУЫЗСУМЕН ҚАМТУ

Облыс аумағында 4 қала және 228 ауылдық елді мекен бар.

Барлық қалалар 100 пайыз ауызсумен қамтылған.

2024 жылғы ауызсумен қамту және су бұру бойынша 13 жобаға (оның ішінде 5 жаңа жоба, 8 өтпелі жоба) 5,3 млрд теңге қаржы бөлініп, нәтижесінде облыс тұрғындарын орталықтандырылған ауызсумен қамту үлесі 98,6 пайызға жетті. 

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыс халқын 100 пайыз сапалы ауызсумен қамту мақсатында бекітілген жол картасына сәйкес жұмыстар атқарылып, 2025 жылдың соңына дейін барлық елді мекендер таза ауызсумен қамтамасыз етілетін болады.

ЭЛЕКТР ЭНЕРГЕТИКАСЫ: ЖАҢАРУ ҚАДАМДАРЫ

Өңірімізде әртүрлі кернеудегі 10 мың шақырымнан асатын электр желілері, 2 мыңға жуық қосалқы станциялар бар. Облыс бойынша тозу деңгейі – 66 пайызды құрайды.

2024 жылы электр энергиямен қамту желілерін жаңғыртуға 11 млрд теңгеге 741 шақырым электр желілері мен 127 дана қосалқы станцияға күрделі және 45 шақырым электр желіcі мен 48 дана трансформаторға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде тозу деңгейі 62 пайызға төмендеп отыр.

ЖАҢА ЖЫЛУ ЭЛЕКТР ОРТАЛЫҒЫ – ҮЛКЕН МҮМКІНДІК

Биылғы жылы жылумен қамту нысандарын жаңғыртуға 12 млрд теңге қаралды. Осы қаржыға «Қызылордажылуэлектрорталығының» «Боно энерджи» маркалы үш бу қазандығын жаңғырту, 2 газотурбиналық қондырғы, 11 қазандыққа күрделі және 1 турбина мен 15 қазандыққа ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, жылу желілерін жаңғырту бойынша 9,3 шақырым жылу желілері жаңғыртылды.

Жылу беру маусымы өңірімізде 10 қазанда басталып, орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 889 көпқабатты тұрғын үйлер мен 1067 әлеуметтік нысандар (532 – білім, 247 – денсаулық, 288 – мәдениет және спорт) толығымен қамтамасыз етілуде.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын болдырмау мақсатында Қызылорда қаласында қуаты 240 мегаватты құрайтын 215 млрд теңгеге жаңа жылу электр орталығы құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бүгінгі күнге жобаның инвесторы – «Акса Энерджи» (түрік компаниясы) тарапынан жылу орталығының құрылысына 127 млрд теңгеден аса инвестиция салынды. Негізгі қондырғыларды дайындауға шетелдік компанияларға тапсырыс беріліп, газотурбиналық қондырғылар мен жылу қазандығы орнатылуда. Станция 2025 жылдың 4 тоқсанында іске қосылмақ.

Катармен келісім: Жоба құны – 800 млрд теңге

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын болдырмау үшін Қызылорда облысында құны 800 млрд теңге, қуаттылығы 1100 мегават жаңа бу-газ қондырғысының құрылысы жоспарлануда. Қазіргі таңда «Самұрық Энерго» компаниясы Катар инвесторымен келіссөздер жүргізіп, техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленуде. Жаңа бу-газ қондырғылары Қызылорда облысының Сырдария ауданының аумағында салынады. Бұл құрылысқа әкімдік 280 гектар жер бөлді. Станцияны 2029 жылы толығымен іске қосу жоспарлануда.

Сонымен қатар, алдағы уақытта жалпы ұзындығы 1,5 мың шақырымды құрайтын «Бейнеу-Шымкент» газ құбырының 2 желісі салынады деп жоспарлануда. Жоба құны 2,6 трлн теңге (6,5 млрд доллар). Облыс аумағынан 846 шақырым газ құбыры өтеді деп күтілуде (немесе 55 пайыз).
Жобаны жүзеге асыру облыс көлемінде табиғи газдың тапшылығын болдырмауға, өңірімізге тартылатын инвестиция көлемін ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін болады.

ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ – БАСТЫ МӘСЕЛЕ

«Жұмыспен қамтудың өңірлік картасы» шеңберінде 2022-2023 жылдары 65516 жұмыс орны құрылды.

Облыс әкімімен бірге «2024 жылға арналған өңірлік жұмыспен қамтудың жол картасы» бекітілген болатын. Картаға сәйкес 46475 жұмыс орнын ашу көзделсе, бүгінгі күнге 44870 жұмыс орны құрылып, жылдық жоспар 96,5 пайызға орындалды. Ашылған жұмыс көздерінің 61 пайызға жуығы (27243) тұрақты санатта.

Мемлекет басшысының «10 мың адамға 100 жұмыс орнын құру» тапсырмасына сәйкес 10793 жұмыс орны ашылып, жылдық жоспар 101,3 пайызға орындалды.

Өңірлік карта шеңберінде қабылданған шаралардың нәтижесінде 15 мыңнан астам (15514) жұмыссыз жастарымыз жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылып, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,9 пайыздан 3,5 пайызға дейін төмендетуге қол жеткізілді.

Баланың игілігі – болашақтың бастауы

Өңірде балалардың қауіпсіз әрі жайлы ортада білім алуы мен педагогтердің кәсіби дамуына жағдай жасауға жете мән берілген. Биыл салаға бөлінген қаржы 264 млрд теңгеге жетіп, былтырмен салыстырғанда 9,3 %-ға артты (2023 жылы – 241,5 млрд тг).

Бүгінде 160 мемлекеттік, 56 шағын орталық, 461 жекеменшік балабақша, барлығы 677 мектепке дейінгі ұйымда 50 079 бала тәрбиеленуде. Деректерге сүйенсек, 2-6 жас аралығындағы балалардың қамтылуы 92,6% болса, 3 пен 6 жастағылар 100 % балабақшаға барады.

Биыл өңірдегі 337 мектепте 184 924 оқушы білім алуда, 298 мемлекеттік білім ошағында 171 315 оқушы, 39 жеке мектепте 13 609 оқушы бар. Үш ауысымда оқытатын мектеп жоқ.

«Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры», жергілікті бюджет және жеке инвестор есебінен 31,8 млрд теңгеге 17 білім беру ұйымы салынды. Атап айтқанда, 7 мектеп, 5 мектеп жанынан қосымша ғимарат, 4 қосымша білім және 1 кәсіптік білім беру ұйымы.

Бүгінгі күні 960 орындық 6 мектеп, яғни 718,4 млн теңгеге Жаңақорған кенті, Маи бекеті ықшам ауданында 300 орындық, 847,3 млн теңгеге Әйтеке би кентінде 250 орындық, 842,7 млн теңгеге Жаңақорған ауданы Байкенже ауылында 150 орындық, 899,7 млн теңгеге Шиелі ауданы Жансейіт елді мекенінде 100 орындық, жеке инвестор есебінен 350 млн теңге Арал ауданы «Ақшатау» ауылында 60 орындық, 500 млн теңгеге Тоқабай ауылында 100 орындық білім ордалары салынды.

Орын тапшылығы мәселесін оңтайлы шешу үшін 4 мектеп жанынан қосымша ғимарат, атап айтқанда 700,7 млн теңгеге Шиелі ауданындағы №252 мектепке 375 орындық, 789,6 млн теңгеге Жаңақорған ауданы «Бесарық» ауылындағы №54 мектепке 350 орындық, 239,1 млн теңгеге Қармақшы ауданындағы №284 мамандандырылған мектеп-лицей интернатына спорт зал, 836,1 млн теңгеге Қызылорда қаласындағы №4 мектепке 300 орындық жапсаржай салынды.

Қызылорда қаласында «Қазгермұнай» компаниясының демеушілігімен 2,1 млрд теңгеге 350 орындық «Оқушылар сарайы», 771,7 млн теңгеге Жаңақорған ауданында 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі» ел игілігіне табысталды.

Бұл арқылы Арал ауданы Тоқабай ауылындағы №248, Шиелі кентіндегі №252 және Жансейіт ауылындағы №133 апатты мектептердің мәселесі шешілді. Жыл соңына дейін 172 млн теңге бөлінген Жаңақорған ауданы Билібай ауылындағы №255 мектеп жанындағы спорт зал мен асхана пайдалануға берілуі жоспарлануда.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 6900 орындық 10 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның алғашқысы Қызылорда қаласы Сырдария өзенінің сол жағалауындағы 900 орындық мектеп іске қосылса, жыл соңына дейін 3 мектеп, яғни Қызылорда қаласы КБИ шағын ауданындағы 600, Арал қаласындағы 300, Жаңақорған кенті «Саяжай» шағын ауданындағы 600 орындық білім ошағы пайдалануға беріледі. Тағы 6-уы – Қызылорда қаласы, СПМК-70 шағын ауданындағы 1500, «Қызылжарма» ауылындағы 600, «Арай» шағын ауданындағы 1500, Қазалы ауданы Жанқожа батыр ауылындағы 300, №94 апатты білім ошағы, Арал ауданы «Сексеуіл» кентіндегі 300, Жаңақорған ауданы «Жаңарық» елді мекеніндегі 300 орындық мектеп 2025 жылға өтпелі.

Сондай-ақ, 2 қосымша білім беру ұйымы – 10,9 млрд теңгеге Қызылорда қаласындағы «Шығармашылық академиясы», 1067,9 млн теңгеге Шиелі ауданындағы 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі», 2,4 млрд теңге қаралған музыкалық колледждің жаңа ғимараты 2025 жылы қолданысқа берілмек.

Қызылорда қаласындағы «Білім беру инфрақұрылымын қолдау» қорының 7,6 млрд теңге қаржысына бой көтерген, дарынды балаларға арналған 400 орындық физика-математика мектеп-интернаты 2025 жылдың наурыз айында іске қосылады деп күтілуде.

Оқушылардың қолайлы ортада білім алуын қамтамасыз ету үшін 8 мектеп ғимараты 3,1 млрд теңгеге күрделі жөндеуден өтті. Мемлекет басшысының алдағы үш жылда 1300 мектепті күрделі жөндеуден өткізу тапсырмасын орындау бойынша облыстағы 51 мектеп бекітілген. Оның 13-і – қала, 38-і – ауыл мектебі. Алдағы жылы 9, 2026 жылы 19, 2027 жылы 23 мектепке күрделі жөндеу жүргізіледі.

Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесімен мемлекеттік грант конкурсына қатысқан 6252 түлектің 4752-сі немесе 76,1 пайызы мемлекеттік грант иеленді. Олардың 1651-і (34,7%) педагогикалық, 460-ы (9,7%) медицина, 1322-сі (27,8 %) техникалық, 344-і (7,2%) ауыл шаруашылығы, 975-і (20,6%) басқа да мамандықтарды таңдаған. 2022-2023 оқу жылында 6418 бітіруші мемлекеттік грант конкурсына құжат тапсырған еді.

Қызылордалық түлектер кейінгі төрт жылда ҰБТ-ның орта балл көрсеткішімен республикада алғашқы үштікте болған. Биыл жиырма өңірдің арасында бірінші орынға шықты.

Оқу-ағарту министрлігі ұйымдастыратын жыл сайынғы «Үздік педагог» республикалық конкурсына аймақтан 37 педагог қатысып, 6-уы «Үздік педагог» атағының иегері атанып, арнайы грант иеленді.

Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың жаратылыстану-математикалық бағытында көрсеткен үздік нәтижелері үшін оқушылар «Ең үздік олимпиадалық команда – 2024» номинациясымен І орынға, қоғамдық-гуманитарлық бағытта ІІІ орынға ие болды.

№10 «Білім-инновация» лицей-интернатының мұғалімі Есбосын Нағиша Қожаққызы Мемлекет басшысының қолынан «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын алды.

Облыста ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 743 бала бар, олардың 624-і отбасына орналастырылған, 70-і интернаттық мекемелерде тәрбиеленуде. Олардың 203-і немесе 24,1%-ы тұрғын үймен қамтылды. Бұл көрсеткіш бойынша аймақ республикада алдыңғы қатарда.

Тегін ыстық тамақпен 89 572 (2023 ж. – 87 331) балаға берілуде. Оның ішінде 26 654-і (2023 ж. – 35 067) 5-11 сынып оқитын әлеуметтік осал топқа жататындар, 62 918-і (2023 ж. – 52 264) бастауыш сынып оқушылары.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыру өте маңызды» екендігін айта келе 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп атады. Өңірде 17 мемлекеттік, 11 жекеменшік, барлығы 28 колледж бар. Алдағы «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай аймақтың еңбек нарығына қажетті, сұранысқа ие мамандықтардың ұзақ мерзімді болжамын анықтау үшін Мамандықтар атласын әзірлеу жоспарлануда. Алдағы жылы колледждерді үздік бітіруші 100 студентке тұрақты жұмысқа орналасу үшін жолдама беріледі.

Бүгінде М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі Германияның Лейпциг университетімен педагогика, психология саласы бойынша, Мәскеу Психоанализ университетімен «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» мамандығы бойынша меморандумға қол қойса, И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлы-техникалық жоғары колледжі Американың Ұлттық құрылыс және білім беруді зерттеу орталығымен, Германияның «Аға сарапшылар қызметі» ұйымымен «Электрмен қамтамасыз ету» мамандығы бойынша ынтымақтастық орнатқан.

Бірінші байлыққа нақты бағыт

Мәресіне жеткен жылда облыстың денсаулық сақтау саласының бюджеті 146,2 млрд теңге болды. Оның ішінде әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы 120,1 млрд теңге, жергілікті бюджет есебінен 14,0 млрд теңге, даму бюджетіне (құрылыс) 12,1 млрд теңге бөлінді.

Бүгінде 12,5 млрд теңгеге 20 денсаулық сақтау нысаны салынуда. Атап өтсек, жалпы құны 36,4 млрд теңге Қызылорда қаласы Сырдария өзенінің сол жағалауынан 300 төсектік көпбейінді аурухана құрылысы бастау алды (2023 жылы 770,0 млн теңге, 2024 жылға 3,3 млрд теңге). Қызылорда қаласының сол жағалауында 5000-10000 донациялық облыстық «Қан орталығы» (2022 жылы 250,0 млн теңге, 2023 жылға 1,0 млрд теңге, 2024 жылға 1,4 млрд теңге) биыл қолданысқа берілді.

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында Шиелі аудандық көпбейінді орталық ауруханасына қосымша 30 төсектік инфекциялық бөлімшенің құрылысына 1,3 млрд теңге бөлінді. Жоба құны 2,3 млрд теңге. Осы аурухана жанындағы қосымша құрылысқа 411,2 млн теңге бөлінді. Жоба құны 733,1 млн теңге. Нысандар 2025 жылға өтпелі.

Ұлттық жоба шеңберінде жалпы құны 4 млрд теңге болатын 9 дәрігерлік амбулатория және 2 фельдшерлік-акушерлік бекет құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін ел игілігіне табысталды. Жаңақорған ауданы «Төменарық» ауылында құрылысына 966,1 млн теңге қаралған дәрігерлік амбулаториясымен қоса, 15 төсекке арналған ауылдық аурухана (2023 жылы 100 млн теңге, 2024 жылы 846,4 млн теңге бөлінді), биыл қолданысқа беріледі.

Арал ауданындағы 12 мыңнан астам халқы бар Сексеуіл кентінде 40 төсек-орынға арналған ауылдық аурухана ғимаратына жергілікті бюджет есебінен 2023 жылы 207,5 млн теңге, 2024 жылы 345 млн теңге қаржы бөлініп, құрылысы жүруде.

Жаңақорған ауданындағы бұрынғы көпбейінді аудандық орталық аурухана ғимаратынан «Қамқорлық» балалар оңалту орталығын ашуға жергілікті бюджет есебінен 378,2 млн теңге қаржы бөлініп, қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Арал ауданындағы бұрынғы туберкулезге қарсы диспансер ғимаратын реконструкциялап, дәл осындай «Қамқорлық» балалар оңалту орталығын ашу үшін жергілікті бюджет есебінен 338,8 млн теңге қаржы бөлініп, қайта жаңғыртылуда.

 «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 418,2 млн теңгеге Қызылорда қаласының Баймұрат батыр елді мекенінде дәрігерлік амбулатория салынып, (2023 жылы 250 млн теңге, 2024 жылы 168,2 млн теңге бөлінді) қолданысқа берілді.

Осы уақытта 260,5 млн теңгеге 7 денсаулық сақтау нысанының құрылысы мен күрделі жөндеу жұмыстарына жоба-сметалық құжаттамалар әзірленуде. Атап айтқанда, Қызылорда қаласы Сырдария өзенінің сол жағалауынан салынатын қалалық емхана жобасының құжаттамасын мемлекеттік сараптамадан өткізуге 148,3 млн теңге, №5 қалалық емхана жобасына 47,3 млн теңге, Арал қаласындағы емхана жобасына 24 млн теңге, Қызылорда қаласына қарасты «Қарауылтөбе» ауылындағы дәрігерлік амбулатория жобасына 5,1 млн теңге, Қармақшы аудандық ауруханасының қосалқы ғимаратына күрделі жөндеу жобасына 28,1 млн теңге, №6 қалалық емхананың филиалы ғимаратын күрделі жөндеу жобасына 3,4 млн теңге, осы емхананың күндізгі стационар ғимаратын күрделі жөндеу жобасына 4,3 млн теңге бөлінген.

Сонымен қатар 9 нысанның күрделі жөндеу жұмыстарына 2,2 млрд теңге қаралған. №6 қалалық емханасының ғимаратын күрделі жөндеуге 2023 жылы 178 млн теңге, 2024 жылы 56,7 млн теңге бөлініп, жұмыс аяқталды. Облыстық психикалық денсаулық орталығының ғимаратын күрделі жөндеуге 2023 жылы 595,8 млн теңге, 2024 жылы 470,1 млн теңге, облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансеріне 2023 жылы 500 млн теңге, 2024 жылы 192,4 млн теңге, Сырдария ауданы Амангелді дәрігерлік амбулаториясына 2023 жылға 22,4 млн 400 мың теңге, 2024 жылы 72,6 млн теңге, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына биыл 968,3 млн теңге, көпбейінді облыстық аурухана блоктарының су және кәріз жүйелеріне 200 млн теңге, қалалық орталық емхана жүк және жолаушылар лифттеріне 59 млн теңге, З.Шүкіров көшесі, 52-құрылысы мекен-жайында орналасқан қалалық орталық емханасы ғимаратының жүк лифтін күрделі жөндеуге (ауыстыруға) 19,1 млн теңге, Сырдария аудандық ауруханасы оңалту бөлімшесінің ғимаратына 159,6 млн теңге бөлінді.

Сондай-ақ 6 нысанның жылу жүйелерін газға ауыстыруға 318,2 млн теңге қаралып, Қазалы ауданы «Басықара» дәрігерлік амбулаториясына блокты-модульді қазандық салуға 57,1 млн теңге, Пірімов дәрігерлік амбулаториясының қазандығына 38,5 млн теңге, Жалаңтөс батыр дәрігерлік амбулаториясына 38,1 млн теңге, Мұратбаев дәрігерлік амбулаториясына 47,4 млн теңге, осы ауданаралық аурухананың «Шипагер» дәрігерлік амбулаториясының қазандығын реконструкциялауға 33,6 млн теңге, Қазалы аудандық көпбейінді орталық ауруханасының II ғимаратының жылу қазандығын қайта жаңғыртуға 103,5 млн теңге бөлінді. Денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етуге 4,6 млрд теңге берілді, 200 жаңа санитарлық автокөлік кілттері табысталды, 3,7 млрд теңгеге медициналық техникамен қамтамасыз етіледі. Көпбейінді облыстық ауруханаға оттегі станциясын сатып алуға 217,5 млн теңге, Жаңақорған ауруханасына ассенизатор автокөлігін алуға 53,1 млн теңге, балалар ауруханасының және фтизиопульмонология орталығының бу қазандығын жаңартуға 230,6 млн теңге, орталық емханаға 2 генератор алуға 30,5 млн теңге, медициналық колледждің кабинеттерін материалдық-техникалық жабдықтауға 90,0 млн теңге, 6-қалалық емханаға сервер алуға 49,8 млн теңге қаралды.

Білім, ғылым, мәдениет – мызғымас үштаған

«Сыр елі – жыр елі» атанған өңірімізде мәдениет және өнер, руханият саласын дамыту, ұлттық құндылықтарымызды сақтауда үлкен жұмыс атқарылуда. Дана халқымыз «Өнер – ұлттың жаны» деген бір ауыз сөзбен бұл саланың мәні мен маңызын, мәртебесін асқақтатып қойған. Отанымыздың тасқа таңбаланған тарихын жырға, әнге айналдырып, оны өнер арқылы өрелерге сіңіріп, қан тамырымызда тулатып, бүгінімізге бүтін жеткізген мәдениет саласы, руханият қайраткерлері.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайда «Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады. Осы үш бағытты рухани даму саласындағы жұмыстың мызғымас үштағаны деуге болады» деп ерекше атап өтті.

Өңірімізде Мемлекет басшысының қолдауымен бұл бағытта тың жобалар мен серпінді бастамалар жүзеге асырылуда. Ұлттық салт-дәстүрімізді ұлықтап, құндылықтарды дәріптеу мақсатында биылғы жыл аймағымызда «Руханият жылы» деп жарияланды. Мерейлі жыл аясында 1000 орындық «Өнер орталығы» Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызының, мәдениет майталмандарының қатысуымен салтанатты түрде ашылды. Наурыз айында Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының шешімімен Сыр өңіріне түркі дүниесінің «Ең үздік мәдени аймағы» номинациясы берілді.

Соңғы екі жылда мәдениет саласында жемісті жетістіктер, толағай табыстар жетерлік. Былтыр аймақта бірнеше мәдени нысанның ел игілігіне берілуі салаға ерекше серпін қосты. Атап айтсақ, «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы» және 10 мәдени нысан ашылды. Мәдениет және әдебиеттің 40 өкіліне облыс әкімінің «Тұран» сыйлығы, өнер ұжымдарына 100 домбыра табысталды. «Жастар театры» кәсіби ұжым ретінде қайта құрылды. «Арман» инклюзивті театры» үйірмесі іске қосылды. Араға 17 жыл салып Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық-музыкалық драма театрының Алматы қаласына өнер сапары ұйымдастырылды. Облыстық театр және қалалық «Жастар» театры 25 премьераны Сыр көрермендеріне ұсынды. 50 өнерпаздан тұратын симфония оркестрі құрылып, ол музыкалық аспаптармен, концерттік костюммен қамтамасыз етілді. Облыстық мәдениет ұйымдарының 40 қызметкері Италия, Беларусь елдерімен қатар еліміздегі белгілі өнер ұжымдарында біліктілігін арттырды. Еуропадағы белгілі концерттік залдардың озық тәжірибелері енгізілуде. «Айтыс олимпиадасы» облыстық балалар мен жасөспірімдер айтысы өткізіліп, Рамазан Таймановтың 70 жылдығына орай І республикалық әншілер байқауы ұйымдастырылды. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығына арналған «Әлем таныған Әбдіжәміл» атты еске алу кеші өтті. «Қазақтың Ақбаяны» І республикалық әншілер конкурсы, облыстың бас сахнасы – «Өнер орталығында» Қазақстанның Халық артистері Төлеген Мұхамеджанов пен Нұржамал Үсенбаеваның және Айман Мұсақожаеваның шығармашылық кеші өткізілді. «Терме – тәрбие, жыр – рух» атты республикалық жыршылар байқауы ұйымдастырылды. Алматыда Қызылорда облысының өнер күндері өтті. Әйтеке бидің 380 жылдығына арналған «Әділ сөздің алдаспаны» атты тұңғыш республикалық командалық айтыс өткізілді. Облыстық филармония жанынан «Жыраулар үйі» ашылды.

«Руханият жылы» аясында барлық 7 ауданда музей, кітапхана, архив, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтарын біріктіретін, типтік үлгідегі «Руханият орталықтарын» салу туралы шешім қабылданып, пайдалануға беріле бастады. Бұл – әртүрлі бағытта қызмет көрсететін мекемелерді бір орталыққа оңтайландыру арқылы бюджет қаражатын үнемдеу, әкімшілік шығындарды азайтуға мүмкіндік беретін тың жоба. Орталықтардың құрылысына бюджеттен 11 млрд 500 млн теңге бөлінді.

Биыл «Түгіскен көсемі» және «Жетіасар ақсүйек әйелі» алтындатқан мүсіндері жасалып, облыстық музей қорына табысталды. Ұлттық музейде 5-25 желтоқсан аралығында «Сыр өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» тақырыбымен Сыр өңіріндегі археологиялық ескерткіштер – Шірік-Рабат, Бәбіш мола, Сығанақ, Оңтүстік Түгіскен қалашықтары мен Жетіасар мәдениеті ескерткіштерінен табылған жәдігерлер негізінде жасалған «Шірік-Рабат сақ жауынгері», «Сығанақ ханшайымы», «Түгіскен көсемі» және «Жетіасар ақсүйек әйелі» реконструкциялары көрмеге қойылды.

Алыс-жақын шет елдер мен елімізге белгілі суретшілердің қатысуымен халықаралық суретшілер симпозиумы жоғары деңгейде өткізілді. Мемлекет басшысының «Адал азамат» тұжырымдамасы аясында аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес Қызылорда облысындағы барлық 171 мәдениет үйі мен елді мекендердегі клубтар «Адал адам» концепциясы аясында жұмыс жасауда.

Мәдениет саласындағы тың бастамалар нәтижесінде өңірімізде заманауи, эстрадалық би ансамблін құру туралы ұсыныс оң шешімін тауып, облыс әкімінің қолдауымен Қызылорда облыстық филармониясынан «AI-ARU» заманауи би ансамблі, аралас хор ұжымы құрылды.

Аймақ басшысының қолдауымен Сыр мәдениеті тарихында алғаш рет 40 мәдениет және өнер қызметкерлеріне жаңа қызметтік пәтерлердің кілті табысталды.

Араға төрт жыл салып, айтыстың ақтаңгері Мұхтар Ниязовтан кейін «Алтын домбыраны» иеленген Мейірбек Сұлтанхан жыр еліндегі сабақтастықтың үзілмегенін тағы бір дәлелдеді. Осылайша аймақта жарияланған «Руханият жылы» жемісті жобалар, жеңісті хабарлармен жоғары деңгейде түйінделуде.

Сыр спортының серпіні

Спорт – ұлт саулығының негізгі кепілі. Ал білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ – мемлекеттің ең қымбат қазынасы. Олай болса, халықтың тұрақты түрде спортпен шұғылданып, белсенді өмірге араласуы үшін мемлекеттік қолдаудың маңызы айрықша. Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Халыққа арнаған Жолдауында «Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы ерекше» деген болатын.

Спорттық инфрақұрылымның игілігі

Биыл Сыр спортында жағымды жаңалық көп. Мемлекет басшысы және Үкіметтің ерекше қолдауымен аймақ басшысының тікелей бастамасымен Сыр өңірінде спорттық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жолға қойылды. Облыс орталықтары мен аудандарда заманауи үлгідегі бірнеше спорт кешенінің құрылысы аяқталып, халық игілігіне табысталды.

Атап айтқанда, 2023 жылы облыста соңғы үлгідегі 13 спорт кешенінің құрылысы жүргізілсе, оның 9-ы қолданысқа берілген болатын. Ал осы жылға өтпелі 4 нысанның құрылысы толық аяқталып, жақын арада спортсүйер қауымның игілігіне табыстау жоспарлануда. Сонымен қатар, биыл аудандарда жалпы құны 4,7 млрд теңгені құрайтын 10 спорт кешенінің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, демеушілік қолдау арқылы шілде айында Жалағаш және Шиелі аудандарында 2 шағын спорт кешенінің құрылысы басталды.

Жалпы, облыста 1490 спорт нысаны бар. Сәйкесінше, өңірдегі 1000 адамға шаққандағы спорттық нысандарымен қамтылу көрсеткіші 46,2 пайызды құрап отыр.

Жаңа стадион – заман талабы

Спорттық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы тағы бір байыпты бастама – Қызылорда қаласының сол жағалауындағы 11 мың орындық жаңа стадионның құрылысы. Осы жылдың мамыр айында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен құны 20,9 млрдтеңгені құрайтын халықаралық стандарттарға сай жаңа стадионның іргетасы қаланды.

Өңір халқының сұранысына сай салынып жатқан жаңа стадионда бокс, күрес, жаттығу залы, ауыр атлетика, футболшылардың жаттығу залы, йога, гимнастика-акробатика, сауықтыру-денешынықтыру залдары қамтылған.

Тағы бір ерекшелігі – УЕФА классификациясы бойынша ІІІ санатты, 2025 жылы іске қосылады деп жоспарлануда.

Бұдан бөлек, Қызылорда қаласының орталығында көпбейінді «KyzylordaArena» стадионының жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, қазіргі таңда тиісті сараптамадан өтуде.

Қазақстан футбол федерациясының «ALAN» бағдарламасы аясында қаладағы Ғ.Мұратбаев атындағы стадионның қосалқы алаңы күрделі жөндеуден өтіп, осы жылдың қазан айында спортсүйер қауымның игілігіне табысталған болатын.

Заманауи үлгідегі «Үстел теннисі» орталығы ашылды

Бүгінде облыста 17 мыңға жуық адам теннисті жанына серік етіп, тұрақты түрде айналысады. Аталған спорт түріне қызығушылық танытатындар саны жылдан жылға көбейіп келеді. Осыған байланысты биыл Қызылорда қаласының сол жағалауында «Samruk-KazynaTrust» әлеуметтік жобаларды қолдау қорымен бірлескен түрде жаңа «Үстел теннисі» орталығы ашылды.

Заманауи үлгідегі спорт нысанында 16 үстел теннисі орналасқан ойын алаңы, 350 көрерменге арналған орын, жаттығу залы мен әкімшілік бөлмелер бар. Орталықта қазіргі уақытта 3 оқытушы-жаттықтырушы 350-ден астам спортшыны кәсіби бағытта үйретуде.

Бұқаралық спортпен айналысушылар саны 40 пайызға жетті

Сыр спортына жасалған ілкімді істердің арқасында өңірде бұқаралық спортпен айналысушылар саны жылдан жылға артып келеді. Бүгінде 342 223 адам спортпен жүйелі түрде шұғылданады. Бұл облыс тұрғындарының 40,4 пайызы. Өңірде 22 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде спорттың 46 түрі бойынша 670 жаттықтырушы-оқытушы 22 655 спортшыны тұрақты оқу-жаттығу процесімен қамтамасыз етуде.

Сыр спортшыларының арасында 3 ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 34 ҚР спорт шебері, 892 спорт шеберлігіне кандидат әзірленді. Сондай-ақ 690 облыс спортшысы Қазақстан Республикасының құрама команда сапына енді.

Сыр спортын дамыту аясындағы нәтижелі жұмыстардың арқасында өңір спортшылары Әлем және Азия чемпионаттары мен кубоктарынан 120 (44 алтын, 40 күміс, 36 қола) медаль жеңіп алса, ҚР чемпионаттары мен кубоктарынан 808 (271 алтын, 242 күміс, 295 қола) медальға қол жеткізді.

Бұқаралық денешынықтыру мен спортты насихаттау мақсатында жыл басынан бері облыс көлемінде 1082 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 137 102 адам қатысты. Күнтізбелік жоспарға сәйкес, 17 ҚР чемпионаты мен кубогы, 31 республикалық турнир, 4 халықаралық турнир, 130 облыстық біріншілік пен турнир өткізілді.

Туризм саласы тұрақты дамып келеді

Биыл өңірдің туристік әлеуетті арттыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылды. Мәселен, ІІІ тоқсанның қорытындысы бойынша облыстағы туристік қызмет көрсету көлемі өткен жылмен салыстырғанда 20,5 пайызға артты. Сондай-ақ өңірге келген туристердің жалпы саны 117 мыңды құрап, өсім көрсеткіші 40,9 пайызға жетті. Соның ішінде, ішкі туристер саны 110 461 адам болса, сыртқы туристер саны 6 159 адамды құрады.

Жазғы демалыс маусымында облыстағы 13 шағын және 2 ірі демалыс орны 120 мыңнан астам демалушыға сапалы қызмет көрсетті. Соның ішінде 80 мыңға жуық азамат аймақтағы «Қамыстыбас» және «Ханқожа көлі» демалыс аймақтарына барған. Қазіргі уақытта 806 орынға арналған 5 шипажай жұмыс істейді. Биылғы қаңтар және қараша айларының қорытындысымен ондағы келушілер саны 16743 адам болды.

Өңірдің туризм саласын серпінді дамыту бағытында осы жылдың сәуір айында Еуроодақ елшілері Сыр өңіріне арнайы келіп, облыстың инвестициялық мүмкіндіктерімен танысты. Олар экотуризм бағыты бойынша Арал ауданындағы «Көкарал» бөгетіне, сондай-ақ кіші Арал теңізіне барып ондағы сексеуіл егіліп жатқан аумақты тамашалады. Сонымен қатар, Қытай мемлекетінен келген инвесторлар «Шижаға» елді мекеніндегі құмды төбелерде болып, оның туристік әлеуетін көрді.

Биыл Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы болып жарияланып, наурыз айында Пекин қаласында туризм жылының ашылу салтанаты өтті. Аталған шарада жергілікті туристік операторлар мен тұрғындардың өңірдегі «Байқоңыр» ғарыш айлағына ерекше қызығушылық танытатыны байқалды. Осы ретте, жауапты басқарма «Қазақтуризм» АҚ-мен бірлесіп, қытайлық, отандық туроператорлармен келіссөздер жүргізілді.

Осы жұмыстардың нәтижесінде, «Байқоңыр» ғарыш айлағы аумағынан ыңғайлы туристік бағыттар таңдалып, ортақ туристік пакет әзірлеуге келісім жасалды.

Осы жылдың қараша айында ғарыштық туризм бағытында арнайы тақырыптық апта өткізіліп, 15-ке жуық қытайлық турист және туризм саласына қызығушылық білдіріп жүрген әлеуметтік желі белсенділері Сыр өңіріне сапарлатып келді. Олар Қызылорда қаласындағы тарихи-мәдени орындар мен жаңадан ашылған нысандарды аралады. Сондай-ақ Қармақшы ауданындағы «Қорқыт ата мемориалдық кешені» мен Байқоңыр қаласында зымыран ұшыру сәтін тамашалады. Арал қаласында болып, Арал теңізі туралы тың деректермен таныс болды.

Бүгінде өңірдің туристік мүмкіндіктеріне арналған «OrdaTourism» атауымен Instagram, ТІК-ТОК әлеуметтік желілерінде арнайы парақшалар ашылып, туризм бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы деректер мен өңірдің туристік дестинациялары туралы ақпараттар жариялануда.

Ерекше айта кететін жайт, биыл Қызылорда облысының туристік әлеуетін арттыру мақсатында өңірлік туристік сайт әзірленуде. Бұл сайтта тамыры тереңге жайылған Сыр өңірінің тарихы мен облыс туралы қызықты ақпараттар жарияланбақ.

АШЫҚ ҚОҒАМНЫҢ АЛҒЫШАРТТАРЫ

Бүгінде облыстың медиа кеңістігінде 149 (13 мемлекеттік, 136 тәуелсіз) бұқаралық ақпарат құралы жұмыс жасайды. Оның ішінде 120 баспа БАҚ, 26 интернет сайт пен ақпараттық агенттік, 3 телеарна. Олардың 137-сі облыстық, 2-уі қалалық, 10-ы аудандық деңгейде ақпарат таратушылар.

Мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыру қызметіне бағытталған қолдау жыл сайын артып келеді. Бұл қаражат соңғы екі жылда бірнеше есе өскені байқалады. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында 2024 жылдың басынан бері БАҚ өкілдерімен 343 брифинг, 28 көшпелі брифинг және 25 баспасөз туры ұйымдастырылды.

Нұрлыбек Машбекұлы аймақ басшысы болып келгеннен кейін азаматтық сектор өкілдерімен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін ескеріп, «Үкіметтік емес ұйымдардың ресурстық орталығын» құру туралы тапсырма берді. Тапсырма орындалып, сол жағалаудағы облыстық жастар орталығы ғимаратынан «Үкіметтік емес ұйымдарға арналған ресурстық орталығы» құрылды. Содан бері 2 жылға жуық уақытта ҮЕҰ өкілдеріне 714 рет әдістемелік және ұйымдастырушылық көмек көрсетілді. Орталық ұйымдастырған 30-дан астам шараға 789 үкіметтік емес ұйым мүшесі қатысқан. Ресурстық орталық базасында «Естуші мемлекет қағидатын» іске асыру мақсатында аптасына бір рет үкіметтік емес ұйымдардың облыстық басқармалар, аумақтық департаменттер мен инспекция басшыларымен кездесулер өткізіледі. Олар көкейтесті сауалдарын сала басшыларына қойып, тұшымды жауап алып, айтылған мәселелер хаттамаға енгізіліп, орындау үшін жауапты органдарға жолданады.

Облыс әкімдігінің аймақтағы ҮЕҰ-ны әдістемелік сүйемелдеуі, оларға қолдау көрсетуі, мемлекеттік органдар мен азаматтық сектор арасындағы ынтымақтастық жоғары деңгейде жүзеге асырылуда.

Облыс әкімінің қолдауымен қаладағы негізгі көшенің бойынан заманауи үлгіде салынған «Анаға тағзым» орталығында отбасы құндылықтарын насихаттайтын түрлі іс-шаралар күнделікті өтуде. Қатарынан 2 рет республикалық деңгейдегі «Анаға тағзым» әйелдер форумы өтті. Соңғы ұйымдастырылған форумға Президент жанындағы отбасы-демографиялық мәселелері жөніндегі комиссия төрайымы Аида Балаева қатысты. Аналардың әлеуметтік қорғалуы, әйелді құрметтеуге байланысты пікірлер айтылып, форум ұсынымдар қабылданатын алаңға айналды.

Сонымен қатар, өңірімізде «Тәрбие талбесіктен» тақырыбында IХ Республикалық әкелер форумы өтті. Бұл іс-шара ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Қызылорда облысы әкімдігінің, «Әкелер одағы» РҚБ қолдауымен ұйымдастырылды.

Форум мақсаты – әкенің бала тәрбиесіндегі, отбасындағы және қоғамдағы рөлін арттыру.

Басқосуға зиялы қауым өкілдері, отбасы саясаты саласындағы сарапшылар, халықаралық ұйымдар өкілдері, Республикалық әкелер одағының өңірлік жетекшілері, жергілікті атқарушы органдардың, ҮЕҰ мен БАҚ өкілдері, республиканың барлық өңірінен 150-ден астам делегат қатысты.

Жылдың айтулы саяси оқиғасы АЭС құрылысы бойынша референдумның өткізілуі. Бұл референдум 2024 жылдың ғана емес, Қазақстан тарихында ерекшеленіп қалатыны даусыз. 6 қазанда өткізілген референдумде өңірлердің ішінде ең белсенді болған – Қызылорда облысы. Дауыс беруге құқылы азаматтардың 82,48 пайызы қатысқан. Республика бойынша алғашқы орынды иемденді. Бұл Сыр өңірі халқының саяси белсенділігі мен ел болашағына деген жауапкершілігі мен ауызбіршілігін көрсетсе керек.

Ерекше атап өтетін тағы бір оқиға қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар, аса көрнекті қаламгер, ұлт намысын ұран тұтқан ерен тұлға Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығына арналған бірқатар мәдени-көпшілік, ғылыми-танымдық шаралар аталып өтті.

Қараша айында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алғашқы көшпелі брифингі  Қызылорда қаласында ұйымдастырылып, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы республикалық бұқаралық ақпарат өкілдеріне сұхбат берді.

Желтоқсан айында облыс орталығындағы «Өнер орталығында» облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығына арналған «Әлем таныған Әбдіжәміл» атты еске алу кеші өтсе, туған жері Арал ауданында «Ғасырлық ғұмыр ғибраты» республикалық ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырылды.

Облыс әкімінің тікелей қолдауымен жарыққа шыққан «Біздің Әбе» атты естелік кітаптың тұсаукесері, Алматы қаласында Әбдіжәміл Нұрпейісовтің тұрған үйіне ілінген ескерткіш тақта ашылып, жазушының рухына Құран бағыштау рәсімі өткізілді.

Өңірімізде мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдама және «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заң талаптары аясында жүргізіліп келеді. Тілдерді оқыту орталығы Қызылорда қаласы мен аудандардағы мемлекеттік мекеме, кәсіпорын, ұйым қызметкерлеріне, сондай-ақ жеке тұлғаларға мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерін оқыту курстарын ұйымдастырады. Биылғы жылы «Қазтест» жүйесі бойынша 146 адам сертификаттық тестілеуден өтті.

Республикада алғашқы болып Сыр өңірінде «Қоғамдық тамақтандыру орындарындағы ас мәзірлерінің мемлекеттік тілдегі лингвистикалық базасын қалыптастыру» әлеуметтік жобасы аясында жергілікті филолог ғалымдар жүргізген ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесінде «Мемлекеттік тілдегі ас мәзірі мен тағам атаулары: қазіргі жағдайы, проблемалары» атты монография-анықтамалық пен «Тағам атаулары» сөздігі жарыққа шықты.

Тілдік ахуалды зерделеу бойынша жүргізілген талдау жұмыстарының нәтижесінде биылғы жылдың қорытындысымен шығыс құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесі жергілікті атқарушы органдарда 99,6% құрады.

Қазір атау беруде республикалық ономастика комиссиясы бекіткен «Әдістемелік ұсынымдар», «Тарихи тұлғалар» мен «Жер-су атаулары» және «Дәстүрлі атаулар» тізімдері қатаң басшылыққа алынады. Идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулары бар елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктерін қайта атау жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған жол картасы іске асырылуда.

2022 жылы желтоқсан айында өткен «Облыстық жастар форумында» облыс әкімі аймақ жастарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында өңірлік бағдарлама әзірлеу туралы бастама көтерді. Осыған сәйкес, облыстық мәслихат шешімімен аймақ жастарына арналған «Сыр жастары» жеңілдетілген ипотекалық несие беру бағдарламасы қабылданып, ережесі бекітілді. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен 1,2 млрд теңге, «Отбасы банк» АҚ-нан 500 млн теңге қаржы бөлініп, 100 жас баспаналы болды.

Ауыл шаруашылығы саласында өсім бар

Сыр өңірінде ауыл шаруашылығын дамытуда және әртараптандыруда кешенді іс-шаралар қолға алынған. Аграрлық саланы қолдауға мемлекет тарапынан 23,9 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде 11 айда ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 2,5%-ға, қайта өңдеу өнімдерінің көлемі 1,2%-ға, ауыл шаруашылығы негізгі қорына салынған инвестиция 14,9%-ға артты.

Сыр диқандары биыл 189,4 мың гектар жерге егін екті. Күріш 85,6 мың гектарға себіліп, әр гектардан 58 центнерден өнім алынды, жарты миллион тоннаға жуық күріш жиналды.

Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында диқан қауымға су қажетті деңгейде жеткізілді. Шаруашылықтар егін жинау жұмыстарына қажетті ауыл шаруашылығы техникалармен, жанар-жағармаймен, минералды тыңайтқыштармен толық қамтамасыз етілді.

Аймақта 2023 жылы 872 гектар көлемге су үнемдейтін озық технологиялар енгізілсе, биыл 4,4 мың гектарға жеткізілді. Егін жинау науқанына жалпы 4400 ауыл шаруашылығы техникасы қатысты. Жаңадан 250 техника агропаркке қосылып, 5%-ға жаңаланды.

Статистикалық деректерге қарағанда, 2024 жылдың 1 қарашасында облыстан 33,7 млн доллардың 65,4 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталды. Өнімдер әлемнің 17 мемлекетіне жіберілген. Экспортталған өнімнің 92,3 пайызы, яғни 60,3 мың тоннасы – күріш. Сыр маржаны Ресей, Беларусь, Әзербайжан, Тәжікстан, Украина, Моңғолия, Өзбекстан және Иракқа жөнелтілді.

Сондай-ақ, мал шаруашылығын дамыту бойынша жүргізілген жүйелі жұмыстардың арқасында мал басында өсім байқалады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ірі қара 35,3%-ға, қой мен ешкі 14,2%-ға, жылқы 1,4%-ға, түйе 4,1%-ға, құс 3,3%-ға артты.

Ауыл халқының тұрмыс-тіршілігін, әл-ауқатын жақсарту бағытында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 4,6 млрд теңгеге 575 жоба жүзеге асыру жоспарланған. Бүгінгі күні 2,5 млрд теңге бөлініп, 1 млрд теңгеге 150 жоба қаржыландырылды.

Жоба аясында ауыл халқының табысы 20% ұлғайды, шағын кәсіпкерлік саны 275-ке артты, 33 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды, өңдеу саласы бойынша 22 кәсіпорын, көлемі 1,2 гектар 34 жылыжай өндірісі ашылды, 1 175 бас асылтұқымды мал сатып алынды.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында инвестжобалардың жол картасы жасақталып, аймақта алдағы жылдары 51,9 млрд теңгені құрайтын 31 жоба іске аспақ. Бүгінгі күні жалпы құны 6,8 млрд теңгені құрайтын 11 инвестициялық жоба іске қосылып, 77 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді. Бұл ауыл шаруашылығы жалпы өнім көлемінің жыл өткен сайын артуына оң ықпал етуде.

Өңірді азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуде «ArayFood» ЖШС-ның қуаттылығы 4000 тонналық көкөніс-жеміс сақтауға арналған мұздатқыш қоймасы іске қосылды.

Ветеринария саласына қолдау көп

Бүгінде аймақ басшысының қолдауымен ветеринария саласын жан-жақты жетілдіру және одан әрі дамыту жұмыстары жүйелі түрде атқарылуда. Әсіресе, эпизоотиялық тұрақтылықты сақтап, аса қауіпті 14 түрлі жұқпалы аурудың алдын алу бағытында ауқымды жұмыс жүргізілуде. Мәселен, биыл республикалық бюджет есебінен бөлінген 7468,5 мың доза ветеринариялық препарат облысқа толық тасымалданып, барлық аудандарға таратылып, жоспарға сәйкес жылдық алдын ала егу жұмыстары толық орындалды. Бұл өз кезегінде үй жануарларының қауіпті ауруларға қарсы тұруына өз септігін тигізуде. Аурудың алдын алу бағытындағы жүйеленген жұмыстардың нәтижесінде Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы облысымызға аусыл ауруынан таза аймақ мәртебесін берді. Бұл мәртебе өңіріміздің экономикалық әлеуетіне әсер етіп, экспортты арттыруға ықпал етті.

Облыс көлемінде эпизоотиялық жағдай тұрақты. Ветеринария саласындағы диагностикалық зерттеу жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Атап айтсақ, биыл бруцеллез ауруына қарсы 1933 мың бас мал (642,2 мың ірі қара, 1238,9 мың уақ мал, 50,2 мың түйе, 0,1 мың шошқа, 1,6 мың бас етқоректілер) диагностикалық зерттеуден өтті. Нәтижесінде 10 бас ірі қара, 286 бас уақ малдан ауру анықталып, ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкес тиісті шаралар жүргізілді. Мал иелеріне 2880,3 мың теңге өтемақы төленді.

Ал энзоотиялық аурулардың алдын алуға облыстық бюджеттен 284,5 млнтеңге бөлініп, 6 түрлі энзоотиялық ауруға қажетті препараттар сатып алынды. Бекітілген жоспарға сәйкес 758,1 мың бас алдын ала егіліп, толық егумен қамтылды.

Бұдан бөлек, биыл бірдейлендіру саласында да бірегей жұмыстар бастау алды. Малды бірдейлендіру жұмыстары тұрақты жүргізіліп, ақпараттық жүйеге енгізіліп отыр. Атап айтсақ, 2024 жылдың 1 желтоқсандағы мәлімет бойынша ақпараттық жүйеге 1538,5 мың бас мал (417,1 мың ірі қара, 790,1 мың уақ мал, 265,6 мың жылқы, 65,7 мың бас түйе) тіркелді.

Осы жылға жоспарланған 398,1 мың бас мал 410 мың басқа бірдейлендіріліп, жалпы орындау көрсеткіші 103 пайызға жетті. Бүгінде уақ малға арналған 377,6 мың дана құлақ жапсырмасы аудандарға толық таратылды. Облыс бойынша 418,4 мың дана құлақ жапсырмасы бар.

Ветеринария саласындағы тағы бір оң өзгеріс, мамандардың еңбекақы мәселесі оңтайландырылды. Өңірде 780 маман бар, олар жыл сайын қаңтар, шілде, желтоқсан айларында ақысыз еңбек демалысына жіберілетін. Аймақ басшысының тікелей қолдауымен қосымша 728,3 млн теңге бөлініп, ветеринар мамандардың айлық жалақысы 40%-ға көтерілді.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін мамандардың еңбекақысын көтеруді жүктеді. Осы бағытта 2022-2024 жылдары республикалық бюджеттен қосымша 1 млрд 369 млн теңге бөлініп, жалақы тағы 50 пайызға өсті. Осылайша жалақы аздығынан басқа жұмысқа ауысу тоқтап, кадрлық тұрақтылық сақталды.

Саладағы жүйелі жұмыстардың бірі – материалдық-техникалық базаны жаңарту. Ветеринариялық іс-шараларды уақытылы ұйымдастыру үшін ветеринариялық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы мықты болуы қажет. Осы орайда арнайы «Жол картасы» бекітілген болатын. Аймақ басшысының тікелей бастамасымен облыстық бюджеттен соңғы 3 жылда 682,3 млн теңге бөлініп, 71 арнайы автокөлік, 163 компьютер, 163 термочемодан алынды. Оның ішінде осы жылға бөлінген 248,3 млн теңгеге 26 арнайы автокөлікке қол жетті. Бұл жұмыстар алдағы жылдарда да жалғасын табады.

Ветеринария саласындағы серпінді жұмыстардың нәтижесі облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайына тікелей әсер етеді. Сондықтан да саладағы байыпты бастамалар мен жүйелі шаралар уақытылы жүргізіліп, оң нәтижесін береді деген сенім бар.

ДЕМОГРАФИЯ: ӨҢІРДЕ ТҰРАҚТЫ ӨСІМ БАР

Облысымыздың кейінгі демографиялық процестерінде оң динамика байқалады.

2024 жылдың 1 желтоқсанына Қызылорда облысындағы халық саны 846,0 мың адамды құрады. Оның ішінде қала халқы – 47%, ауыл халқы – 53%. Тиісті кезеңмен салыстырғанда облыс бойынша халық саны 0,6%-ға көбейіп, қалалықтар – 0,8%-ға және ауыл халқы – 0,3%-ға өскен. Ал соңғы 10 жылды салыстыратын болсақ, аймақта халық санында 14,4%-ға өсім бар.

2024 жылға арналған Статистикалық жұмыстар жоспарын бекіту туралы ҚР СЖРА ҰСБ 2023 жылғы 30 маусымдағы №109 бұйрығына сәйкес, «Халықтың көші-қоны» және «Халықтың табиғи қозғалысы» мәліметтері әкімшілік дереккөздерден алынады, яғни Ішкі істер департаментінің көші-қон қызметі арқылы Ұлттық статистика бюросына жолданады.

Биыл қаңтар-қараша айларында облысымызға тұрғылықты тұруға келгендердің тіркелу саны 33803 адамды құрап, тиісті кезеңмен салыстырғанда көшіп келушілер 46%-ға көбейгендігі байқалады. (Ескертпе: Халықтың көші-қоны және халықтың табиғи қозғалысы ҚР Әділет министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі (Азаматтардың хал актілерін тіркеу органы) және Статистика бюросымен бірлескен интеграцияланған ақпараттық жүйелері арқылы қалыптастырылады.

Президентіміз бір сөзінде: «Көпбалалы аналардың жағдайы – әлеуметтік саланың барометрі» деген еді. Адам капиталын дамыту аналардың әлеуметтік жағдайын жақсартумен тікелей байланысты. Дені сау анадан дені сау ұрпақ туады, ұлыс өрбиді, ұлт өседі, ұлттық қауіпсіздігіміз нығаяды.

Бала туу көрсеткішінің үздіксіз өсуі аймақ тұрғындарының әлеуметтік жағдайының жақсара түсуін және халықтың жастығын (халықтың орташа жасы – 29,5 жасты құрайды) көрсетеді, яғни босанатын жастағы әйелдер саны көп. Бір қуанарлығы, 5-6, тіпті 7-ші перзентін дүниеге әкелген алтын құрсақты аналардың саны да артып отыр.

«Бекітілген халық тіркелім» базасы арқылы Статистика бюросына ұсынған азаматтық хал актілері жазбаларындағы мәліметтерді қалыптастыру нәтижесінде, 2024 жылғы қаңтар-қарашасында облыста 17205 сәби дүниеге келген. Оның 8988-і ұлдар болса, 8217-і қыздар. Соңғы 5 жылмен салыстыратын болсақ, туу көрсеткіші 4,2%-ға өскендігі байқалады.

Облыстар арасында 1000 тұрғынға шаққанда туу көрсеткіші бойынша Түркістан, Маңғыстау облысы және Шымкент қаласынан кейінгі төртінші орындамыз.

Мәліметтерге сүйенсек, облысымызда күніне орташа есеппен 50-55 сәби дүние есігін ашады. Ай сайын 1550-1600 балаға дейін дүниеге келеді.

Табиғи өсім бойынша 1000 тұрғынға шаққанда 2023 жылы Сыр өңірі 18,5 (ҚР бойынша 12,95) құрап, облыстар арасында бесінші орында.

Жоғарыда аталған факторларды ескере отырып, облыста халық санының артуын байқауға болады.

Қоршаған орта қорғауды қалайды

Президент тапсырмасымен 2022 жылдан «Көкарал» бөгетінің беріктігін қамтамасыз ету және Сырдария өзенінің атырауын қалпына келтіру» жобасы іске асырыла бастады. Жоба құны – 4,3 млрд теңге. Оны бастауға республикалық бюджеттен 2022 жылы 500 млн теңге, 2023 жылы 700 млн теңге, 2024 жылы 1,3 млрд теңге берілді, 2025 жылы аяқталады. Жоба бойынша алдағы жылы аяқтау жоспарлануда. Зақымдалған бөгет қалпына келтіріліп, «Қарашалаң» көлі арқылы теңізге екі арна және «Тұщы» көлі арқылы бір арна қазылып, Кіші Арал теңізінің оңтүстік бөлігінде су айналымын қалыптастырады. Бұдан күтілетін нәтиже – «Көкарал» бөгеті нығайып, су айналымы қалпына келеді, судың тұздануы, балықтың кетіп қалуы азаймақ.

Мемлекет басшысының 2021-2025 жылдар ішінде Арал теңізінің құрғаған ұлтанындағы 1,1 млн гектарға сексеуіл екпелерін егу тапсырмасын орындау мақсатында 2021-2024 жылдары 659,2 мың гектар жерге фитоорманмелиорациялық жұмыстар жүргізілді. Алдағы жылы толықтай орындалады.

2021-2024 жылдары орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға облыстық бюджеттен 1,9 млрд теңге бөлініп, арнайы техника және қажетті құрал-саймандар сатып алынды (2021 жылы 340 млн теңге, 2022 жылы 600 млн теңге, 2023 жылы 866,8 млн теңге, 2024 жылы 146,7 млн теңге). Бүгінгі күнге орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасының жарақтандырылуы 30,4%-дан 80 пайызға артты.

Өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуда Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мен Қызылорда облысы әкімдігінің арасында Қазақстан Республикасындағы ландшафтарды қалпына келтіру жөніндегі Дүниежүзілік Банктің Жаһандық экологиялық қоры 7 жобаны іске асыру жөнінде ынтымақтастық меморандумы жасалған. Қызылорда қаласының айналасында 3000 гектар алаңда жасыл аймақ құрылды. Сондай-ақ Арал теңізінің құрғаған ұлтанына сексеуіл көшеттерін өсіру үшін Қазалы орман мекемесінің аумағында 33,5 гектарға орман тұқымбағын құру жұмыстары аяқталды. Жоба құны 440,6 млн теңге.

Жыл басынан бері облыста жинақталған 303 050 тонна тұрмыстық қатты қалдықтың 91 218 тоннасы өңделді. Бүгінгі күні қалдықты жинау, сұрыптау және өңдеу саласында 17 кәсіпкерлік субъектісі жұмыс жасауда.

Мемлекет басшысының ірі қалаларда тұрмыстық қатты қалдықты қайта өңдеу зауыттарын салу тапсырмасына сәйкес алдағы 2 жылда 42,5 млрд теңгенің 9 жобасын іске асыру жоспарлануда. Бұл жобалар барлық ауданды және Қызылорда қаласын қамтиды. Инвесторлар анықталды, қаржыландыруға «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-на  өтінімдер жолданып, сараптамадан өткізілуде. Жобалар толық іске асырылғанда 600-ден астам жұмыс орны құрылады, сондай-ақ жылына 400 мың тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдық сұрыпталады және қайта өңделеді. Одан құрылысқа қажетті төсеніштер, кәріз люктері, қағаз, пластик және шыны өнімдері өндіріледі.

Сонымен қатар, биыл Сырдария ауданының Тереңөзек кентінде сұрыптау кешені бар қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салуға облыстық бюджеттен 475,5 млн теңге бөлініп, жұмыс аяқталды, нысан қабылданды.

«Үлгілі елді мекен»

Мемлекет басшысының ауылдық аумақтарды дамыту тапсырмасына сәйкес, облыс әкімінің бастамасымен елді мекендер арасында тазалыққа, көркейту-көгалдандыруға, елді мекеннің келбетін әсем етуге бағытталған «Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсы дәстүрлі түрде жыл сайын өткізілуде. Конкурс 2023 жылдан бері 3 мәрте (2023 жылы көктемгі және күзгі конкурс, 2024 жылғы конкурс) өткізілді. Жеңімпаздарға ұсынылатын арнайы техникалар сатып алуға облыстық бюджеттен 1,5 млрд теңгеге жуық (1 426,7 млн тг.) каржы бөлініп, жеңімпаз елді мекендерге ел тұрмысына қажетті барлығы 48 арнайы техника табысталды. Бұл коммуналдық техникалар «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының шараларында қызмет етуде.

Президент бастамасымен 6 сәуірден бері қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында тазалық, көркейту, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Экологиялық бағдарламаны өткізудің облыстық іс-шаралар жоспары бекітіліп, тақырыптық апталарға бөлінді. Бес кезеңде, атап айтқанда, «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» апталықтарында түрлі шаралар ұйымдастырылды. Тазалық шараларымен қатар, көркейту-көгалдандыру жұмыстары да қарқынды жүргізіліп, климатқа жерсінетін қарағаш, терек және Сыр талының 176 мың 814 көшеті егілді. Бүгінгі күнге дейін апта сайын жалғасып келе жатқан тазалық шараларына 700 мыңнан астам (722041) ерікті, қоғам қайраткерлері, бюджет саласы мен кәсіпорын қызметкерлері қатысты. Қорытындысында 26 мың тоннадан (26672) астам қоқыс қалдығы шығарылып, елді мекендердегі 505 сквер мен парк, 225 тарихи-мәдени ескерткіш, 791 әлеуметтік нысан (мектептер, балабақшалар, спорт, денсаулық сақтау және т.б.), 4 596 өнеркәсіп және бизнес нысаны, 322 су объектісі (өзендер, көлдер, жасанды су айдындары, субұрқақтар, арықтар және т.б), 47 451 аула мен көше бойы (6 929 көпқабатты үй мен 40 522 жер үй аулалары) тазартылды, оған 548 техника жұмылдырылды.

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарлама аясында өңірде жүргізілген шаралар республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында кең көлемде ақпараттандырылды.

Дін саласындағы жүйелі түсіндіру жұмысы – уақыт талабы

Қызылорда облысы – діни ахуалы жағынан тұрақты өңірлердің бірі. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның талаптарына сәйкес аймақта 7 конфессия, 189 мешіт, 15 шіркеу және 2 миссионер діни қызмет атқарады.

Облыстық дін істері басқармасы дін саласындағы жүйелі түсіндіру жұмысын маңызды бағыттарының бірі деп санайды. Өйткені зерделеу жұмыстары экстремизм идеяларының халық арасында таралуына жол бермей, деструктивті сипатын түсіндіру мен оған қарсы тұрудың маңыздылығын айқындады. Басқарманың негізгі бағыттарының бірі – жалпы профилактика, оңалту жұмыстары, интернеттегі қарсы насихаттық шаралар. Жыл бойы ақпараттық түсіндіру тобы қарқынды жұмыс жасады. Түрлі мақсатты топтармен 12736 шара өткізіп, оған 169308 адам қамтылды. Іс-шараға түрмеде жазасын өтеушілер, пробациялық есептегілер, мешіт жамағаты, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар, Neet санатындағы жастар мен мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлері қатысты.

Облыстық полиция департаменті діни мазмұндағы басылымдарды рұқсат етілмеген орында сату, аудиожазбаны тарату, араздықты насихаттауға бағытталған мәлiметтерге қатысты 16 құқықбұзушылықты анықтады. Одан бөлек, интернет желісі арқылы дін мәселелерін зерттеу орталығының парақшаларында жыл басынан бері 9568 қарсы насихаттық материал жарияланды.

Жалпы жыл басынан бері «Shyrag» youtube каналының жұмысын жандандырудағы жұмыс ұлттық құндылықтарды дәріптеу, салауатты өмір салтын және мемлекеттің зайырлылық қағидаттарын насихаттауға бағытталған. «Оңай» подкаст жобасы мен «Баға Like» және «Кезекті сұхбат» бағдарламалары арқылы жастардың, кәсіпкерлердің, жыршылардың және дін саласы мамандарының қатысуымен подкасттар түсірілді. Бұған қоса, ұлттық аспап домбыра, екпе алудың маңыздылығы туралы және жасөспірімдер мен жастардың телефонға тәуелділігі, цифрлық аутизм дерті жайлы арнайы бейнематериалдар дайындалды. Отбасы құндылықтары, бала тәрбиесі, салт-дәстүр, діни фанатизм, мемлекеттік тіл, ене мен келін тақырыбындағы материалдар ең жоғары қаралымдарға ие болды.

Айта кету керек, студияның мүмкіндіктерімен бірге әлеуметтік желілерде «Пайм-тайм» жобасы, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған «Сіз не дейсіз?», республикалық және өңірлік ақпараттық-түсіндіру топ өкілдерімен сұхбаттар жүргізуге арналған «Кезекті сұхбат» бағдарламаларының таралымы кеңейтілді.

Басқарма интернет пен әлеуметтік желіге контент салумен қатар, қатаң мониторинг жүргізеді. Мақсаты – күмәнді топтар, бейнероликтер мен посттарды анықтау, сараптама жүргізу. Орталық мамандары «Киберқадағалау» ақпараттық жүйесіне күмәнді деп танылған 1738 сілтеме енгізді. Нәтижесінде күмәнді деп танылған сілтемелер Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитетіне сараптамаға жолданды. Бүгінде оларды бұғаттауға бағытталған жұмыс жүргізілуде.

Сондай-ақ Дін істері комитеті жанында «Контр» қарсы насихаттық материалдарды енгізу порталы бар. Оған жыл басынан бері 384 материал салынып, 368-і мақұлданды. Басқарма жанындағы клубтардың жұмысына тоқталатын болсақ, қазіргі уақытта «Ғылыми сарапшылық кеңес», «Діни бірлестіктер клубтары» бар. Құрамына ғалымдарды жинақтаған сарапшылық кеңес жыл басынан бері 2 шара өткізсе, діни бірлестік басшыларының клубы 8 шара ұйымдастырды. Бұл шаралардың негізгі мақсаты – аймақта конфессияаралық келісімді одан әрі нығайту.

Облыс әкімінің білім грантымен қызылордалық 9 студент білім алуда.

Айта кету керек, облыс әкімінің грантымен және басқа да осы мамандықтар бойынша оқитын қызылордалық студенттерден бөлек шетелде оқитын діни білім алушылар да басқарманың тұрақты назарында.

Адал адам мен Әділетті мемлекет – егіз ұғым

Былтыр түгел түркінің темірқазығы Түркістанда Ұлттық құрылтайдың екінші жиыны өткені белгілі. «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбына арналған іргелі іс-шарада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар маңызды мәселеге тоқталды. Соның ішінде адал азамат қандай болуға тиіс деген өзекті сұраққа өз көзқарасын білдірді.

Мемлекет басшысы ел бірлігі мен ынтымағын паш ететін, қоғам құндылықтарын жаңғыртуға басымдық беретін құрылтайда маңызды қадамдарды атап өтіп қана қоймай, нақты тапсырмалар берді. Игі дәстүрге айналған Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы ұлт ұясы Ұлытауда, 2023 жылы киелі Түркістанда, ал үшінші отырысы тарихи өлке атанған Атырау облысында жалғасын тапты.

Мемлекет басшысы: «Ұлт сапасын жақсартамыз десек, бір ел болып жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыруымыз қажет. Құрылтай – ешқашан той тойлап, әңгіме-дүкен құратын жиын болған емес, келешекте де ондай болмайды» – деп атап өткені тегін емес. Біртұстас ел болып, ел бірегейлігі мен татулығын, ынтымағын сақтап, тәрбие тағылымын әр азамат өзінен бастау керектігін айқын көрсетті.

Осы орайда Президентіміздің былтыр Түркістанда өткен құрылтай отырысында берілген тапсырмалардың орындалуы нақты нәтижеге бағытталып отыр. Мемлекет басшысының «Адал азамат» тұжырымдамасы аясында аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес биылдан бастап облысымыздағы барлық 171 мәдениет үйі мен елді мекендерде орналасқан клубтар «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы» концепциясының шеңберінде 7 бағытта жұмыс жасауда. Жоба жүзеге асырылғаннан бері түрлі форматта мәдени-танымдық шаралар өткізіліп, мәдениет ошақтарының жұмысы қайта жандануда. Қазір мәдениет үйі мен клуб ғимараттарына «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы» атауы ілінді. Жеті бағыт бойынша әзірленген тұжырымдама бойынша ауылдық мәдениет үйлері мен клубтарда апта сайын кино-тайм аясында тәрбиелік мәні бар ұлттық фильмдерді көрсету (2427 көрсетілім), «Сұхбат time» бағытында елге сыйлы спикерлермен, үлгілі отбасылармен, еңбек адамдарымен сұхбаттар ұйымдастыру (1349 сұхбат), «Әлем-BOOK» оқырмандар клубын құрып балаларға қызықты кітаптарды таныстыру, көркем әдебиеттердегі қызықты шығармалар негізінде қойылымдар сахналау (1774 іс-шара), «ART уақыт» жобасы аясында балалардың шығармашылық үйірмелерге қызығушылығын арттыру, үйірмелерде жанр түрлерін көбейту, музыкалық аспаптармен қамту (3288 іс-шара), «Креативті хаб» жобасы аясында әр ауылдың ерекшелігіне қарай қолөнер шеберлерінің бұйымдарынан және әулеттің құнды жәдігерлері мен коллекцияларынан көрме-жәрмеңкелер ұйымдастыру (1310 жәрмеңке), «Жанұя шуағы» бұрышын ашу арқылы отбасылық рәсімдер (неке қию, Алтын той, Күміс той, Маржан той, т.б) өткізу (1 363 іс-шара), кесте бойынша арнайы мамандардың қатысуымен медиация, кеңес беру бағытында жұмыстар жүргізілуде.

Жасөспірімдер мен жастарды еңбекке баулу, қайырымдылық істерге бейімдеу мақсатында әр ауылдан еріктілер тобы жасақталып (34 651-ге жуық адам), ауылдың маусымдық жұмыстарына (бау-бақша егу, шөп шабу, егде жастағы жалғызбасты тұрғындарға көмек көрсету, өңірдегі тарихи-мәдени ескерткіштерді күтіп ұстау, т.б) тартылуда (1664 акция). Нәтижесінде өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда мәдени шаралар саны 71 пайызға, көрермен саны 50 пайызға артты, 188 жаңа шығармашылық үйірме ашылып, 4 170 қатысушы қамтылды.

Жоба аясында мәдениет үйлері мен клубтардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға қол жетті. Атап айтқанда, 19 клубқа LED экран, 8 клубқа дыбыс күшейткіш аппаратура, 6 клубқа бейнебақылау камералары,10 клубқа концерттік костюмдер алынды.

Аудандық бюджеттен мәдениет үйлері мен клубтарға 17,5 штаттық бірлігі берілді. Аймағымызда қолға алынған мұндай шаралар – «Адал азамат» тұжырымдамасы аясында жаңа қоғамдық этика қалыптастырудағы маңызды қадам. «Адал адам» орталықтары ел бірлігі мен тұрақтылығы, азаматтардың өзара тілектестігі, әділдік, заң мен тәртіп, сенім және жауапкершілік сияқты құндылықтарды үнемі насихаттап келеді.

«Отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс», деген еді Президент Ұлттық құрылтайда. Мемлекет басшысы айтқандай, адал адам мен әділетті мемлекет – егіз ұғым. Бұл ретте тәрбие саласында әлі шешімін таппаған түйткіл жетерлік. Олардың шешімін табу елдегі әрбір азаматтың да, мемлекеттік саясатты жүргізіп отырғандардың да қажырлы еңбегін талап етеді. Мемлекет пен халық мүддесін бәрінен биік қойғанда, нағыз адал адам ұғымына сай әрекет еткенде ғана Ұлы дала мұратына жететініміз анық. Қорыта айтқанда, адал адам қара басының қамын емес, халқының игілігін ойлауға тиіс.

«Сыр бойы» тілшілер тобы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<