Тың  идеядан туған кәсіп

955

0

Жуырда өңірде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант беру конкурсының қорытындысы жарияланды. Биыл 26 адам қайтарымсыз грант иеленген. Оның ішінде елең еткізетін инновациялық жобалар да бар. Айталық, жас кәсіпкер Жансая Мейрамбекқызы цитрус жемістерін өсіру жобасын іске асырады.

Мемлекет басшысы Жолдауында «…Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуы тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек» деген болатын. Біздің кезекті кейіпкеріміз де – тың кәсіптің көзін тапқан еңбекқор адам.

Тың  идеядан туған кәсіп

– Ата-анамның бау-бақша егуде, оның ішінде жылыжай өсіруде 25 жылдан аса тәжірибесі бар. Анам – Ақерке Тәжекеева 2003 жылдан бастап Қорқыт ата университеті жанындағы шағын жылыжайда еңбек етті. Мамандығы – агроном, ауыл шаруашылығы ғылымының магистрі. Ал әкем анамның көмекшісі. Осы уақыт аралығында қияр, қызанақ сияқты көкөністен бөлек, цитрус жемістерін өсіру идеясы ойымызға келді. Көп ізденістің нәтижесінде оның технологиясын үйреніп, отбасылық бизнеске айналдырып отырмыз. Қазір «Болашақ» университетінің 8 жылыжайында жемістер өсіруді қолға алдық. Сонымен қатар, қаладағы №4, №101, №261, №264 мектептерінде, басқа да жеке жылыжайларда болып, тәжірибемізді бөлісіп келеміз, – дейді жас кәсіпкер Жансая Мейрамбекқызы.

Деректерге көз жіберсек, цитрус (ағылшын сөзі) – рута тұқымдасына жататын мәңгі жасыл ағаштар, шырынды жемістер беретін жасыл өсімдіктер тобы дегенді білдіреді. Цитрус өсімдігінің 60-тан астам түрі бар. Оның ішінде апельсин, грейпфрут, мандарин, лимон түрлері көбірек тараған, ал цитрон, бигарадия, помпельмус, шеддок деп аталатын аз тараған жеміс түрлері бізге беймәлім. Білуімізше, цитрус жемістерінде адам ағзасына қажетті дәрумендер көп. Сондай-ақ, олардан сусын, тосап, джем, компот, цукат жасалады, шырыны лимонад, ликерге қосылады. Ал, жеміс қабығынан алынатын эфир майы әтірге, иіссуларға пайдаланылады екен. Айта кетейік, цитрустың көптеген түрі ылғалы мол тропиктік және субтропиктік аймақтарда өседі. Негізгі шыққан жері – Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия.

Тың  идеядан туған кәсіп

Бұл күнде жылыжай өсіру кәсібіне қызығушылық жоғары. Себебі, қысы-жазы қалаған көкөніс немесе жемістер қолжетімді болады, тұтынушы тарапынан тұрақты сұраныс бар. Тек оны өсіруде терең ізденіс пен тынымсыз әрі тиянақты еңбек қажет.  Отандық кәсіпке ден қойып, инновациялық жобаны іске асырып отырған отбасы келешекте жұмыс ауқымын ұлғайтып, өнім көлемін де арттыруды жоспарлап отыр. Айталық, мемлекеттен алынған 3 млн көлеміндегі қаржыға лимон ағаштарын, құлпынай көшетін алып, жылыжайларға егеді.

Жоба авторы Жансая Мейрамбекқызы Қорқыт ата атындағы университетінде «Химия-биология» мамандығы бойынша 4 курста оқиды. Жоғарыда айтып өттік, бүгінде отбасымен «Болашақ» университетінінің жылыжайында еңбек етіп жатыр. Жылыжайға лимон жемісін жерсіндіріп еккеніне үш жыл болған, биыл түйнек салды. Алдағы уақытта 250 шаршы метр аумаққа 140 түп лимон, құлпынай, гранат сияқты жеміс ағаштарын егуді жоспарлап отыр. Айта кетейік, аталған жемістерді өсіруге авторлық құқығы бар. Егуге қажет жеміс ағаштары өзге өңірлерден сатып алынады.

Ғылымның жетістігі деген осы емес пе? Мысалы, біздің бала күнімізде қауын-қарбыз, алма-жүзім тек жазда ғана өсетін. Жалпы бізде сондай ұғым болды. Күз мезгілінде жұрт жапа-тармағай қызанақ-қияр тұздап, салаттар басып, тосап қайнатып жататын. Ал, алманы қағазға орап, жәшіктерге салып сақтайтын. Енді міне,  жылыжайларда жергілікті өнімді айтпағанда, цитрус жемістері де өсіріліп жатыр. Әлбетте, бұл – ерекше ғылыми ізденіс пен еселі еңбектің нәтижесі. Таңғаласың, тәнті боласың.

Ғазиза Әбілда,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<