Сейсенбіде ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында егін жинау науқаны, жаңа «Бюджет кодексі» жобасы, алдағы жылу беру маусымына дайындық барысы талқыланды.
Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы мәжіліс өткізіп, күрішті жауын-шашынға қалдырмай, уақытылы жинап алуды тапсырды.
– Өңірде биыл вегетация кезінде су тапшылығы қатты сезіліп, диқандарымызға оңай болмады. Дегенмен жан-жақты қолдаудың арқасында су тапшылығының алдын алу шаралары қабылданды. Бүгінгі күні күріш ору, бастыру жұмыстары кестеге сай жүргізілуде. Егістің 29,6 пайызы орылса, оның 70,4 пайызы бастырылды. Орта өнім 46,8 центнерден келуде. Егін жинау жұмыстары жоспар бойынша қазан айының 10-на дейін аяқталуы керек. Күрішті жауын-шашынға қалдырмай, күшейтілген режимде жұмыс жасап, уақытылы жинап алуымыз қажет, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, шаруа қожалықтарын жанар-жағармаймен қамтамасыз ету, егістікке алынған су төлемінің уақытылы төленуін қадағалау қажеттігі ескертілді. Қала, аудан әкімдіктері алдағы жылы егілетін дақылдардың егіс көлемі сызбасын, су үнемдеу технологияларын пайдалану арқылы егілетін егін көлемін тиісті құжаттарымен бірге осы жылдың 1 желтоқсанына дейін облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына ұсынуы қажет.
– Жанар-жағармай мәселесіне келетін болсақ, аймаққа Үкімет тарапынан күзгі егін жинауға және мал азығын дайындауға арзандатылған дизель отыны бөлінген. Шаруашылықтар вегетация кезеңінде сусыз қалмасын деп, Үкіметпен, тиісті министрлікпен үлкен жұмыстар жүргізілді. Бүгінде шаруа қожалықтарының «Қазсушар» мекемесінің облыстық филиалына қарызы қалыптасқан, – деді аймақ басшысы.
Нұрлыбек Машбекұлы екінші мәселе – жаңа «Бюджет кодексі» жобасына қатысты бағдарлама әкімшілеріне, қала және аудан әкімдіктеріне 2024-2026 жылдарға арналған бюджетті жоспарлау кезінде нәтижеге бағытталған бюджет жүйесін қалыптастыруға мән беруі керектігін қаперге салды.
– Бюджет қаржысы тиімді жоспарланып, оның әлеуметтік-экономикалық қайтарымы болуы тиіс. 2024 жылға облыстық басқармалар және қала, аудан әкімдіктері тарапынан Қаржы министрлігіне 202 млрд теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылып, тек 85,4 млрд теңгесі, яғни 42 пайызы ғана қолдау тапты. Инфрақұрылым желілерін тартуға, абаттандыруға, газдандыруға, тұрғын үйлерді күрделі жөндеуге, жол салуға бағытталған 116,6 млрд теңгенің жобалары қолдау таппаған. Бұл жобалар өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындардың қолайлы өмір сүруіне оң ықпал етеді. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Көлік, Өнеркәсіп және құрылыс, Су ресурстары және ирригация, Мәдениет және ақпарат, Туризм және спорт, Сауда және интеграция министрліктері құрылды. Осы ретте, облыстық басқармалар, Қызылорда қаласы және аудан әкімдіктері жаңа министрліктермен тиісті жұмыс жүргізуі қажет, – деді аймақ басшысы.
Үкімет отырысында қаралған тағы бір мәселе – алдағы жылу беру маусымына дайындық бойынша облыс әкімі жауапты сала басшыларына әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің әзірлігін мұқият қадағалап, қажетті отын қорын уақытылы жеткізуді тапсырды.
– Қысқы маусымға дайындық мәселесі әрдайым өте маңызды. Дайындық жұмыстары Мемлекет басшысының және Үкіметтің тікелей бақылауында. Өңірге биыл жылу жүйелерін жаңғыртуға республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Қазір қалада жылу жүйелері ауыстырылуда. Бөлінген қаржыны тиімді, уақытылы және сапалы игеруіміз қажет. Жылу беру маусымына дайындық барысында өзекті мәселелердің бірі – бұл көмір қорын дайындау. Мен қала және аудандарға қажетті көмір қорын жасақтау жұмыстарын жаз айларынан бастау қажеттігін айтып келемін. Алайда кейбір әкімдер жұмысты әлі де қажетті деңгейде ұйымдастырмаған. Осыған байланысты бұған дейінгі жиналыстарда тиісті аудан әкімдеріне шара да көрілді, – деп облыс әкімі жылу мен жарықта бір минут та кідіріс болмауы керектігін қатаң ескертті.
Мәжіліс қорытындысында аймақ басшысы өткен аптада Астана қаласында болған ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысқан азаматтарға алғыс білдіріп, алдағы уақытта мұндай шараны өңірде де өткізу жөнінде тапсырма берді.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<