Тыныштық күзетшісі

545

0

Тұрсын Мұхамеджанов 1922 жылы 15 тамызда Қызылорда облысы Сырдария ау­данының бұрынғы №6 Сталин колхозында шаруа отбасында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айырылып, жетімдіктің тақсіретін тартқан ол 1938 жылы Сырдария ауданының «Ортақшыл» мектебін бітіреді. Онан кейін  Қызылорда қаласындағы педагогикалық училищеге оқуға қабылданады. Осы арнаулы оқу орнының 2 курсын бітіргеннен кейін 1942 жылдың ақпанында майданға аттанады.

Сұрапыл соғыста ІІМ-нің 50-атқыштар резервтік шекарашы әскерлер полкінде, 69-атқыштар жасағында, 1945-1948 жылдары Риганың атқыштар бөлімінде, одан соң Мемлекеттік қауіпсіздік ми­нистрлігінің 57-атқыштар шекара жа­сағында ерлігімен көзге түсті. Сұм соғысты аяқтап, жеңіс туын желбіреткен ол әскер қатарында қалып, 1949 жылға дейін КСРО-ның мемлекеттік шекара күзетінде қызмет еткен.

Ел шебіндегі ерлігіне орай «Германияны жеңгені үшін», «Жапония жеңісі үшін», «Ұрыстағы ерлігі үшін» және «Кеңес Армиясы мен флотының 30 жылдығы» медальдарымен марапатталды. Жетіжылдық міндеттен елге оралған майдангер облыстық мемлекеттік қорғаныс министрлігі басқармасына қарасты жедел атқыштар заставасының жедел іздестіру бөліміне жұмысқа орналасты. Біліктілігін жетілдіру мақсатында Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің Алматы қаласындағы жедел құрамын даярлау мектебіне түседі. Арнайы мектепті бітіргеннен кейін 1951-1956 жылдары Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің Ақмола облысы №101 Есіл аудандық бөлімі комендатурасында коменданттың көмекшісі болып қызмет жасады. Осы тұста Ақмолада бүкіл Одақ бойынша тың игеру жұмыстары жүргізіліп жатқан болатын. Т.Мұхамеджанов өз саласы бойынша бүкілхалықтық іске белсене араласты. 1959 жылы елге оралып, Жалағаш аудандық жергілікті учаскелік милиция­сында, Сырдария аудандық жергілікті милиция бөлімінде жоғарғы жедел іздестіру криминалисі болып қызметін жалғастырады. Сырдария аудандық атқару комитетінде жергілікті милиция бөлімінің учаскелік милициясы, Тереңөзек аудандық Ішкі істер бөлімінде учаскелік инспектор, күзет бөлімінің бастығы қызметтерін адал атқарды.

Ішкі істер саласындағы жемісті еңбегі үшін I және II дәрежелі «Мінсіз қызмет­тері үшін», «Кеңес милициясының 50 жылдығы», «КСРО Қарулы күштерінің 50 жылдығы» медальдарымен және «Милиция үздігі» төсбелгісімен марапатталған.

Майдангер Т.Мұхамеджанов асыл жары Гүлжахан Ермашқызымен бірге он ұл-қызды дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Ардагердің жолын қуған ұлдары мен немерелері де қоғамдық тәртіпті сақтау жолында қызмет етеді. Соғыс ардагері Т.Мұхамеджанов 1983 жылы дүниеден озды.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,

«Сыр бойы».

Сырдария ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<