Өткен жұма күні Н.Бекежанов атындағы облыстық музыкалық-драма театрда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған салтанатты шара өтті. Жиынға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.
Аймақ басшысы қызылордалықтарды мерекемен құттықтап, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жолындағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлін атап өтті.
– Тәуелсіздіктің қалыптасу жылдары Елбасы үшін де, ел үшін де оңай болды деп ешкім де айта алмайды. Елде жұмыссыздық белең алды. Айлап еңбекақы, жылдап зейнетақы берілмеді. Электр энергиясы жетіспей, қараңғыда қарманып отырғанымыз әлі ұмытылған жоқ. «Көгілдір отын» арман болып, арбалап ағаш тасығанымыз да күні кеше еді. Іргетасы мықты отаудың қашан да еңсесі биік тұрады, түтіні түзу ұшады емес пе?! Белдеуіне бес мемлекет сиятын, 130-дан астам этнос өкілдері тұратын Қазақстандай алып мемлекетті шашыратпай, парасаттылықпен басшылық жасау да ердің ерінің ісі, – деді аймақ басшысы.
Тәуелсіздік жылдарында облыс ел дамуына айтарлықтай үлес қосты. Соңғы 3 жылда өңдеуші өнеркәсіпте негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі екі есеге жуық, жұмыспен қамтылғандар саны 55%-ке, еңбек өнімділігі 18%-ке артқан. Биылдың өзінде аймағымызда 1790 пәтерді құрайтын 70 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Аймақта шағын және орта бизнесті, кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған жұмыстар қарқынды. Шағын орта бизнес субъектілерінің саны соңғы жылда 12,7% өсті. Саланың даму қарқыны бойынша аймақ бүгінде республикада көш бастап тұр.
Сондай-ақ, аймақ басшысы Қорқыт ата мұрасының ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне енуі аймақтағы, жалпы елдегі маңызды оқиға екенін атап айтты.
Салтанатты шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Айдана ЖҰМАДИНОВА.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<