ҰБТ-2024: Талапкерлер биология-химия комбинациясын жиі таңдай бастады

768

0

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі

Биыл ҰБТ тапсырмалары өзгеріссіз қалды, кейінгі бірнеше жылда алғаш рет талапкерлер ең көп таңдайтын бейіндік пәндер комбинациясы өзгерді. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының директоры Болатбек Абдрасилов айтып берді.

Талапкерлер үш міндетті және екі таңдау бойынша екі пәннен тест тапсырады. ҰБТ тапсырмалар саны өзгеріссіз қалады, жалпы 120 сұраққа 4 сағат беріледі.

«Комбинацияларға келетін болсақ, қазіргі таңда талапкерлердің 16%-ы «Математика-Физика», 16%-дан астамы «Биология-Химия», 13%-ы «Шығармашылық», 11%-ы «Математика-Информатика» пәндерін таңдады. Кейінгі бірнеше жылда алғаш рет талапкерлер ең көп таңдайтын бейіндік пәндер комбинациясы өзгерді. Ол – «Биология-Химия», – деді Болатбек Абдрасилов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.

Айта кетейік, Қазақстанның 14 өңірінде негізгі ҰБТ басталды. Ал су тасқыны болған 6 облыста ҰБТ 25 мамыр-12 шілде күндері өтеді.

Биыл 181 мың талапкер тестілеуге қатысуға ниет білдірсе, олардың басым бөлігі, яғни 75%-ы ҰБТ-ны қазақ тілінде тапсыруды таңдаған. 25%-ға жуық түлек орыс тілінде, 221 адам – ағылшын тілінде тест тапсыруды ұйғарған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<