ҰБТ-ның алғашқы сынағы

1268

0

Биылғы оқу жылындағы алғашқы ҰБТ 25 қаңтарда басталып, 22 ақпанға дейін созылады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова хабарлады.

– Бұл сынақ – шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орнына қабылданған, жазғы ҰБТ нәтижесі бойынша шекті балл жинамаған, сондай-ақ университеттерге ақылы негізде түсетін мектеп бітіруші түлектерге арналған.

Алғашқы сынаққа қатысуға аймақтағы 7 514 мектеп бітіруші түлектің 6106-сы немесе 81% өтініш білдірген. Ертеңгі тестілеу күнінде 203 түлек  бағын сынайтын болады, – дейді Ақзира Бақтыбайқызы.

Басқарма басшысының айтуынша, ҰБТ кезінде 3 тестілеу пункті жұмыс жасайды. Осы ретте оқушылардың тестілеу пунктіне барып-қайтуына, жол шығыны мен қауіпсіздігіне ата-анасы немесе оларды алмастыратын заңды өкілдері тікелей жауапты.

Айта кетейік, елімізде қалыптасқан жағдайға байланысты Білім және ғылым министрлігінің шешімімен қаңтардағы ҰБТ-ға өтініштерді қабылдау және тапсыру мерзімдері өзгертілген болатын. Осылайша ҰБТ-ға қатысу үшін өтініштерді қабылдау уақыты 21 қаңтарға дейін ұзартылып, тестілеуді 25 қаңтар мен 22 ақпан аралығында өткізу жөнінде шешім қабылданған.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<