Жыл басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп, онда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндама жасаған болатын.
Баяндамада Президенттің, Үкіметтің қолдауымен қолға алынған бастамалар, ұлттық жобалар, құрылыс салу, инвестиция тарту, инфрақұрылымды дамытудағы көрсеткіштер қамтылып, макроэкономикалық өсім аталып өтті. Жалпы өңірдің кейінгі үш жылдағы жетістіктері сарапталып, алдағы міндеттер айқындалды.
– Өзіңіздің, Үкіметтің қолдауымен облысымыздың бюджеті 750 млрд теңгеден асты. Экономиканың негізгі үлесін алатын мұнай қорының 15 жылдан астам уақыттан бергі төмендеу тенденциясын ескере отырып, өңдеу өнеркәсібі мен аграрлық саланы жедел дамыту шараларымен қатар, мұнай-газ өңдеу саласын әрі қарай өркендетудеміз, – деді облыс әкімі.
Кейінгі жылдары жаңа кен орындарын ашу мақсатында геологиялық зерттеу жүргізіліп, мұнайдың төменгі қабаттары игерілуде. Өңірде негізгі капиталға 640 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім 21,7 пайыз болған.
Н.Нәлібаев экономиканы әртараптандыруда атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды. Мемлекет басшысының Қатар мемлекетіне жасаған іссапары аясында келісілген, құны 800 млрд теңгені құрайтын, қуаттылығы 1100 мегаваттық бу-газ қондырғысы жобасын, «Шалқия» қорғасын-мырыш кенішін қайта жаңғырту мақсатында салынатын жаңа кен байыту комбинатын, неміс технологиясы бойынша жылына 220 млн дана шыны бөтелке шығаратын, тұрмыстық қатты қалдықтар өңдейтін зауыт құрылысы туралы айтты.
Кейінгі екі жылда мемлекетаралық келісімдер жемісін беріп, Арал теңізіндегі су көлемі көбейді. Бұл балық шаруашылығының дамуына, экологиялық ахуалдың жақсаруына оң ықпал етті. Су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану арқылы өткен жылы ауыл шаруашылығы дақылдарынан мол өнім алынды. Жарты миллион тоннаға жуық күріш жиналды.
Аймақ басшысы «Ауыл аманаты» жобасына, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ерекше басымдық берілгенін атап өтті. Мәселен, өңір тұрғындарын сапалы ауызсумен қамту көрсеткіші – 98,6 пайыз, биыл барлық елді мекен сапалы ауызсумен 100 пайыз қамтылады. Газбен қамту деңгейі 78 пайыз, биыл 83 пайызға дейін жетеді. Өңірдегі жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 92 пайыз, биыл 329 шақырым жол жөнделіп, көрсеткіш 95 пайыздан асады.
«Қорқыт Ата әуежайының» жаңа терминалының, заманауи үлгідегі жаңа автовокзалдың қолданысқа берілуі, теміржол вокзалының қайта жаңғыртылуы, облыс орталығындағы жолаушылар тасымалы мәселесінің түбегейлі шешілуі аймақтың көлік инфрақұрылымын өркендетті.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен 5 білім ордасы пайдалануға берілді, 5 мектеп жаңа оқу жылына дейін табысталады. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен 28 нысан салынды. Тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға 2500-ден астам жаңа пәтер табысталды.
«Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясындағы «Үлгілі елді мекен» конкурсының жеңімпаздарына тұрмысқа қажетті техникалардың берілуі, қайта жаңғыртудан өткен Қызылорда қаласының орталық алаңы, аудандардағы демалыс орындары тұрғындар игілігіне айналды. Биыл жаңартылып жатқан бірнеше саябақ та халық жиі бас қосатын орын болмақ.
Құрылысын түркиялық инвестор «Aksa Energy» салып жатқан, қуаты 240 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығы, Қызылорда қаласын ыстық сумен қамтамасыз ету, республикалық маңызы бар «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолын қайта жаңғырту, Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі 566 шақырым жолды 1-санатқа ауыстыру – халық күткен бірегей жобалар.
Облыс әкімінің баяндамасынан соң, Мемлекет басшысы атқарылған істерге оң бағасын беріп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалы тұрақты екенін атап өтті.
– Аймақ диқандары су тапшылығына қарамастан, биыл айтарлықтай мол күріш жинады. Басқа да бағыттар бойынша жұмыс нәтижесі жаман емес. Бірақ босаңсуға болмайды, –деді Президент.
Өңірдің дамуға бағыт алған жаңа жолында әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын одан әрі күшейту, Президент тапсырмаларын орындау сияқты міндеттер тұр. Алдағы жылы қазақтың төрт астанасының орнындағы, ұлттың «қазақ» атауы қайтарылып, тарихи әділдік орнаған Қызылорда қаласында Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтеді.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<