Үй кезегі қалай жылжиды?

288

0

Сурет ашық дереккөзден

Өңірде жыл өткен сайын зәулім ғимараттар мен жаңа үйлер бой көтеріп, қоныс тойын тойлаушылардың қатары көбейіп келеді. Оның қатарын жуырда ғана Сырдарияның сол жағалауында салынған 470 пәтерлік 10 көпқабатты тұрғын үй толықтырып, той тойға ұласқаны белгілі. Салтанатты ашылу рәсімінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мемлекеттік қолдау мен ұлттық жобалар аясында аймақта соңғы екі жылда 4 мыңға жуық пәтер табысталып, 17 мың тұрғынның баспана мәселесі шешілгенін тілге тиек етті.

– Өңірде жыл басынан бері 900-ден астам отбасы қоныс тойын тойлады. Биыл мемлекеттік бюджеттен бөлінген 34 млрд 100 млн теңгеге 2,5 мыңнан астам пәтер беріледі. Осылайша тұрғын үй құрылысы көлемі 126 пайызға өсті. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ былтырдан бері шырайлы шаһарда 7, 9, 12 қабатты баспаналар сап түзей бастағанын жеткізді. Қала аумағының кеңейіп, осында қоныс аударып, тұрақтап қалғандардың көбеюіне байланысты үй кезегін күткендер де жетерлік. Қызылорда қалалық тұрғын үй инспекциясының мәліметіне сүйенсек, бүгінде облыс орталығында баспана кезегін күткен 25 мыңнан астам адам бар.

Өткен жылы кезек реттілігін түгендеу жұмысы жүргізіліп, нәтижесінде 2681 адам кезектен шығарылған. Басым бөлігі басқа қалаға көшіп кеткен, енді бірінің меншігінде тұрғын үй болуы және азаматтың статусының жойылуы әсер еткен.

«Тұрғын үй қатынастары туралы» заң бойынша жергілікті атқарушы органдар коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж адамдар есебі 6 топ бойынша жүргізіледі.

Олар:

1) Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары;

2) жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

3) «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілері бар немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар;

4) халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары (оның ішінде Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілгендер, І, ІІ топ мүгедектері, мүгедек бала тәрбиелеуші, толық емес отбасылар, оралмандар, зейнеткерлер, мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді, әскери қызметті орындау, адам өмірін құтқару, құқық тәртібін қорғау кезінде қаза тапқан адамдардың отбасылары, заңнамада белгіленген тәртіппен бекітілетін аурулар тізімінде аталған кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын, экологиялық апаттардың, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарынан баспанасынан айырылған адамдар, басқа мемлекеттер аумағындағы жауынгерлік іс-қимыл ардагерлері);

5) мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, әскери қызметшілер және мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратындар;

6) жалғыз тұрғын үйі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған азаматтар.

Осы санаттардың біріне сәйкес келген жағдайда кезекке тұру үшін міндетті түрде Қызылорда қаласында тұрғылықты тіркелген болуы, соңғы 5 жыл ішінде жеке меншігінде үй болмауы керек.

– Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және кезекке қою, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй беру туралы шешім қабылдауы «Kezekte.kz» ақпараттық жүйелер платформасындағы «Shanyraq» ақпараттық қызметінде жүзеге асырылып келеді. Кезекке қою қызметі қазіргі таңда толықтай автоматтандырылған және «Kezekte.kz» сайтына орналастырылған. Ол жерден кез келген уақытта тұрғын үй алу кезегін, кезекте тұрған басқа азаматтардың тізімін көруге болады. Сонымен қатар отбасы құрамына және басқа да деректеріне өзгерістер енгізе алады, – дейді қалалық тұрғын үй инспекциясының басшысы Абзал Рысбек.

Егер кезекке тіркелген тұрғын басқа жаққа көшіп кеткен немесе өмірден өткен жағдайда «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 70-бабына сәйкес оның кезек реттілігі өзімен бірге тұрған отбасы мүшелеріне ауыстырылады. Ал отбасы құрамына өзінен басқа ешкім тіркелмеген жағдайда кезектен шығарылады. Бірге тіркелген болса, кезек реттілігі өзімен бірге есепке тұрған азаматпен алмастырылады.

Тұрғын үй жалдау шартына сәйкес арендалық тұрғын үйлерді басқа азаматтарға жалға беруге болады. Ол үшін www.gosreestr.kz сайтына жалдау шарты, ай сайын арендалық төлемі тіркеліп отырады. Егер арендалық төлем ай сайын жүргізбесе, күніне 0,1 пайыз өсімпұл есептеледі және ол өндіріледі.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<