Үкімет отырысында азық-түлік тауарлардың бағасын тұрақтандыру мәселесі пысықталды

476

0

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен селекторлық мәжіліс өткізіліп, әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлар бағасын тұрақтандыру мәселелері қаралды.
Жиынға тиісті сала басшылары мен барлық өңірдің әкімдері қатысты.

Жауапты мемлекеттік орган басшылары өңірлерде азық-түлік бағаларына талдау жасап, негізсіз баға өсіруге бағытталған жұмыстарды баяндады. Оның ішінде, арнайы өңірлік комиссиялар сауда орындарын аралап, «үй маңындағы» дүкендердің бағаларын тексергенін айтып, тексеру нәтижесімен тиісті әкімшілік шара қолданылатынын жеткізді.
Кеңес қорытындысымен Үкімет басшысы өңір әкімдеріне өңірлік комиссиялардың жұмысын күшейтіп, негізгі азық-түлік тауарлардың бағасы бойынша апта сайын ақпарат ұсынуды тапсырды.

Жиыннан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев азық-түлік өнімдердің бағасын негізсіз қымбаттатуға қарсы іс-шара қабылдау және аймақтық әлеуметтік маңызды тауарлардың құнын қатаң қадағалау бойынша тапсырмалар берді. Тауар құнын заңсыз көтеретін делдалдарды уақытылы анықтап, жауапкершілікке тартуды міндеттеді. Сондай-ақ, аймақ басшысы биыл тәжірибе ретінде қолға алынып, жақсы нәтиже берген көкөністер мен бау-бақша өнімдерін егуге ниет білдірген отбасыларға ауылдар мен қала маңындағы аумақтардан жер телімдерін беру жұмысын жалғастыру қажеттігін атап өтті.
«Жергілікті тұрғындарды қолдап, оларға қосымша табыс табуға мүмкіндік беру мақсатында келер жылы да егіншілікпен айналысу үшін жер телімдерін беру керек. Жерді дайындап, суармалы сумен қамтамасыз ету үшін насос қондырғыларын орнату керек. Мүмкіндігі бар, адал еңбегімен отбасын асырауға ниет білдірген азаматтарымызға жағдай жасап берейік.

Жанұясын күнделікті тұтынатын өніммен қамтып, артығын сату арқылы қосымша табыс тапсын. Қажет болған жағдайда, оған жанар-жағармайға дейін бәрін әкеліп, артылған өнімін өзіміз-ақ сатып алайық, оны сақтау үшін қосымша қоймалар да дайындалуда. Қазірден бастап жұмысқа кірісуіміз керек, тұрғындарды ақпараттандырып, мұндай игі іске жұмылдыру – алдымен өз қолымызда», – деді аймақ басшысы.

Жиынды қорытындылай келе, Н.Нәлібаев «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация басшысына осы уақытқа дейін мемлекеттен жаңа өндіріс ашуға қаражат алып, жұмысы тоқтап қалған жобаларды анықтап, қаржысын бюджетке қайтаруға ықпал етуді, ал қала, аудан әкімдеріне тиісті басқармалармен бірлесіп, жаңа жобаларды ұсынуды тапсырды және оның ішінде кем дегенде 6-7 ірі индустриялық жоба болу керектігін қатаң ескертті.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<