Кеше ҚР Үкіметі құрамында ауыс-түйістер болды. Мемлекет басшысының Жарлығымен бес министр жаңадан тағайындалды.
ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Экология және табиғи ресурстар, Әділет, Оқу-ағарту, Мәдениет және спорт министрліктерінің ұжымдарына жаңа басшыларды таныстырды.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болып 35 жастағы Марат Қарабаев тағайындалды. Ол 2021 жылдың шілдесінен бері индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі болған. Әр жылдары ауыл шаруашылығы министрлігі, индустрия және жаңа технология министрлігі, көлік және коммуникация министрлігінде түрлі қызмет атқарған. Ташкент автокөлік-жол институтын, Ұлыбританиядағы Уорик университетін және Тараздың Дулати атындағы мемлекеттік университетін тәмамдаған.
Оқу-ағарту министрі қызметіне 53 жастағы Ғани Бейсембаев тағайындалды. Ғани Бейсембаев 2022 жылдың наурызынан бастап оқу-ағарту министрінің орынбасары болған. Қызылорда облысы Шиелі ауданында автоклуб меңгерушісі, қазақ тілі пәні мұғалімі болып істеген. Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясын басқарған.
32 жастағы Зүлфия Сүлейменова экология, геология және табиғи ресурстар министрі болып тағайындалды. Ол 4 қаңтарда қызметінен босатылған Серікқали Брекешовті алмастырды. Зүлфия Сүлейменова 2022 жылдың наурызынан бері экология министрі орынбасары қызметін атқарды. Оған дейін Президент жанындағы қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері болған, БҰҰ даму бағдарламасында еңбек еткен. Астанадағы Еуразия ұлттық университетін, Жапониядағы саяси зерттеулер институтын тәмамдаған.
Мәдениет және спорт министрі қызметіне 32 жастағы Асхат Оралов тағайындалды. Ол 2022 жылдың ақпанынан бері «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы болған. Оған дейін Павлодар облысы әкімінің орынбасары, ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары, Нұр-Сұлтан (қазіргі Астана) қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.
43 жастағы Азамат Есқараев әділет министрі болып тағайындалды. Қаңтар оқиғасынан кейін әділет министрі болып тағайындалған Серік Мусин өткен аптада бұл қызметтен босатылып, жаңадан құрылған конституциялық соттың судьясы болып тағайындалған еді. Азамат Есқараев 2019 жылдың шілдесінен бері премьер-министр кеңсесінде заң бөлімін басқарған. Оған дейін әділет министрлігінде түрлі қызмет атқарған.
Жаңа Үкімет мүшелерінің арасында жасы отыздан енді асқандары, тәуелсіздік жылдары білім алғандары бар. Көбі биліктің басқа тармақтарынан ауыспай, бұған дейін сол сала басшыларының орынбасарлары қызметін атқарған. Министрлікте бірінші басшы ретінде жаңа есімдер. Дегенмен, екінші жағынан, бұл – саяси ортада әлеуметтік лифттің жетіле түскені мен билік кадрлары жаңаруының көрінісі.
Айта кетсек, апта басында ҚР Үкіметінде бірқатар өзгерістер орын алды. Премьер-министр кеңсесі Үкімет аппараты ретінде қайта құрылып, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қайта ұйымдастырылды. Сондай-ақ, өкілеттіктерді мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы орталықсыздандыру туралы заң жобасы Президент әкімшілігіне келісуге енгізілген. Оған сәйкес, Үкіметтің 500-ден аса функциясы министрліктер мен әкімдіктерге беріледі.
***
Кеше Мемлекет басшысы жаңадан тағайындалған министрлерді қабылдады.
Кездесулер барысында Президент министрліктердің жауапкершілігіндегі мемлекеттік және салалық бағдарламаларды, ұлттық жобаларды тиімді жүзеге асырудың маңыздылығына назар аударды.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<