Үлгілі елді мекендер анықталды

320

0

Сейсенбіде Қызылорда қаласының «Тағзым» алаңында «Үлгілі елді мекен» конкурсының жеңімпаздарына, «Қызылорда электр тарату тораптары» АҚ мен «Қызылорда тазалығы» ЖШС-на автокөліктер табысталды. Бұл іс-шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ел ағалары, сала мамандары және қала тұрғындары қатысты.

– Жыл сайын Президент бастамасымен елімізде «Бірге: Таза Қазақстан» экологиялық акциясы тұрақты түрде өткізіліп келеді. Биыл акцияға облыстың 11 мыңнан астам тұрғыны ерікті түрде қатысып, туған жердің тазалығын сақтауға үлес қосты. Осы ретте ауыл-аймақты көркейтуге, көгалдандыруға белсенді қатысатын елді мекендерді ынталандыруды қолға алдық. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 1 млрд теңгеге жуық қаржы бағыттап, «Үлгілі елді мекен» конкурсын ұйымдастырдық. Биылғы бірінші жартыжылдықта өткен конкурсқа аймақ халқы белсенді қатысып, жеңімпаз 6 елді мекенге күнделікті тұрмысқа ең қажетті деген заманауи үлгідегі 14 арнайы техника берілді. Облыс тұрғындарының белсенділігі ескеріліп, конкурс күзде екінші мәрте ұйымдастырылды. Ауыл-аймақтың ажарын айшықтап, келбетін көркем етуге бағытталған конкурс аудан орталықтары мен ауылдар арасында дәстүрлі түрде жалғасады, – деді аймақ басшысы құттықтау сөзінде.

Үлгілі елді мекендерді анықтауға азаматтық қоғам өкілдерінен құралған комиссия мүшелері атсалысты. Нәтижесінде Сырдария ауданы Бесарық ауылы «Үлгілі ауыл» номинациясы бойынша үздік деп танылса, Қармақшы ауданының Дүр Оңғар және Жаңақорған ауданы Жаманбай батыр ауылдық округіне қарасты Бесарық ауылдары жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Ал «Үлгілі аудан орталығы» номинациясы бойынша Шиелі кенті үздік деп танылды.  Екінші орынға Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кенті орналасса, Арал қаласы үздік үштікті түйіндеді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге барлығы 15 техника табысталды.

Одан бөлек «Қызылорда электр тарату тораптары» мекемесіне құны 200 млн теңге болатын 16 автокөлік және «Қызылорда тазалығы» ЖШС-на 434,5 млн теңгенің 7 аралас жол көлігінің сертификаты табысталды.

Қоғам қайраткері, Қызылорда қаласының және Қазалы, Арал аудандарының Құрметті азаматы Айтбай Көшербаев жерлестерін құттықтап, игі тілек білдірді.

– Бүгінде тазалық, көркейту-көгалдандыру мәселелеріне тұрақты назар аударылып келеді. Көктем-күз мезгілінде тиісті іс-шаралар жүзеге асады. Сол арқылы ауылда тазалық мәселесі дұрыс жолға қойылды. Бізге берілген техникалар арқылы ендігі кезекте сол игі істерді жалғастыра береміз, – деді Бесарық ауылы әкімінің міндетін атқарушы Ғалымжан Қаюпов.

Еске салсақ, бұған дейін облыс орталығындағы қоғамдық көлік мәселесін шешу үшін 300 автобус сатып алуға келісім-шарт жасалды. Мұнан бөлек, мектеп оқушыларына 30 автобус, денсаулық сақтау саласына 45 жедел жәрдем көлігі, орманшыларға 95 техника, құқық қорғау органдарына 92 және ветеринария мамандарына 30 қызметтік автокөлік берілді.

Ендігі кезекте облыстық бюджеттен «Қызылорда электр тарату тораптары» компаниясы мен жылу-электр орталығына 943 млн теңгеге арнайы техникалар сатып алынады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<