Үлкенге құрмет үлгісі

511

0

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты №1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында Халықаралық қарттар күніне орай «Қариялы ел – қазыналы ел» атты шара өтті.

Алдымен қонақтар орталықтың тыныс-тіршілігімен танысып, қызмет алушылардың қолөнер бұйымдары көрмесін тамашалады.

Мерекелік шараға облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев қатысып, ардагерлерді құттықтады.

– Тәжірибесі мол аға буынның өмір жолы – біз үшін өнеге. Сондықтан xалқымыз ертеден-ақ үлкенге құрмет көрсетуді өсиет етіп, ұрпақтар арасындағы сабақтастыққа, үйлесімге ерекше мән берген. Қазыналы қарттарымыздың қатары ортаймасын. Сіздерге зор денсаулық, бақ пен береке тілеймін, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Шарада «Дәулет Азия» ЖШС демеушілігімен 163 қызмет алушыға сый-сияпат табысталды. Айта кету керек, бұл серіктестік 7 жылдан бері орталыққа көмек қолын созып келеді.

– Біздің компания 2012 жылы құрылды. Мұнай қалдықтарын өңдеумен айналысамыз. Қазір серіктестікте 70 адам жұмыс істейді. Айтайын дегенім, 2015 жылы жұмысымыз бір ізге түсті. Сол уақыттан бастап, Қарттар үйі, балалар үйі, сал ауруымен ауыратын балаларға және өзге де көмекті қажет ететін оңалту орталықтарына жәрдемдесіп келеміз. Атаулы күндер мен мерейтойларда, жыл бойы жалғасатын мерекелерде аталған мекемелердегі жандардың қажет заттарын алып береміз. Қарттар үйінің қызметкерлері не қажеттігін айтты, бүгін біз сол заттарды тарту ретінде ұсындық. Бұл шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады,  – деді компания құрылтайшысы Талғат Дәулетов.

Орталықта ұйымдастырылған «Алтын күз» жәрмеңкесінде түрлі ұлт өкілдерінің тағамдары таныстырылып, келген қонақтарға ыстық бауырсақ таратылды. Сондай-ақ өнерпаздар ән мен күйден шашу шашып,  қатысушыларға мерекелік көңіл күй сыйлады.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<