Үлкенге құрмет үлгісі

656

0

Астанада «ҚТЖ» ҰК» АҚ ХІІ республикалық жастар форумының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Еліміздің барлық өңірінен келген 250 жас теміржолшының басын қосқан дәстүрлі шараны ұлттық компанияның әлеуметтік саясат департаменті ұйымдастырды. Форум жас қызметкерлердің зияткерлік әлеуетін арттыруды, оларды қоғамдық мәселелерді шешуге тартуды, кәсіби, әлеуметтік және мәдени байланыстарды нығайтуды көздейді. Оған әртүрлі байқаулар мен жобалардың жеңімпаздары, белсенді жастар қатысты.

«Сексеуіл» локомотив пайдалану депосы бастығының өндіріс жөніндегі орынбасары, аудандық мәслихат депутаты, «100 жас есім» жобасының жеңімпазы Еркебұлан Аяғанов «Жыл волонтері» байқауының қорытындысымен «Үлкендерге қамқорлық» номинациясы бойынша І орынды иеленді. Мерейлі марапатты «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қанат Алмағамбетов табыстады. Сонымен қатар ол облыстық «Үздік волонтер» номинациясын жеңіп алды.

Қарттарға барынша жанашырлық көрсетіп, қолдаудан қол үзбеген азамат 2020-2021 жылдар аралығында «Жеңіс» республикалық жобасының Арал ауданы бойынша аймақтық үйлестірушісі болған. Арал ауданының 9 ауылы бойынша 150-ден астам рейд ұйымдастырған.

Ал биыл Сексеуіл кенті ардагерлерін газетке тегін жаздырып, қарттардың отбасын көмірмен қамтамасыз етті. Зейнеткерлерге мұқтаждығына қарай дәрі-дәрмек, азық-түлікпен көмек көрсетті.

Елорда төрінде қаншама адамның арасынан топ жарып, үздік деп танылған Еркебұлан Бауыржанұлы қарттарды қадірлеумен қатар, елдің сөзін сөйлеп келе жатқан жан екенін дәлелдеді. Бүгінде Сексеуіл кентінде көптеген маңызды мәселе шешімін табуда. Осы түйткілдерді дер кезінде көтеріп, оң шешімін табу жолын ұсынып жүрген жан жастарды да әрдайым қолдайды.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<